Қайырымдылық жасау – сауапты іс
Қайырымдылық жасау – сауапты іс
Қазір ХХІ ғасыр болса да, ата-бабамыздан мирас болып қалған салт-дәстүр мен наным-сенімдердің мұртын бұзбай, әлі күнге дейін берік ұстанып келеміз. Қолдан келгенше бір-бірімізге көмек беріп, қол ұшын созудан алшақтақтап кеткеніміз жоқ. Әрине, бұл — қуантарлық жағдай. Ал, сол бір салт-дәстүр мен имандылық иірімдерін полиция қызметкерлері де ұстанады дегенге көпшілігіміз сенбеуіміз мүмкін. Себебі, біздің елде құқық қорғау қызметкерлеріне деген көзқарас дұрыс бағытта өрбімей отырған жайы бар. Дейтұрғанымен, айтар сөзімізге илануыңызға тура келеді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысына сапалы өзгерістер керек екендігін жеткізген еді. Ел Президенті өз сөзінде: «Қауіпсіздік тұрмыс сапасының ажырамас бөлігі болып саналады. Бүгінгі қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр. Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек,» — деген болатын. Жуырда Қарақыстақ ауылдық округінде орналасқан облыстық туберкулез дертіне шалдыққан балаларды емдейтін орталыққа қол ұшын созған аудандық полиция бөлімінің басшысы Досмырза Алашбаев басқаратын ұжым жоғарыда келтірілген Елбасы тапсырмасын бүгіннен бастағандай әсер қалдырды. Аудандық полиция бөлімі ұжым арасында ақылдаса келе орталықтың тәрбиеленушілеріне семіз қой етін тарту етуді ұйғарыпты. Полиция қызметкерлерінің игі бастамасын Қарақыстақ ауылдық округінің ақсақалдар алқасының төрағасы Бауыржан Намазбаев бастаған бір топ ауыл қариялары да құп көріп, қолдау білдірген.
Шындығына келгенде, дәл осындай сауапты істі ұйымдастыру көптеген ұжымның қолынан келе бермейді. Ал, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бұл бастаманы үш жыл қатарынан өткізіп келеді. Оны ауыл ақсақалдарының сөзінен аңғардық. Сонымен қатар, кездесу соңында ақсақалдар қылмыскерлерге қатал қабақ танытып, қиын сәттерде қарапайым азаматтарға қол ұшын соза алатын аудандық құқық қорғау қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.