Орны бөлек қаламгер

143 Views

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Көзден кетсе де, көңілден  кетпейтін  жандар болады. Жұлдыздай ағып өтіп, небәрі 36 жас ғұмыр кешкен  қаламы қарымды   ж у р н а л и с т , с а т и р и к — ж а з у ш ы Басқарбек Битановтың  ұлттық әдебиет және журналистикасында алатын орны ерекше еді. Ол өзінің  қамшының сабындай қысқа ғұмырында  талантты қаламгер ретінде өз замандастарының  алдыңғы легінен табылатын  азамат екендігін танытып үлгерді.

Өнер атаулыға жақын, мектеп қабырғасында  жүргенде журналист болуды армандаған Басқарбек Жамбыл облысы, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылында дүниеге келді.
Анасы – Ұлтай мен әкесі – Әлтайдан ұлағатты тәлім-тәрбие алған Басқарбек бала кезінен алғыр,
өжет, еңбекқор болып өсті. Алтыншы-жетінші сыныпта оқып жүргендетырнақ алды мақалалары, өлеңдері, әңгімелері аудандық «Құлан таңы», республикалық «Қазақстан пионері»газеттерінде жиі жарияланып, тілші бала атанды. Кез келген музыка аспаптарында ойнайтын Басқарбек өзі оқып жүрген білім шаңырағында өтетін әртүрлі мәдени шараларға  белсене араласып, топ жарып жүрді.
 

Болашағынан үлкен үміт күттіретін  шәкірт ауылындағы сегіз жылдық  мектепті бітірген соң, аудан
орталығындағы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте білімін  жалғастырды. Өнер десе ішкен асын  тастап жүре беретін 9-шы сыныптың  оқушысы Басқарбек Битанов аудандық  Мәдениет үйінің жанынан «Сұлутөр»  ансамблін құруға белсене атсалысты.

1976 жылы орта мектепті жақсы  бітірген соң, болашақ қаламгер сол  кездегі Ленин атындағы колхоздың  бастауыш комсомол ұйымының хатшысы  және ауылдық Мәдениет үйінің
қызметкері ретінде туған ауылының  экономикасы мен мәдениетінің  өркендеуіне
үлес қосты.

Арман қуған талапты жас 1977 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы  Қазақ Ұлттық университетінің журналистика  факультетіне оқуға түсіп, студент атанды.

Алғашқы курста оқып жүргенде-ақ Басқарбектің  мақалалары, очерктері, әзіл әңгімелері республикалық  басылымдарда
жиі-жиі жарық  көріп, қалың оқырманның назарына  ілікті. Университет  қабырғасында да
көркемөнерпаздар  үйірмесіне қатысып, өнерпаз атанды.

– «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Басқарбек кез келген музыкалық  аспаптарда  шебер ойнайтын. Ол керемет  күйші еді. Басқарбектің   үлкен өнеріне Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі сазгер-күйші Нұрғиса  Тілендиевтің үлкен баға бергенін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.

Басқарбек университет қабырғасында  оқып жүргенде 1978 жылы Мәскеуде өткен студенттер мен
жастардың Дүниежүзілік фестиваліне  қатысты.

Бірге оқитын курстастары  Басқарбектің  жетістіктеріне  қуана қарайтынбыз. Ол студент  кезінде болашағынан үлкен үміт  күтетін сатирик-жазушы екендігін  дәлелдеп берді. 

Жалындап тұрған жас қаламгер «Құнсыз адам» атты сатиралық  повесть жазып, бұл тамаша туындысы  Баубек Бұлқышев атындағы Жастар  сыйлығына ие болды. Басқарбектің  жазғанынан жазары көп еді. Әттең, арамыздан ерте кетті, – дейді  Басқарбектің курстасы, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының  лауреаты Нұрғали Оразов өткен күндерді еске алып.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық   университетінің журналистика  факультетін бітірген талапты
жас Алматы облыстық «Жетісу»,  республикалық «Егемен Қазақстан»,  «Халық кеңесі», «Ауыл» газеттерінде  жемісті еңбек етті. Қаламы қарымды  журналистің жазған туындылары
қалың оқырманның көңілінен шығып,  республика өміріндегі өзекті мәселелерді көтере білді.

Басқарбектің энциклопедиялық  біліміне курстастары, әріптестері   таң қалып, таңдай қағатын. Ол
қазақ тарихының, ұлттық салт-дәстүріміздің,  әдет-ғұрпымыздың үлкен  білгірі болатын. Қазақ теледидары  ұлттық болмысымызды тереңнен  толғайтын қаламгерді хабарларға жиі
шақырушы еді.

Жу р н а л и с т і к    с а п а р м е н  Болгария, Қытай, Чехословакия
елдерінде болып, тарихи-танымдылық  және экономикалық  тақырыптарға  тұщымы мол мақалалары,  очерктері жарық көрді.

Жоғарғы оқу орнында жүргенде  сатира мен әзілге толы тұщымды  дүниелерімен көзге түскен Басқарбек  көп ұзамай-ақ найзасы үшкір, қылышы
өткір нағыз сатира сарбазына айналды. 

Қазақ сатирасында өзіндік қолтаңбасы  бар Басқарбек Битанов – фельетон  жанры бойынша әріптестері арасында  ерекше дараланып, қаламгерлік шеберлік  танытты.

«Социалистік Қазақстан» газетінде  «Мүйіз тұмсық», «Халық кеңесі»  басылымында «Қандауыр», «Ауыл»  газетінде «Әпшу» атты сатиралық  беттер ашып, өзі жүргізіп отырды.

2012 жылы белгілі журналист Қыдырәлі Қойтайдың құрастыруымен  т а л а н т т ы
с а т и р и к -жазушы Басқарбек  Битановтың  «Суретінен ғана    таниды» кітабы жарық көріп, повестері, әңгімелері, әзіл-әжуалары жарық  көріп, әдебиет сүйер қауым үлкен баға берді.

Иә, Басқарбектің күлкісі – басқаша күлкі еді. Ол 1980-1990 жылдары атағы дүркіреп тұрған
«Тамаша» әзіл-сықақ театрының белсенді авторы болды. 

Жаратылысынан әзіл-қалжың  үшін туған Басқарбектің қылық-әрекеті де күлкіге толы болушы  еді. Біреудің дауысын, мінез-құлқын
айнытпай салудың нағыз шебері  болатын. Әсіресе, ұстазы Темірбек  Қожекеевтің дауысымен телефон  арқылы талайды тысқырғанын жақсы білеміз. Осы күнге дейін сағынышпен
айтып отырамыз.

«Халық кеңесі» газетінің жауапты хатшысы болып жүргенде көрші  бөлмедегі Бас редактордың орынбасары Жұмабек Кенжалинге Темірбек  Қожекеев болып телефон соғады. Аман-саулықты сұрасып болған соң, Жұмабекке тиісе сөйледі.
– Әй, слушай, – деді ол – өзі болған қыз төркінін танымайды. Сен бізде бес жыл білім алғаныңды, біздің арқамызда Лениндік стипендиант атанып, депутат болғаныңды ұмытайын деген
екенсің. Әйтпесе, менің мақаламның  жатқанына екі ай болды, соны неге шығармайсың? – деп дүрсе қоя берді.

Жұмабектің ақталған дауысы  көрші  бөлмеден естіліп жатты. Бір кезде Басқарбектің «ойыны»  бары Жұмабектің де есіне түсті-ау  деймін, «Аға, тоқтай тұрыңызшы»  деп телефон тұтқасын қоя салады  да, жауапты хатшының кабинетіне жүгіріп кіріп: «Әй, Басқар, тұтқаны  таста. Осы сенің шығармайтының  жоқ, – дейді басын шайқап.

Басқарбектің қайраткерлігі, туған  жерге деген сүйіспеншілігі туралы  замандастары әрдайым тебірене  әңгіме қозғайды. Ол туған жер десе,  еміреніп тұратын азамат болатын.  Ізгілік атаулыға бір табан жақын  жүретін көкірек көзі ояу қаламгер адам  баласына жақсылық жасауға асығып
жүретін. 

Ел игілігі үшін жасалған игі шаралар  ешқашанда ұмытылмайды.

Кеңес дәуірі кезінде Қазақ ССР-нің астанасы – Алматыда екі ғана  қазақ мектебі болғаны ащы болса
д а ш ы н д ы қ . 1 9 9 0 ж ы л д а р д ы ң  басында қазақтың белгілі сатирик-жазушысы Шона  Смаханұлы бастаған бір топ қаламгерлер үлкен  шаһардан қазақ мектептерін ашу жөнінде үлкен жұмыстар жүргізіп, нағыз ұлтжандылық көрсете білді. Ұлт болашағы үшін атқарылған игі шаралардың бел ортасында белгілі журналист Басқарбек Битанов жүрді. Осы игілікті істердің арқасында сол жылдары Алматыда 25 қазақ мектебі ашылды.

Ел қадір тұтқан асыл азаматтың есімі ел есінде, халық жадында. Басқарбек Битанов дүниеден озған соң, туған ауылы – Көкдөнен ауылындағы көшенің біріне қаламгердің аты берілді. Аудан орталығы – Құлан ауылындағы Мәдениет үйінде Басқарбек Битанов атындағы әзіл-сықақ театры жұмыс істейді.

Қаламы қарымды белгілі журналист Луговой ауылының орталығы – Луговой кентінің бұрынғы тарихи атауы  Құланның қайтарылуына үлкен еңбек сіңірді.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі  қарсаңында Көкдөнен ауылында Басқарбектің балалық, жастық шағы өткен үйге мемориалдық ескерткіш тақта орнатылды. Астана, Алматы, Тараздан келген жазушылар, журналистер, Тұрар Рысқұлов ауданының зиялы қауымы, ауыл тұрғындары
қатысты.

Осы күні өмірден ерте озған, соңында үлкен істер тындырып, ізгіліктің жолдарын қалдырған Басқарбек Битановтың рухына арналып, құран  бағышталды.

Иә, «Жақсының аты өлмейді» деген  осы болса керек.

Құлан өңірінен түлеп ұшып, қияға қанат қаққан талантты  қаламгер Басқарбек Битановтың жарқын бейнесі ұмытылмайды. Ел жадында сақталады.

Басқарбектің жұбайы Тұрсынкүл Тоғашқызын Бейсенбектің қарашаңырағында кездестірдік. Бейсенбек – Басқарбектің туған ағасы болып келеді. Ол Тұрар Рысқұлов ауданында ауданның бас малдәрігері, аудандық малдәрігерлік лабораториясының директоры болып ұзақ жылдар жемісті еңбек етті. Еңбегі еленіп, ауданның Құрметті азаматы атанды.

Бейсекең соңынан ерген бауырын ерекше жақсы көрді, қол жеткен жетістіктеріне шын қуана білді, арқа сүйейтін азаматы болды. Бейсенбектің жұбайы – Базаркүл Әуесханқызы да туған қайнысы – Басқарбекті ерекше құрметтеп өтті.

Басқарбектің соңында қалған бай әдеби мұрасын, құжаттарын, құнды фотосуреттерін жинақтауда Бейсенбектің, Базаркүлдің және келіндері – Тұрсынкүлдің сіңірген
еңбектері орасан. Басқарбек пен Тұрсынкүл бір ұл, бір қыз сүйді. Ұлы – Мақсат бір әулеттің арқа сүйері еді. Тағдырдың салғанына не дейсің! Мақсат та өмірден ерте озып, небәрі
28 жасында қайтыс болды. Артында қалған ұлы – Әлімжан үлкен жігіт  болып өсіп келеді. Ерлі-зайыпты жандардың сүйіктісі – Алтынай жоғары білімді маман. Басқарбектің қос немересі Рахат пен Елхат жоғары оқу орнында білім алып жүр. Құдай қосқан сыңарынан ерте айырылған Тұрсынкүл күйеуін тебірене еске алды.

Артында ізгілік пен мол әдеби мұра қалдырған көрнекті қаламгер туралы деректі фильм  түсіру барысында ешкімді бей-жай қалдырмайтын деректерге тап болдық. Басқарбек дүниеден озардан он күн бұрын «Шер» деген өлең жазып қалдырыпты. 15 шумақтан тұратын сырға, мұңға толы өлеңдерді оқып шыққанда Басқарбектің көріпкелдігіне ерекше таң қаласың.
Бұл пәнидің мен де бір үзіндісі,
Көріп пе екен о дүние жүзін кісі.
Бәріміз де пендеміз жұмыр басты,
Айырмасы: бірі – ұзын, бірі – кіші.
Я алпыс, я жетпіс жас – өткел едің,
Бұл қалай сол ғұмырға жетпегенім.
Өмір-ай, сен не деген қатал едің,
Мен де саған сырт беріп өкпеледім.
Жасымнан мұратыма жеткен едім,
Тіл-көзден сақтан, шырақ, тек демедің.
Ескертсең менде де ес бар, ұғар едім,
Қидың ғой, қу желкемді текке менің…

Біз бұл жалған дүниемен қоштасатын  Басқарбектің ғажайып өлеңін ықшамдап алып отырмыз. Иә, біреу ерте, біреу кеш өтеді пәниден. Қалай десек те, Басқарбек бауырымыз
сұм ажалға қимайтын ерекше бір дарын иесі еді. Біз Құдай емеспіз, жұмыр басты пендеміз, қолымыздан не келеді?! Аллаға да жақсы адамдар керек деп, өзімізді жұбатамыз.

Жолымыз түскенде Көкдөнен ауылының биігінде жатқан Басқарбек бауырымыздың бейітіне барып, рухына арнап Құран бағыштаймыз. Осындайда көз алдымызға биік-биік армандарына
асыққан, адам баласына жақсылық, ізгілік жасауға құлшынған, дидарынан нұр шуағы төгілген Басқарбектің бейнесі елестейді. Кім білсін, мүмкін Басқарбек жаратқан Иеміздің біз сияқты жұмыр басты пенделерге жіберген ізгіліктің, жақсылықтың елшісі болар…

Болмысы бөлек талантты қаламгер Басқарбек Битанов туралы сөз қозғағанда осы ойлар жадыңа еріксіз
орала береді.

СУРЕТТЕ: Баубек Бұлқышев атындағы Жастар сыйлығының лауреаты Басқарбек Битанов.
АВТОРДАН: Жақында Халықаралық «Түркі әлемі» телестудиясы талантты сатирик
жазушы Басқарбек Битанов туралы  түсірілген деректі фильмді аяқтап,монтаждау жұмыстарына кірісіп кетті. Көп ұзамай-ақ айтулы  туынды көрермендерге жол
тартатын болады.

Поделиться ссылкой: