Көкпардағы қауіпсіздікті сақтау – ортақ іс

102 Views

Көкпар – көнеден келе жатқан дәстүрлі ойын. Ол – жай ғана ат жарысы емес, бұл – ел рухын оятар, жігіттің жігерін жанитын, ұлттық болмыстың мәйегі саналатын дода. Бір серкені сан аттылы қуып, белдесе тартып, қазандыққа жеткізу – сырт көзге ептілік пен қайраттың сайысы ғана болып көрінуі мүмкін. Алайда, оның астарында терең тарих, тұнған тәрбие, елдік рух жатыр.
Бүгінде көкпар – тек ауыл ішіндегі ойын емес, ел көлеміндегі үлкен спорттық шараға айналды. Облыстық, республикалық деңгейде өткізіліп жатқан додаларда елдің маңдайалды шабандоздары мен сәйгүліктері сынға түсіп жүр. Бірақ осы рухты жарыстың артында бір назардан тыс қалмауға тиіс маңызды мәселе бар. Ол – қауіпсіздік.
Көкпар – қатермен бетпе-бет келетін спорт. Бір серкені қуып, мыңның ішінен суырылып шығу үшін тек күш емес, батылдық, жауапкершілік қажет. Алайда, аттан құлаған шабандоздың бір сәтте мүгедек болып қалуы, аты сүрінген адамның жазым болуы немесе көрерменнің қатерге тап болуы – бұл ойынның көлеңкелі тұсы ғана.
Кейде көкпарды ұйымдастырушылар салт аттыларды жинап, алаң белгілеп, серке алып шықса болды деп ойлайды. Алайда бұл – үлкен қателік. Көкпар өткізу – салт емес, жүйелі ұйымдастыруды, нақты жоспарды және міндетті қауіпсіздік шараларын талап ететін жұмыс. Оны тек мықты шабандоздар емес, білікті мамандар мен жауапты құрылымдар бірге атқарғанда ғана абыройлы өтеді.
«Қауіпсіз көкпар үшін не керек?» дейсіз ғой. Бұл сұрақты да саралап, сараптап көрелік. Көкпар ұйымдастырылған жерде ең алдымен медицина қызметі болуы керек. Айналасы серке қуып жүрген аттылардан бос емес, шаң бораған алаңда шабандоз аттан құлап, жарақат алуы – уақыттың еншісі. Сондықтан жедел жәрдем көлігі мен дәрігерлер жарыс басталған сәттен соңғы минутқа дейін кезекшілікте тұруы тиіс. Полиция мен тәртіп сақшыларының қызметі де – аса маңызды. Қоғамдық тәртіп, көлік қозғалысы, алаң маңындағы қауіпсіздік, жанкүйерлер арасындағы дау-жанжал – мұның бәрі бақылауда болуы тиіс. Бір-бірімен кикілжіңге түскен екі ауыл азаматтарын ажырату – салт емес, заң талабы. Сондай-ақ, ветеринар мамандар, өрт сөндірушілер мен тазалық қызметі, төрешілер алқасы, жүргізуші дикторлар, жарыс шеңберінің шекарасын белгілейтін мамандардың да болғаны абзал.
Ең бастысы – көкпар арнайы белгіленген орында болуы тиіс. Оның өзінде ат шабатын орын мен жанкүйерлер арасы алшақ, әрі қоршалған болуы тиіс. Менің білуімше, мұндай талаптарға тек Тереңөзектегі атшабар ғана сәйкес келеді. Барлық талаптарды сәйкестендіруді ауылдық округ әкімдері үйлестіруі керек деп есептейміз.
Түйін: Біз көкпарды ұлықтаймыз, оны ұрпаққа насихаттаймыз. Бірақ оны қауіпсіз етіп өткізбей, ұлықтау – желге ұшқан сөз. Рух пен тәртіп егіз ұғым. Тәртіп жоқ жерде рух та әлсірейді. Көкпардың қадірін арттырамыз десек, алдымен қауіпсіздігін күшейтейік. Құдай сақтасын, бір ғана салғырттық – бүтін бір ұлттың қасиетті ойынына көлеңке түсіруі мүмкін. Сондықтан әр ұйымдастырушымен қатар, әр қатысушының да жауапкершілігі оянуы тиіс.
Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: