Жолдауға қолдау

623 Views

Келешекке кемел жол салу – біздің қолымызда

«Еліміздің болашағы жастардың қолында» деген Елбасымыз әр жолғы Жолдауында жастар мәселесіне ерекше тоқталып өтеді. Оның ішінде жастардың міндетті орта білім алуына, білімгерлердің сапалы біліммен сусындап, жоғары дәрежелі маман иесі атануына және олардың мамандық бойынша жұмысқа орналасуына айырықша көңіл бөліп келеді.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев2018 жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауында «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс» дей келе, 2019 жылды «Жастар» жылы деп жариялаған болатын.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де білгір жастардың қолында. Қай заманда болмасын қоғамның қозғаушы күші — жастар. Осы ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мен, сіздер, бүгінгі жастар ерекше ұрпақ екендеріңізді қайталаудан жалықпаймын. Сіздер Тәуелсіз Қазақстанда өмірге келдіңіздер және сонда ержетіп келесіздер. Сіздердің жастық шақтарыңыздың уақыты — біздің еліміздің көтерілу және гүлдену уақыты. Сіздер осы жетістіктер рухын және табысқа деген ұмтылушылықты бойларыңызға сіңіріңіздер», — деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды.

«Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман», — деп көрегендік танытқан Президентіміз жаңа Жолдауында білім беру жүйесінде қазіргі заманғы әдістемелер мен технологияларды енгізу мәселелеріне кеңінен тоқталды. Осы бағытта мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар жасау керектігін ескертті.

Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолдауында: «Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін жетілдірудің қорытынды кезеңі болады» деген межелі міндеттер қойып отыр. Сонымен қатар, жоғары білім беру ісінде де оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіліп келеді.

Міне, осындай зор мүмкіндікті пайдаланып, болашаққа берілген бағдарды барынша байыптылықпен басқарып, келешекке кемел жол салу — біздің қолымызда. Біз ата-баба аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі мақсат – сол тәуелсіздікті одан әрі гүлдендіру, жандандыра түсу. Ол үшін білімді, тәжірибелі, әрі бастамашыл жастар керек. Елімізді көркейту, оны өзімізден кейінгі ұрпаққа жеткізу — біздің борышымыз.

Нұршат ЕРСАЙЫН.

Поделиться ссылкой: