Ақпараттық орталықтар ашылды
Ақпараттық орталықтар ашылды
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Жолдауында «Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл-маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты»,-деген болатын. Еліміздегі «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының 4 негізгі бағыты бар. Бірінші-ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін арттыру.
Жуырда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Мақпал, Көкдөнен, Құмарық ауылдық модульді балалар кітапханасы мен Қарақыстақ ауылдық модулді кітапханасында «Цифрландырылған ақпараттық орталық» ашылды. Цифрландырылған ақпараттық орталықтың мамандары тұрғындарға еgov.kz электрондық үкіметі арқылы қажетті құжаттарын рәсімдеп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысты кеңес беретін болады. Ал жыл соңына қарай, балаларын жоғары оқу орындарына, колледжге түсіру үшін қандай құжаттар жіберу керектігі жайлы да ақпарат бере алады және өздеріне керекті анықтамалар алуларына да болады. Бұл алыс ауылдардағы тұрғындар аудан орталығына барып, уақыт жоғалтпайды деген сөз. Айта кетейік, орталық компьютермен және интернет желісімен жабдықталған. Жалпы орталықта барлық санаттағы келушілерге жағдай жасалған. Ауылдарымызда ашылып отырған Цифрландырылған ақпараттық орталықтар – заман талабына сай. Әлемдегі дамыған елдердің кітапханасында ұсынылатын қызмет түрін қалың оқырманға енгізудің өзі-жаңару мен жаңғыруға бастаған үлкен қадамның бірі.
Н.ТОПАТАЕВА
аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің директоры.