1-тамыздан бастап Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы өтеді

169 Views

1-ші тамыз бен 20-шы қазан аралығында елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Қазіргі таңда үй шаруашылықтарын алдын ала аралау жұмыстары аяқталды.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихы туралы айтатын болсақ, 2006-2007 жылдары алғашқы ауыл шаруашылығы санағы өтті. БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (БҰҰ ФАО) халықаралық ұсыныстарына сәйкес, ауыл шаруашылығы санағы әр бес-он жыл сайын жүргізілуі керек. Бірақ Қазақстанда санақтың бұл түрі 2006-2007 жылдары ғана жүргізілді. Содан бері үлкен үзіліс болды. Ол кезде ауыл шаруашылық санағы екі кезеңде жүргізілді. Олар өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы. 2025 жылы барлығы бір мезетте өтеді.
Ауыл шаруашылығы санағы – бұл еліміздің аграрлық секторының құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау. Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет.
Санақ жүргізу және оның мерзімдері туралы шешімді Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылдады. Оны өткізу мерзімі ауылшаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және ауылшаруашылығы жылының қорытындылары бойынша өзекті деректерді алу қажеттілігін ескере отырып таңдалған.
Ауыл шаруашылығы санағына кімдер қатысады? Біріншіден, бұл – мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларында ауыл шаруашылығымен айналысатын шаруа немесе фермер қожалықтарын қоса алғандағы, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер.
Екіншіден, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар және /немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары. Ашып айтқанда, бұл бақшасы бар, өздері үшін төрт түлік ұстайтын, құс өсіретіндер және т.б.
Негізгі кезеңдер.
Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті Т.Рысқұлов ауданының статистика басқармасының басшысы Бакытжан Пірімқұлов мәлімдегендей, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы 1-ші тамыз бен 20-шы қазан аралығында онлайн және оффлайн этаптарында өтеді.
– Алдымен 1-31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz. сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Бүгінде сайт санақ жұмысымен танысу үшін жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары – барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады. Бұл әдіс өте ыңғайлы, сонымен қатар деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сайтқа кірген сәтте респонденттер жүйеге тіркеліп, ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы авторизациядан өтуі қажет. Сауалнама парағына кірген кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіштер көрсетіледі. Респондент көрсетілген көрсеткіштерді сол күйі қалдыра алады немесе оларды өзектендіре алады. Респондент толтырылған деректерін сақтап қойып, үзілістен кейін сол сауалнаманы толтыруын жалғастыра алатынын ескертеміз. Сауалнамадан өткеннен кейін респондент электрондық поштаға санақтан өткені туралы хабарлама алады.
Санақтан онлайн түрде өтуді ыңғайлы қылу үшін жергілікті әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімшелерінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады.
ЖШС, жеке кәсіпкерлермен шаруа-фермер қожалықтары сияқты шаруашылықтың барлық ұйымдастырылған нысандары сауалнамадан сайтта өз бетінше өтуі тиіс екенін ескертемін. Қызметі мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен байланысы бар өндірушілер санаққа қатысуға міндетті.
Егер респонденттің сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да сұрақтары туындаса, арнайы дайындалған жасанды интеллект арқылы жауап беретін Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгіне алады.
Сондай-ақ, 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңыраулар сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін, ал онлайн-сауалнама басталған кезеңде – тәулік бойы, аптасына жеті күн қабылданады.
Екінші кезең – интервьюерлердің үй шаруашылықтарын жеке-жеке аралауы 2025 жылдың 20-шы қыркүйегі мен 20-шы қазан аралығында өтеді, – деп сөзін жалғастырды Бақытжан Пірімқұлов. – Арада қалдырылған қосымша 20 күн сауалнаманы өз бетінше аяқтағандарды ескере отырып, үй шаруашылықтарының тізімдерін қалыптастыру үшін қажет. Осылайша, санақ респонденттердің барлық санаттарын қамтиды және ақпарат жинаудың барынша толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Санақ барысында ауданымызда барлығы 13684 үй шаруашылығын және 3358 ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарланған.
Санақ қызметкерлері барлық респондентті қамтуға міндетті. Қатысудан бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Біздің сұхбат берушілердің атрибуттары-бейсболка, жамылғы, ауылшаруашылық санағының символикасы бар портфель, планшет және QR коды бар куәлік.
Біз азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз. Өйткені бұл жай статистикалық шара емес, барлық азаматтарды қамтитын мемлекеттік маңызы бар іс. Өкінішке орай, бұл зерттеудің маңыздылығын бәрі бірдей түсіне бермейді. Халықтың мұндай есепке алудан қорқынышы бар. Қандайда бір себептермен, кейбіреулер бұл мәліметтер салық органына немесе басқа бақылаушы органға кетеді деп санайды. Есепке алу басқа мақсатта, атап айтқанда анықтау үшін жүргізіледі.
Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің құпиялығына және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануға кепілдік беретінін атап өткім келеді. Деректер респонденттің бастапқы деректерін ашпай-ақ, жиынтық түрде өңделеді және жарияланады. Бюро деректерді салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді деп растайды.

Жәнібек СҰЛТАН.

Поделиться ссылкой: