Құнсыз адам

224 Views

Кешкісін шырттай болып киінген Майкл мені көрдің бе дегендей мистер Лоуренс прокаттан алған қызыл түсті «Фордқа» жеткенше аяғын санап басып, асықпай жүрді. Көшеде арлы-берлі өткендерге қыр көрсетпекші болып еді, қырсық шалғанда қыбыр еткен жан жоқ екен. Ауа-райы да бұлынғырап, аспан асты түнеріп тұр. Жалпы, Америкада күн жадырап тұрса да жарқырап жүрген жандар көшеде сирек ұшырасады. Қатыңқы қабақ, тұнжыр кескін көпшілікке тән.
Жеңіл «форд» жер апшысын қуырып келеді. Көшедегі бір-бірімен құйрық тістескен машиналар легінен әзер шыққан бұлар қаланың шетіне іліккен соң қиястау тартты. Он үшінші километрдегі түйенің өркешіндей төбеден бір сүйірлей төмен түскен соң аласа бойлы аршалар қаулай өскен тауға қарай бет алды.
– Есіңде болсын, – деді қожайын алдыңғы жаққа тесіле қараған күйі. Сен менің бар-жоғы шоферімсің. Ал мына «форд» менің меншігім. Білдің бе? Біз губернатор Райттың вилласына бара жатырмыз. Сенің міндетің бару және қайту. Әңгіме-дүкенде шаруаң болмасын. Саған қойылған сұрақтарға өзім жауап беруге тырысамын. Түсіндің бе?
– Түсіндім, қожайын.
– Нені түсіңдің?
– Тілімді кесіп алып үйге тастап кеттім, қожайын.
Лоуренс қайтып үндемеді.Сыралғы болып қалған Майкл оның бір айтқанын қайталап жатпайтынын жақсы біледі.
Кеш қарайып, айнала апақ-сапақ бола бастағанда жолаушылар діттеген жерге жетті. Тау етегіндегі жазықтау жер жап-жасыл тал-терекпен көмкеріліпті. Бұлар тура губернатордың вилласына тартты.
Адамды қан шығармай өлтіретін қару ойлап тапқан мақтаулы инженер-физикті губернатордың өзі қарсы алды. Ол жақты келген, ұзын бойлы, жұтқыншағы жоғары-төмен жылжып тұратын сұсты адам екен.
Райт мырза жанында тұрған бүгінгі кештің басты себепкері – баласын бұларға таныстырды. Бой жағынан әкесімен шамалас, ел ішіндегі ең соңғы модамен киінген бұйрабас жігіт ізет білдіргенсіді. Келбетінде ақсүйектерге тән сарбаздық бар. Ас ішіп, аяқ босатудан артық жұмыс істеп көрмеген оның жүзінен уайым атаулының ізі де байқалмайды. Бірақ көздері сүреңсіз әйнек тәрізді, жан-жағына құлықсыз қарайды. Өзінің бүгінгі кешке деген көңіл қошы жоқ сияқты.
Бір топ марқасқаның ортасында тұрган Пептагонның өкілі Джонсон мен полковник Эльборт бұларды көрісімен бері қарай жүрді. Олардың соңынан әлгі нөкерлер ерді.
– О, мистер қош келдіңіз! – деді Джонсон мұны иығынан қағып. Губернатор мырза, сіздің құзырыңыздағы штаттан мынадай талантты патриоттың шыққанына өте қуаныштымын.
Губернатор өкілдің сөзіне қосылғандай Лоуренс бұрылып ізет білдірді. Күндізгі телефондағы әңгіме губернатордың қаймыжықтай қос ерні жымдаса қалған мына аузынан шықты дегенге сенбегендейсің.
Әуелгі губернатор мен Пентагонның пайғамбардың өкілі қошемет көрсететіндей «Мынау кім?» дегендей қонақтар бір-біріне қарасқан. Газеттің жарнамасынан хабарларды өзгелерге сыбырлап таныстырып жатты.
Майкл қожайынның жанынан бір елі қалмай жүр. Мистердің өз қалауы осындай. Сырттай бақылап тұрғандар оны Лоуренстің оққағары екен деп қалуы ғажап емес. Атағы дүңк ете қалған адамның өзіне оққағар жалдап алуы әбден мүмкін ғой.
Райт сағатына қарады да қонақтарын көзбен бір шолып өтті. Сосын манадан бері бұрышта бұйрық күтіп тұрған әлдебіреулерге иегімен ым қақты. Айт десе тұра ұмтылатын аңшының итіндей жылтыр сары кісі асаба болса керек, ортаға суырылып шығып тақылдай жөнелді.
Ол Америка Құрама Штаттарының ұлы держава екендігін,бүкіл дүние жүзіндегі халықтарға бостандық пен теңдік, еркіндік әперуді көксейтіндігін айтты. Қызылдардың шығыстан қауіп төндіріп отырғандығын, олардың шабуылын тойтару үшін қазіргі кездегі қолдағы бар қанатты ракеталар мен сүңгуір кемелерінің, континетаралық қарулардың аздық ететіндігін баса атап көрсетті. Европадағы көптеген мемлекеттер АҚШ-тан әскери көмек сұрайтындығын, оның ішінде өз территорияларына «Першингтер» мен «МХ» қанатты ракеталарын орналастыруға мұқтаж болып отырғандығын тілге тиек етті. Қол ұшын беруге қашанда әзір АҚШ әкімшілігі олардың тілектерін қанағаттандыруға тырысатындығын жеткізді. Сосын көпшіліктен сөзінің соңын аса мархабатты Президенттің: «Қарулану керек!» деген сөзімен аяқтауына рұқсат беруін сұрады.
Айнала тұрғандар шешенге құрмет көрсетіп, қол шапалақтады. Езулеріне қарыстай сигарет қыстырған, көйлек киді аты болмаса төстерін жабудың ырымын ғана жасаған ханымдар қол соғуға да ерінетіндей.
– Қарулану үшін!
– Президенттің денсаулығы үшін!
– Американың ұлы державаға айналуы үшін!
Топ-топ болып тұрғандардың хрусталь рюмкалары сыңғыр-сыңғыр етті. Ондай рюмкалардың бірі Майклға да тиген. Бармақтай ғана ыдысқа құйылған ішімдікті апан тәрізді аузына құя салған ол таңдайда қалған дәміне тамсанды. Сырашы келіншектің ромын мынаның қасында бақа мекендеген көлшіктен құйып алған қойыртпақтай сезілді.
Губернатордың вилласын бейне бір пейіш дерсің. Жалтыраған жиһаздан микроскоппен іздесең де тозаң таппағандайсың. Төбеге ілінген люстралардан төгілген нұр бөлмені жап-жарық еткені сонша, джентельмендерге наздана сөйлеген бикелердің қайқайған кірпіктерін санап алуға болатын сияқты. Кең бөлменің бір бұрышында кәдімгі шырша өсіп тұр. Үй ішіне шырша өскенін Майкл тұңғыш рет көрген еді.
Кенет Майкл өзіне тесіле қарап тұрған полковник Эльбортты байқап қалды. Анау бұған шегір көзін қадап, құдды бір базарға апарған малға қарағандай, басынан башпайына дейін шолып шықты. Жылқының жасын тісіне, сиырдың жасын мүйізіндегі сақинасына қарап анықтайды ғой. Мүйізі құрғыр Майклда жоқ, дегенмен анаған тісін ақсита күлген болды. Бірақ оған полковник міз бақпады. Мал болмағаныма шүкір, деп ойлады Майкл. Әйтпесе мынау менің қай жыныстың өкілі екенімді анықтау мақсатында шатыма қол жүгіртері анық.
Бір сәт Майкл жан-жағына жағалай қарады. Өңшең ақсүйектер. Араларында ақ көйлек, сұр костюм киген негрлер де бар. Байлық жағынан басқалармен терезесі тең түсетін сияқты. Жанындағы қылымсыған кәнизактардың құлағына әлдене деп сыбырлаған болады. Оның арғы жағындағы қалқан құлақтың түрі адам қызығатындай емес екен. Тапа-тал түсте талтайып тұра қалған адамның көлеңкесіндей бойы да мыртық. Құдай тағала біреуге бақ беремін десе бет-әлпетіне қарамайды екен ғой, – деп түйді Майкл.
Сол жақ бұрышқа таман таға тәріздес ең столдың иін столдың төңірегінде қыл мойынды бокалдардан түтік арқылы коктейль сорып, бес-алты бике отыр. Өзіне кім жылы қабақ танытса соның көңілін табуға әзір екендіктері сезіледі. Бұлар шамасы губернатордың әлде оның ұлының қонақтар үшін дайындаған «көңілашарлары» тәрізді. Негізгі, ақы-пұлын тәуір төлесе мұндай жерлерге тап болуға тырысатын бикештері Америкадан табу қиынға соқпайды.
Жылтыр сары асаба өзінің соңынан қонақтарды ертіп, губернатордың вилласын таныстыруға көшті. Майкл бейне-бір жұмақты аралап жүргендей болды. Қайда қарарын білмей әбігерге түсті. Өйткені қайда қараса да өңі түгілі түсінде көрмеген әсем әшекейлерден көзі қарығады. Әйтеуір Лоуренстің соңынан қалмай ілесіп келеді.
Бір кезде қонақтар сурет галереясына еніп кеткендей болды. Жылтыр сары мұзда жүрген гимнасттай ана жерден бір, мына жерден бір шығады. Жағы тынбай сөйлеп жүр.
– Мынау – Рафаэл. Оригинал деп қабырғаға ілінген үлкен суретті көрсетті. Онда бала емізіп отырған әйел бейнеленіпті. Осы тұрған бәріміз мынадай баладан бастап есейдік-ау деп ойлады Майкл. Бала күнімізде бәріміз де ұқсас едік. Ал қазір…
Төрт қабырғадағы картиналарға қызыға қарап келді. Суреттерде бейнеленгендердің бірі бұған тесірейе қарап: «Несіне таңырқайсың? Біз де адам болғанбыз!» – дегендей әсер етсе, енді бірі: «Қайран қайыршым-ай, қайт дейсің маған енді» деп мүсіркегендей болады. Мұртын шиыршықтап жоғары қайырған біреуі тіпті бедірейіп, айдалаға қарап қалыпты.
Жылтыр сары бұларға тағы бір суретті көрсетті. Губернатордың ұлы әуесқой суретші болса керек. Бірақ оның туындысы елікті буаз есекпен салыстырғандай екен. Классиктердің картиналарынан ләззат алған Майкл тыжырынып теріс бұрылды.
Қонақтар келесі бөлмеге өтті. Оның қабырғаларына жабайы үндістердің тұрпайы садағынан бастап осы заманғы қару-жарақтардың неше түрі қойылыпты. Қаз-қатар тізілген столдардың үстінде неше түрлі самолеттердің, вертолеттердің, қолтығының астына қанатты ракеталар алып ұша алатын бомбардировщиктердің, истрибительдің, шкот-мачталары ию-қию корабльдер мен линкорлардың, сүңгуір кемелерінің макеті қойылыпты.
– Губернатор мырза, – деді Джонсон. Сіздің мына коллекцияңызға бір нәрсе жетіспей тұрған сияқты.
Райт мырза Лоуренске қарады. Әңгіменің түп төркінін түсіне қойған Лоуренс оған:
– Жаңа қарудың алғашқы партиясының бірін сый ретінде қабылдасаңыз өзімді бақытты санар едім, – деп басын иді.
Губернатор келіскендей ізет білдірді. Лоуренс өзін бір пәсте отыз мың доллардан айырған Джонсонды іштей сыбап алды. Біреудің аузындағыны жырып алып, екіншіге тістелетіп жағынған жалтыр бастың түр-түсі күні үшін күнге айналуға бар күтуші – қызметшілердің жымиған пішінінен де сұмырай болып көрінді.
Әрине, губернаторға сәулелі қаруды сату ыңғайсыз. Оның үстіне айтқан сөз ұшқан құс емес. Қайта қондыра алмайсың. Лебізді жұтуға болмайды.
Әрбір макеттің төменгі тұсына оның аты жазылған тақта қойылыпты. Майклдың көзіне шалынған макеттердің барлығының аттарын оқи жүруге тырысты. А-6 «Интрудер», А-7 «Корсар», Ғ-15,Ғ-16 истребительдерді, «Блэк хок» вертолеті, «Индепенденс», «Эйзенхауэр», «Джон Ф. Кеннеди» авианосецтері, «Нью-Джерси», «Апова» линкорлары», «Трайдент», сүңгуір кемесі басқа да қарулардың макеттері сондай дәлдікпен, шебер жасалыпты. Мына ойыншықтарды балаларға таратып берсе ғой оларға аспандағы айды әпергеннен кем әсер етпес еді,– деп ойлады Майкл. Бірақ осы ойыншықтардың түп нұсқаларымен АҚШ әкімшілігі ойнап отырғандығы оның ойы түгілі қаперіне де кірген жоқ. Бір ғана «Трайдент» сүңгуір кемесінің бортында, ал ондай кеме Америка Құрама Штатында төртеу, континентаралық 24 баллистикалық ракета бар екендігін, олардың бірі ғана ортан қолдай мемлекетті қағаз бетіндегі қалам дағын өшіргендей көзді ашып-жұмғанша жоқ ете алатындығын қаңғыбас Майкл қайдан білсін. Ол ол ма, Америкада он бес авианосец барын, олардың әрқайсысы бір мезгілде 40 самолетті әуеге көтере алатындығын, әр самолеттің бауырында екі-үштен «Әулие Ажал» атанған ядролық қару бар екендігін қарыны тоқ болса, қайғысы жоқ болатын Майкл қайдан білсін? Жаңа макетті қызықтап қараған «Нью-Джерси» линкорының 16 дюймдық зеңбірегі әрқайсының салмағы 1200 килограмдық снарядтарын Ливан тұрғындарының төбесінен нөсерлете жаудырғанынан да Майл бейхабар еді. Оған Тынық мұхитында, Атлант мұхитында, Кариб теңізінде, жер бетін қаусыра құшақтап жатқан сулы аралдардың барлығында жүрген авионесецтердің адамзатқа қарсы ажал алып ұшатын қаруларын кез келген уақытта, кез келген нүктеге кезей алатындығы да беймәлім болатын.
Алайда Майкл сансыз макеттерді көрген соң жылтыр сарының қаруымыз аздық етеді деген сөзіне күмән келтіре бастады. – Құдай-ау, мұншама қарумен қызылдар түгілі жер басып жүрген бүкіл екі аяқ-төрт аяқтылардың топалаңын шығаруға болады, – деп ойлады ол. Су қараңғы соқыр Бэнс мына самолеттердің қайсысын тізгіндегені құрысын, жанарынан мәңгіге айырылып қайтты, ал марқұм ағасы болса екі тіреуінің бірін айдалаға қалдырып кеткені былай тұрсын, ақыры содан ажал тапты.
Вилланы жартылай аралап шыққан қонақтар бір кезде кең де жарық, тығыздап тықпаласа ішіне мың тұтқын сиып кететіндей бөлмеден бір-ақ шықты. Майклдың көзінен отын жарқ еткізген оның кеңдігі мен әсемдігі емес, дәл ортаға қойылған стол еді. Стол үсті неше түрлі ішімдіктерге, тәбетті қоздыратын алуан-алуан тағамдарға, шам жарығына шағылысқан ыдыс-аяққа лықа толтырылыпты. Майкл тумысында пешенесіне жазбаған қиял-ғажайып тіршілікті түсіне енгізген ұйқыдан оянғысы келгендей, өз санын өзі шымшып алды. Қарулы саусақтарды санын шым еткізді. Жоқ, бақса түсі емес, өңі екен. Майкл қожайынға қарады. Оның да дастарханға іштей құлап тұрғанын аңғарды. Нақ осы сәт Майкл өзінің бұ дүниеге келгеніне, осы күнге дейін әлдебір бір көпірдің астында асылып қалмай, екі аяқтылардың сапында жүргеніне шүкіршілік етті. Мынадай дастарханнан дәм ауыз тимей жарық дүниеден өту, бұл фәнимен қоштасу нағыз қылмыс болып есептелінетін шығар деп ойлады. Дәл осы кезде мойнына дорба асынған миллиондаған кезбелерден өзін кісі бойы биік сезінді. Бір сәттік өткінші уайымға салынып Лоуренстен біржола қол үзіп кете жаздағаны есіне түскенде жүрегі зырқ ете қалды. Өлер ағасы өлген екен. Оның артынан аттан салып ілесе кетудің қажеті қанша тәйірі?!
Жылтыр сары жұртты дастархан басына шақырды. Тағамға жетуге асығып тұрған Майкл қожайынның қасына жарбиып отыра кетті.
Күтушілер шөлмектердің тығынын ашып, рюмкаларды толтырды. Губернатор сөз сөйлейтін сыңай білдіріп, орнынан тұрған соң қонақтардың барлығы соған қарасты.
– Мырзалар, – деді губернатор. Дауысы өзінен өткен зілді екен.
– Бүгін міне, біздер менің ұлым Генридің жиырма бес жасқа толуына арналған кешке жиналып отырмыз. Арабтар бұл жасты екі мүшел дейді. Яғни біздіңше – ширек ғасыр.
Ол советтік қауіптің салдарынан ел ішінде абыржулықтың етек алғанын, жұрттың қорқыныш пен үрейден ауруға шалдығып жатқанын сөз етті. Оның арасына Совет Одағы стратегиялық мақсаттағы ядролық қару-жарақтарын космосқа шоғырландыруда дегенді тықпалады. Бірақ АҚШ-та әскери мақсаттағы «Шаттл» космос кораблінің ұшырылғаны жөнінде әрине тіс жармады. Ел ішіндегі дүрлігушіліктің қайнар көзі қайда екендігіне, оған әкімшілік жүргізіп отырған насихат жұмысының қаншалықты рөл атқарып отырғанына да назар аудармағансыды.
Райт мырза Никсон қол қойған ОСВ-1 және Картер қол қойған ОСВ-2 шарттарын орындаудан бас тартып отырған орыстардың теpic әрекетін қатты сынға алды. Ядролық қаруларды шектеуді жүзеге асыруда, оған бақылау жасауда Совет Одағының кереғap қылық танытып жүргендігін тістене тұрып жеткізді. Американ әкімшілігінің кез келген халықаралық жағдайды шиеленістірмеуге тырысып, қайта оны әділ шешуге ұмтылатындығын баса атап көрсетті.
Алайда оның айтқандарының көбi Майклдың құлағына кірмеген еді. Мұншама түpлi тағамды тумысында көрмеген байғұстың есіл-дерті дастарханда болып отырған. «Нейшн» журналының шолушысы американ әкімшілігі саясаттың қиын түйіндерін шешуге шарасыздық танытқан сәттерде оны әскери күшпен шешуге тырысатындығы туралы жазған еді. Әрине оны Майкл оқыған жоқ. Ақ үйдің көpнeктi бip қызметкері «Эй-би-си» телекомпаниясының тілшісіне берген интервьюінде: «Пентагон самұрықтарының кез келген нәрсені жұдырықпен бip-aқ шешуге қабілетті екендігін, бұл орайда АҚШ қарулы күштерінің жұдырығы үш дүркін Олимпиада чемпионы Стивенсонньщ жұдырығына қарағанда мың миллиард есе қатты соғатындығын есте ұстау қажеттігін» аса бip мақтанышпен айтқан болатын. Алайда әкімшілік бармақпен ғана баса салуға болатын Гренадаға жұдырық жұмсағанды epci санаған жоқ. Жүз мыңнан сәл ғана асатын халқы бар, не тұрақты армиясы, не теңіз флоты жоқ ат тоқымындай аралды жаулап алғанда Американың игі жақсылары Совет Одағына желкесін күдірейтіп, қыр көрсете қараған. Бipaқ итті сабап арыстанды қорқытудың peтi осы жолы келе қояр ма екен? Бұл жайттарды Райт мырза ecкi-кұсқыны сыртқа шығарып тастағандай, қажетсіз фактілер ретінде санасынан лақтырып тастаса керек.

Поделиться ссылкой: