Қылмыстық кодекстің ерекше бөлігіне 5 жаңа бап енгізілді

227 Views

(ҚК-нің 115-1-бабы, 232-1-бабы, 125-1-бабы, 352-1-бабы, 339-1-бабы).
Құрметті аудан тұрғындары!
Атап айтқанда:
1. ҚК 115-1-бап – Сталкинг, яғни қудалау.
Біреудің жеке өміріне қайта-қайта заңсыз араласу, артынан аңду, телефон арқылы немесе әлеуметтік желіде қудалау – енді заңмен жазаланады.
Әр адамның жеке шекарасы бар. Басқаның тыныштығына қол сұғу – заң бұзу.
2. ҚК 125-1-бап – некеге мәжбүрлеу.
Әйелдер мен қыз балаларды еркінен тыс некеге мәжбүрлеу әрекеттеріне заңмен тосқауыл қойылды. Кімде-кім біреуді зорлап, қорқытып, қысым арқылы некеге тұрғызса – қылмыстық жауапқа тартылады.
Неке – тек екі жақтың ерікті келісімімен ғана болуы тиіс.
3. ҚК 232-1-бап – «Дропперство», яғни бөтен адамның атынан банк карталарын ашу. Бүгінгі таңда алаяқтықтың жаңа түрі – дропперлік схемалар көбейіп келеді.
Алаяқтар кейбір азаматтарды банк картасын ашып беруге, сол карта арқылы қаржы аударымдарын жасауға көндіреді.
Бұл – қылмыс. Енді мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Өз атыңыздан карта ашып, оны басқа адамға беруге болмайды. Бұл – заң бұзушылық.
4. ҚК 339-1-бап – сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларды заңсыз пайдалану.
Қазақстан аумағында кейбір жануарлар мен өсімдіктер Қызыл кітапқа енген. Енді оларды аулау, сату немесе олардың бөліктерін заңсыз пайдалану әрекеттері қылмыстық жазаға әкеп соғады. Табиғатты аялайық! Әсіресе заңмен қорғалған түрлерге зиян келтіруге жол бермейік.
5. ҚК 352-1-бап – лазерлік бұзақылық.
Соңғы жылдары ұшақтарды лазермен соқыр ету оқиғалары жиілеп кетті. Мұндай бұзақылықтар ұшу қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Енді әуе кемесін басқаруға кедергі келтіретін кез келген әрекет – қылмыстық іс болып есептеледі.
Лазермен ұшаққа бағыттау – ойын емес, ауыр құқық бұзушылық!
Жаңа заңдар – қоғамның қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін қабылданған. Әрқайсымыз осы нормалармен танысып, өзімізді де, өзгелерді де құқық бұзушылықтан сақтай білуіміз керек. Аудан прокуратурасы, ішкі істер бөлімі және басқа да органдар түсіндіру жұмыстарын жалғастыра береді.
Заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың алғашқы қадамы.

Айбек Әуезбеков,
аудан прокуратурасының прокуроры.

Поделиться ссылкой: