Шәкірттерінің сүйікті ағайы

181 Views

Сұхбат алып болған соң, Ерлік Тоғанбайұлына жетістігі бар жанды жазғым келетінін айтқанымда, ол бірден Жүніс Бектемишевтің есімін атады. Жүніс Бектемишевтің шәкірттері де жеңіл атлетикадан әркез жүлдемен оралып жүр. Біз оның Молдаш Мұрат есімді шәкірті спорттық жүрістен Қазақстан чемпионы болғанда «Аламан» айдарында жазған едік. Естеріңізге түскен болар. Сол Мұраттың жаттықтырушысы осы Жүніс Бектемишев.
Жүніс Кенжеқұлұлы Каменка ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. 1972 жылы дүниеге келген. Жастайынан жеңіл атлетикамен айналысып, 1989 жылы «Спорт шеберлігіне кандидат» атағын да алған екен. Ауыл мектебінде жұмыс жасайтындықтан, ол тек сабақ беріп қана қоймай, сабақтан тыс та оқушыларды жеңіл атлетика спортына баулып жүр. Хуголь Елена есімді оқушы қыз болды. Ресейге қоныс аударып, қазір ересектер арасында жақсы жетістіктер көрсетіп жүр. Сол Елена Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің түлегі. Оған жеңіл атлетиканың қыр-сырын алғаш болып үйреткен де осы Жүніс Бектемишев. Елена жасөспірімдер арасында Қазақстанда көптеген жарыстарда топ жарды. Менің есімде, «Аламан» айдарында оны да көп жазғанбыз. Енді сол Еленадан кейін де Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебінен спортты жанына серік еткен оқушылар шығып жатыр. Себебі бұл мектепте өз жұмысына шын берілген, бәзбіреулер ұқсап жұмысқа барып-келіп уақыт өткізбей, оқушылардың жан-дүниесіне үңіліп, оларға дұрыс бағыт-бағдар бере білетін Жүніс Кенжеқұлұлы секілді білікті қызметкер жұмыс жасайды. Қазір осы мектептің оқушылары Мұрат Молдаш, Айару Кенжеқұл, Кәусар Төрағазы, Сәрсен Еркеназдар жеңіл атлетикадан Қазақстан біріншілігінде жүлделі болып жүр. Мұрат Молдаш жеңіл атлетикадан Қазақстанның 8 дүркін чемпионы. Осындай өз жұмысына адал нағыз еңбек адамдарын жұрт та білуі керек деген ойдамыз.
Кейбір жаттықтырушылар атақ сұрап, көрінген кабинетті жағаламайды. Олар аз әрине. Жүніс Бектемишев сол аздың қатарына кіреді. Өйткені ол өзінің адамдық құнын жақсы біледі. «Еңбек түбінде бәрін жеңбек» деген сөзді Жүніс Кенжеқұлұлы жас кезінен естіп келе жатыр. Және осы сөзді өзінің шәкірттеріне де әрқашан айтады. Ол түбінде солай болатыны анық қой. Сондықтан бастысы байлық, ақша табудың жолын қумай, болашақ ұрпақтың қамы үшін іс қылып жүрген Жүніс Кенжеқұлұлының еңбегі ерен деп білеміз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: