Білім басқармасының бағыты айқын

659 Views

Білім басқармасының бағыты айқын

Жуырда облыс әкімдігі Білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағамбетовамен арнайы кездесу өтіп, оған аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров бастаған сала мамандары қатысты. Ата-аналар да осы жиынға қатысып, өз пікірлерін білдірді.

Басқарма басшысы 2018 жылы облыс аумағы бойынша басқарманың атқарған жұмыстары жөнінде мәлімдей келе, алдағы оқу процесіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде айтып өтті. Өз сөзінде Рахия Сейітбекқызы «Күнделік.kz» сайты бойынша жұмыс жасаудың тиімділігіне тоқталды. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 қазандағы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған мәселелер, ел Президентінің білім саласы қызметкерлеріне қойған талаптары жөнінде әңгімеледі. Кездесу барысында жалақының өсуі мен «мұғалімнің мәртебесін көтеру» мәселесі де назардан тыс қалмады. «Бүгінде еліміз халықаралық стандартқа сай білім беру жүйесіне көшіп отыр, демек, педагогтарға қойылатын талаптар да одан әрі күшейе түспек» — деп қорытындылады сөзінің соңын Рахия Сейітбекқызы.

Жиын барысында өз пікірлерімен бөлісіп, көкейдегі сауалдарын жолдағандар да табылды. Ата-аналар тарапынан соңғы кездері желіні шулатып жүрген жаңалықтар жөнінде сұрақтар қойылды. «Оқушы сабақтан себепсіз қалатын болса, ата-ана құқықтық жазаға тартылуы немесе ірі көлемде айыппұл төлейді» деген қауесеттің рас-өтірігін білгісі келгендерге басқарма басшысы желідегі желдей ескен әңгіменің жалғандығын, білім министрінің ондай бұйрық шығармағандығын, тек бала 10 күннен аса сабаққа себепсіз келмесе ата-анасына түсіндіру жұмыстары жасалатынын, одан әрі қарай айлап келмей жатса, мектеп тарапы заң арқылы шешіп, арыз түсіруге құқылы екендігін айтты. Ал «мектеп жасындағы жасөспірімдердің сабақтан тыс уақытта жасаған құқық бұзушылық әрекеттеріне неге педагог мамандар жауап беруі тиіс? Инспекторлардың жұмысын ұстаздарға жүктеп қою мұғалімдердің міндеттемелерін қиындата түспейді ме?» — деген Ә.Бөкейханов атындағы орта мектеп мұғаліміне Р.Тұрмағамбетова:

– Әрине, бала тәрбиесіне бірінші орында ата-ана жауапты болғанымен, ұстаздар қауымы бұл міндеттен қай кезде де шеттетілмейді, — деп жауап қатты.

Салтанат ҚАРАСАЕВА.

 

Поделиться ссылкой: