ІСКЕР ӘКІМ – ҚАШАНДА ХАЛЫҚ ҚОЛДАУЫНА ИЕ

1 189 Views

ІСКЕР ӘКІМ – ҚАШАНДА ХАЛЫҚ ҚОЛДАУЫНА ИЕ

Сәрсенбі күні қалыптасқан үрдіс бойынша Ақбұлақ және Абай ауылдық округтерінің әкімдері жергілікті тұрғындар алдында өздерінің жылдық есептерін берді. Бардық. Тыңдадық. Ақиқатын айту керек, іштей «ауыл әкімдерінің барлығы осылай еңбек етсе екен» деген ойға қалдық. Әуелгі сөзді Ақбұлақ ауылдық округінен бастайық. Қызылшаруа ауылындағы №3 шағын орталықты орта мектепте өткен алқалы жиынға ауыл тұрғындары әдеттегідей көптеп жиналды. Ауыл әкімі Самат Атабаев мінбеге көтеріліп, 2018 жылы атқарылған ауқымды жұмыстардың жай-жапсарын бүге-шүгесіне дейін баяндап берді. Қайсібір жылы дәл осы мектепте өткен ауыл әкімінің есебінде қызылшаруалықтар «қызылкеңірдек» болып айтысқан еді. Биыл бәрі керісінше болды. Әкімдік қызметке жаңадан тағайындалған Самат Шорабекұлының іскерлігіне ауыл тұрғындары дән риза екендіктерін байқатты. Мәселен, ұлағатты ұстаз, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Тұрар Тілеубаев жарыссөз барысында мынадай сүбелі сөз айтты. «Құс ағашқа қонған кезде бұтақ сынып кетеді деп ойламайды. Өйткені, қанатына сенеді. Менің айтпағым, сол секілді, сенің де ішкі сенімің мықты болсын. Құдайға шүкір, «емен есікті кабинеттерді» тоздырып жатып, ауылға газ кіргізілді. Электр жарығы жанып тұр. Көшелерімізге шағал тас төселіп, асфальттануда. Еңбегің жана берсін. Табысты бол, қарағым» деді зейнеткер ұстаз. Содан соң сөз сөйлеген «Аққайнар» шаруа қожалығының басшысы Қазбек Сағындықов «Заманында Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбарымызға бір мұсылман:

–Жақсы адам деп кімді айтамыз,-деген сұрау тастапты. Сонда Пайғамбарымыз: «Елді сөзімен, ісімен қуанта білген жанды жақсы адам» десек жарасымды болады деген екен. Рас, айналасы 4-5 айдың ішінде Самат Шорабекұлы өзінің кішілігін, еңбекқорлығын көрсете білді. Бұл ауылға талай әкім келді. Солардың ішінде іскерлігінен гөрі сөзшеңдері көп болды. Жалаң сөзбен тірлік өнбейді. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. Сондықтан әрқашан тұрғындар пікіріне құлақ түргеніңіз жөн. Біз сіздің сөзге берік азамат екеніңізді байқадық. Лайым осылай болсын. Өз басым ауыл әкімінің есебін қанағаттанарлық деп есептеймін,-деді шаруа қожалық жетекшісі.

Бәйтелі ауылының тұрғындары да Самат Атабаевтың жылдық есебін тыңдап болған соң, әкімге өздерінің талап тілектерін айтты. Өз кезегінде Самат Шорабекұлы тұрғындар сауалының дені хаттамаға түсірілетінін ескертіп, өзекті мәселелер бойынша жұмыс жасайтынын жеткізді.

Шыны керек, көп мәселенің түйіні шешілген ауылдың бірі – Абай ауылдық округі. Рас, тіптен жоқ деуге де болмас. Ең бастысы, абайлықтар өзге ауыл

 тұрғындары секілді көгілдір отынның зардабын көріп отырған жоқ. Оның үстіне, ит жылы Абайда көптен бері сөз болып жүрген жастар үйінің мәселесі оң шешімін тапты. Сондықтан Абай ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында өткен Мұратбек Дәкенұлының есепті жиналысына жергілікті халық мұңдарын емес, ізгі тілектерін айтуға келіпті. Бір жарым сағатқа созылған есепті жиында алдымен Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбеков сөз алып, өткен жылғы атқарылған баянды тірліктерді сөз етті. Жарыссөзге шыққандар ауыл әкіміне ақ алғысын жеткізіп, қызметінің өркендей беруіне ниеттес екендіктерін білдіріп жатты. Соның бірі — кәсіпкер Төленді Көпбаев. Ол Мұратбек Арыстанбековтың батыл әрі нағыз еңбектің адамы екенін айтады. Ал желтоқсаншы Әділбек Қадырханов болса, өткен жылы өзі тұратын Қаныш Сәтпаев көшесіне асфальт төселгенін айта келіп, алдағы уақытта осы көшеге жарықшам орнатылса деген ұсынысын білдірді. Ауыл тұрғынының сауалына жан-жақты мысалдар арқылы жауап берген Мұратбек Дәкенұлы бұл мәселені басты назарда ұстайтынын жеткізді. Айтпақшы, Абай ауылындағы шаруа қожалық жетекшілері кез келген қайырымдылық шараларына белсене  араласып тұрады. Жиын соңында ауыл әкімі жақсылыққа жаны құштар осындай жаны жомарт жандарға алғыс хатпен бірге бағалы сыйлықтар табыс етті.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: