Мәселе
МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІЛЕРДІҢ МҮДДЕСІ
ҚАШАН ЕСКЕРІЛЕДІ?
Қоғамда орын алған әр түрлі оқиғалардың кесірінен жарым жан атанған жандарға көмек беру – адамзаттың ортақ міндеті. Дегенмен, кейбір қоғамдық орындарда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесі ескерілмей жататындығы өкінішті-ақ.
Ауданымызда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарына қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін 2013-2018 жылдары бейімдеуді қажет ететін 77 әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының тізімі жасалынып, аудан әкімінің орынбасарымен бекітілген болатын. Оның ішінде атқарушы билік органдары – 19, әлеуметтік сала – 1, білім беру – 12, спорт – 2, мәдениет – 7, денсаулық сақтау – 19 және өзге де 17 нысан бар. Аталмыш 77 нысан көпшілік жиі бас сұғатын орындар қатарына жатады. Бүгін біз сол бір ғимараттарда «Мүгедектерге қандай жағдай жасалған?» «Олар бүгінгі талапқа сай ма?» деген сан түрлі сұрақтарды назарға алып, мамандар көмегімен сараптап көрдік Аудандағы ардагерлер және мүгедектермен жұмыс сектор меңгерушісі Мейрамгүл Халықованың бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, жоғарыда аталған 77 нысандардың 76-сы ішінара бейімделген екен. Ал, ауданда талапқа мүлдем сай келмейтін жалғыз нысан Луговой ауылындағы пошталық байланыс бөлімшесі. Мейрамгүл Әбжаппарқызының айтуынша, бейімделген нысандар көбінесе пандус орнатумен, арбада отыратындарға, көзі көрмейтіндерге, құлағы естімейтіндерге арналған арнайы белгілерді есіктерге ілумен, шақыру қоңырауын орнатумен ғана шектеледі екен. Тіпті, оның ішінде бірқатар нысандардың пандустары құрылыс нормаларының талаптарына сай еместігін де жеткізді. Олардың қатарына Қайыңды ауылдық клубы мен Құмарық, Қорағаты, Луговой ауылдық мәдениет үйлерін жатқызуға болады. Айта кетерлік бір жайт, аталмыш мәдениет ошақтары сайлау учаскелері болып табылады. «Біз аудандағы мүгедектермен тікелей жұмыс жасайтын бөлімбіз. Сол себепті де мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарына қол жеткізуін қамтамасыз ету басты мақсаттарымыздың бірі. Аудандағы бірнеше нысандар жарым жан жандарға толықтай жағдай жасамаған. Сол үшін де осы бағытта толықтыру жұмыстарын жүргізуі қажет. Яғни, құрылыс нормаларының талаптарына сай келетін пандустың бастырмасы және екі жағынан демеуші қондырғылары да болуы керек. Мекемелерде арнайы белгілер, сыртқы және ішкі қозғалыс жолдарына тактильді тақтайшалар орнатылуы тиіс. Сонымен қатар, қабырғаларға демеуші қондырғылар, Брайль қаріппен басылған визуалдық мәліметтер, демалыс бұрышы, санитарлық бөлмелер, мүгедектерге арналған автотұрақтар да болғаны абзал» — дейді сектор меңгерушісі.
Иә, ауданымызда дәл осындай талапқа толықтай сай келетін жалғыз мекеме бар. Ол осы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі отырған ғимарат. Онда жоғарыда аталған барлық талаптар толығымен іске асырылған. Ішінара бейімделген ғимараттар осы мекемеден үлгі алса дейміз.
Ауданда 2000-ға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Олардың сауда орталықтарына жиі баратындығын ескерсек, жеке кәсіпкерлер өз сауда кешендеріне пандустарды орналастыру жұмыстарын қолға алғаны жөн. Себебі, заң бойынша бұл талаптарды орындамаған кәсіпкерлерге мүгедектер тарапынан шағым түскен жағдайда әкімшілік жаза берілуі мүмкін. Сондықтан да, аталмыш жұмыстарға бей-жай қарамай, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі ескерілуі қажет.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.