Еңбексіз өмір жоқ, Ауырсыз жеңіл жоқ

19 Views

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Сондай-ақ, елімізде жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні аталып өтеді. Бұл мереке қоғамдағы еңбектің маңызын айқындап, еңбек адамына құрмет көрсетуге бағытталған.

Осыған орай, өткен жұмада Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» атты салтанатты іс-шара өтті. Шараға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Аудан басшысы өз сөзінде нағыз еңбек адамдарына деген құрмет әрқашан толастамайтынын, қазіргі жаһандану кезеңінде еңбегімен көпке сыйлы болған іскер әрі еңбекқор адамдардың есімдері кеңінен насихатталу қажеттігін айтып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала қызметкерлерін марапаттады. Атап айтсақ, «ҚТЖ Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  ЖТ Жамбыл бөлімшесінің  филиалы Жамбыл пайдалану вагон депосы Түрксіб станциясының техникалық қызмет көрсету пунктінің вагон шебері Сәкен Көкжалов, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы Луговой рельс дәнекерлеу  кәсіпорнының рэльс дәнекерлеу цехының дәнекерлеушісі Серік Тілеужанов, «Жамбыл электр жүйелері»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Т.Рысқұлов аудандық электр желілерін тарату мекемесінің 35 КВ қосалқы станциялар шебері Ерболат Түменбаев, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің «ҚұланЭнергоЖылу» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің слесарь-сантехник маманы Ізмұхан Ақмолов, Т.Рысқұлов аудандық пошта байланыс торабының орталық операциялық учаскесінің хат тасушысы Раиса Мусабаева марапатталғандар қатарында болды.

Сондай-ақ, Т.Рысқұлов аудандық пошта байланыс торабының  Жақсылық  байланыс бөлімінің хат тасушысы  Жансерік Әбдірайымов, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің «Таза су – 2014»  шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің газэлектр дәнекерлеушісі Бақыт Үсенов, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің «Таза су – 2014»  шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің  трактор жүргізушісі Бағдат Әбдірайымов,  аудандық орталық аурухананың  қабылдау бөлімінің кіші мейірбикесі Науаткүл Тілеубаева, аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінің кіші мейірбикесі Гүлмира Мектепбаева, аспазшы  Ұлбосын Айдарбекова, тігінші Жанар Атыхаева, наубайханашы Күлпан Асанбекова,  «Құлан жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Сәрсенбек Жапабаев және «Казсушар» РМК Құлан өндірістік бөлімшесінің су реттеушісі Мейірман Болатбеков және «Qazaq gaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы Т.Рысқұлов аудандық газ шаруашылығының жер асты газ құбырларын пайдалану және жөндеу бойынша слесарі Ерлан Абдимановқа аудан әкімінің Алғыс хатымен қоса бағалы сыйлықтар табыс етілді. Салтанатты іс-шарада аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов те құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар азаматтарды марапаттады.  Атап айтсақ, «ҚұланЭнергоЖылу» кәсіпорнының дәнекерлеушісі Арнат Қали, «ҚұланЭнергоЖылу» кәсіпорнының тракторшысы Ерлан Бейбітов, жеке кәсіпкер Нұргүл Күмісбекқызы, Тоқтар Әубәкіров атындағы негізгі мектептің кіші қызметкері  Гүлшат Медерова,  Луговой ауылындағы аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының күзетшісі  Нұрбек Жапеков, Көкдөнен ауылдық әкімшілігінің күзетшісі Қалижан Мырзахметов, аудандық мемлекеттік архив мекемесінің күзетшісі Нұрбосын Абишев, аудан әкімдігі қаржы бөлімінің  ғимарат күзетшісі Оразбай Халиев аудандық мәслихат төрағасының алғыс хатымен марапатталды. 

Мерекелік іс-шара Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйі көркемөнерпаздарының  дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Осынау кеште «Әдемі-ау» халықтық би ансамблінің биші қыздары  «Қазақ» биін билесе,  аудандық мәдениет үйінің әншілері Нұрлан Әмірбетов  «Су тасушы қыз»,  Қожахмет Берікұлы «Өрт сөндірушілер»,  Шолпан Алиева «Ақ халатты арумын», трио «Қырманға кел қалқатай», «Құлан сазы» фольклорлық ансамблі «Алатау» және әншілер тобы «Өз елім» әндерін шырқап, көпшіліктің алғысына кенелді.

Марат Диханбай.  

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий