Семинар-тренинг өтті
Аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің және аудандық мәслихат депутаты Сұлукүл Дәлібаеваның ұйымдастыруымен әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды іс-шара өтті. «Әйелдер саяси көшбасшылық мектебі» атты семинар-тренингке ауданның түрлі салаларында еңбек етіп жүрген нәзікжандылар жиналды. Жиынға «AMANAT» партиясының Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты, облыстық Әйелдер күштері Альянсы, сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері қатысты. Шараның негізгі мақсаты – әйелдердің саяси мәдениетін арттыру, көшбасшылық қабілеттерін дамыту және қоғамдық үдерістерге белсене араласуына жағдай жасау. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар нәзікжандылардың өзін-өзі дамытуына серпін беріп қана қоймай, елдегі гендерлік теңдікті нығайтуға да ықпал етеді. Семинар барысында қатысушылар заманауи саясаттағы әйелдің рөлі, шешім қабылдау тетіктері және қоғамдық пікір қалыптастырудың тиімді әдістері жөнінде дәрістер тыңдады. Сондай-ақ, тәжірибелік жаттығулар арқылы өз ойларын білдіру мен көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын жетілдірді. Жиын соңында қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, мұндай тренингтердің маңызы зор екенін атап өтті. Айта кету керек, Еңбек күні мерекесіне орай, «АMANAT» партиясының ғимаратында қоғам өміріне белсене атсалысып, адал еңбегімен ерекшеленген әйелдер қауымы марапаттарға ие болды. Оларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ақжарқын Мұратбекқызы.
