Адалдыќтан айнымаєан педагог

178 Views

Қытай ойшылы Конфуций «Мансабым жоқ деп қайғыланба, өмірден өз орнымды таба алдым ба деп қайғылан» депті. Әрине қазір бұл сөздің мағынасы түбегейлі өзгерген. Яғни  керісінше «өмірден өз орнымды табайын деп емес, мансабым жоқ деп қайғыланып» жүрген жандардың қатары көп өкінішке орай. Десе де, Конфуций ілімін қызметтік ұстанымына балап, атадан қалған адалдықтың туын жықпай еселі еңбек етіп келе жатқан сала мамандары жоқ емес, бар. Соның бірегейі аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлмираш Қырықбаева. Гүлмираш Қуанышбекқызымен танысқанымызға  9-10 жылдың жүзі болыпты. Сөйлесіп, пікірлесіп жүріп, оның жан-жақты әрі өте білімді педагогтың бірі екеніне әбден көзім жеткен. Әсіресе хакім Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айтқанда, іштей риза болғаным бар. Ахмет Қамшыбек республикалық «Абай оқуларынан» жүлделі бірінші орынды иеленген кезде қоңырау шалып, сыр бөліскеніміз әлі күнге дейін көкейімнен кетпейді. Сонда Гүлмираш Қуанышбекқызы  былай деп сөз өрбітіп еді.

– Маратжан, Ахметтің өнеріне қазылар алқасы риза болыпты. Бұған дейін Жамбыл өңірінен аталмыш байқауда талай дарынды оқушылар бақ сынағанымен бас жүлде алмап еді. Көбінесе шығыс өлкесінің оқушылары топ жаратын. Ахмет сол қасаң қағиданы бұзып, бас жүлде иеленді. Таланттың аты қашанда талант екен ғой. Осылайша  Ахмет абыройымызды асқақтатты, – деді қуанышын жасыра алмай. Менде сол мезетте шын пейіліммен қуанған едім. «Абай оқуларының» аудандық кезеңінде Ахмет Қамшыбек  жүлделі бірінші орынды иеленген кезде қазылар алқасында Гүлмираш Қуанышбекқызы  екеуіміз отырып едік. Міне, біз сенім артқан оқушының жетістігі. Қазір Ахметпен ол кісі әпке, мен аға болып араласып кеттік. Менің жазып жатқаным бір мысалы ғана. Әйтпесе Гүлмираш Қуанышбекқызының атсалысуымен өтіп жатқан кез келген байқаудың ауданды былай қойғанда, облыстық, республикалық кезеңдерден қаншама оқушы жүлдемен оралып жүргенін біз жақсы білеміз.

 «Гүлмираш Қуанышбекқызының еңбегін ескеріп жатқан біреу бар ма?» деп ойлаймын кейде осы. Өйткені кім-көрінгенге беріліп жатқан мақтау қағаздарының тізімінде кейіпке­рі­міз­дің аты аталып  жатқанын сирек көремін шыны керек. Гүлмираш Қуаныш­бекқызы атақ не болмаса марапат үшін қызмет етпейді. Мен оны да жақсы білемін. Ол тек өз ісіне шынайы беріліп жұмыс жасайтын педагог.

Әлгі «Көресіні көрмей, көрге кірмейсің» деуші ма еді атам қазақ. Сол айтқандай, осы 34  жасқа дейін мына шыққыр көз не көрмеді десеңізші. Көреалмаушылықты, екіжүзділікті, сатқындықты, әділетсіздікті тізе берсең көп енді. Сондай сәттерде тарығасың. «Адамның  адамшылығы қайда қалды?» деп налисың іштей. Жалғыз сырласар жан сол мезетте тағы да Гүлмираш Қуанышбекқызы. Мұқағали ақынның күллі қазақ жатқа білетін Фариза Оңғарсыноваға арнаған өлеңі бар емес пе? Сол өлеңдегі:

– Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

Серіппесі үзіліп тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң мен саған мұң шағамын» – деген жыр-жолдарын оқып беретінім бар кейіпкерімізге. Поэзияны жақсы түсінетін педагог қой.

– Маратжан жігерің мұқалмасын, –  деп ақын Алмас Темірбайдың «Екі аяқты қасқыр» атты өлеңіндегі:

– Күйініш боп шығады іштен күлкімде,

Ішім күйсе ұлымауым мүмкін бе?!

Ит адамға айналмайды ешқашан,

Адам итке айналады бір күнде, – деген жолдарды оқып,  құлазыған пәс көңілді жұбатып еді бір кездері.  Ол айтқан бір шумақ өлең жолы маған жігер сыйлады. Басымды тік көтеріп жүруіме себепші болды. «Адам баласына қолыңнан келсе жақ­сы­лық қыл, жасаған жақсылығың ал­дың­нан шығады» деген Шәкәрім Құдай­бердіұлының сөзін қаперден шығармай, табандылықпен еңбек етіп жүрген Гүлмираш Қуанышбекқызының болмыс-бітімі осындай алдияр оқыр­­ман. Бәзбіреулер секілді өзін мақта­ған­ды мақұл көрмейтін кейіпкері­мізбен бізді жолықтырған Сана көгіндегі түсініс­тік. Құдайға мың да бір тәубе дей­мін.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: