ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ӘДІЛ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ
234 Views ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС – ӘДІЛ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу – жел диірменмен алысу», –…
Әрбір өнер – адам жанын тәрбиелейтін ұлы күш. Ал сурет өнері – солардың ішіндегі ең нәзік, ең ғажап түрі. Сурет – тек қылқалам мен бояудың қосындысы емес, ол адамның ішкі жан-дүниесінің айнасы, адам жанының сырын жеткізетін құбылыс. Сурет салу арқылы адам бойындағы сезім оянады, ой тереңдейді, қиял-ғажайып дүниелер туындайды. Әрбір сызықта ой бар, әрбір бояуда жүректің сыры бар. Сол сұлулықты қағаз бетіне қылқаламмен бейнелеуді маған үйреткен жан – «Өнер» мектебінің «Жас дарын» сурет үйірмесінің мұғалімі Бейсембаева Арайлым Бақытжанқызы.


Мен үшін сурет өнерінің орны бөлек. 4 сыныптан бастап қосымша білім беретін «Өнер» мектебінің «Жас дарын» сурет үйірмесіне қатысып келемін. Қазір 6 сыныпта оқимын. Осы уақыт ішінде ұстазымның арқасында сурет өнерінің сан қырын үйрендім. Түрлі жанрларда да сурет салуды үйреніп келемін. Бірақ мен табиғатты бейнелеуге ерекше жақынмын. Әрбір салған суретімнен табиғаттың сыры мен сұлулығын ашуға тырысамын. Жасыл жайлау, мөлдір бұлақ, алтын түсті күзгі жапырақтар мен қыстың ақ ұлпасы – қиялымды қанаттандырады. Қағаз бетіне жайқалған гүлді бейнелесем, көңілім шаттанады. Күзгі жапырақтарды салсам, жүрегімде сағыныш оянады. Ал көктемгі күннің нұрын қағазға түсіргенде, үміт пен қуаныш сезімі жанымды тербейді. Осындай сезімді маған сездіре білген, бағыт-бағдар беріп, өнерге деген қызығушылығымды оятқан ұстазым – Арайлым Бақытжанқызына алғысым ерекше. Қылқалам арқылы табиғаттың сұлулығын танытып, өнерге деген құштарлықты жүрегіме дарытты. Ұстазымыз әрқашан бізге «Сурет салу – жай ғана бейнелеу емес, ол адамның жан-дүниесін, мінезін, жүрегіндегі сырын ашатын» – өнер деп айтып отырады. Шынында да, әрбір қылқалам ізі арқылы біз қуанышымызды да, арманымызды да жеткіземіз. Әр шәкіртіңіздің жүрегіне ізгілік дәнін сепкеніңіз үшін алғысым шексіз.
Ұстазым тек сурет өнерін үйретуші ғана емес, рухани дем беруші. Бізге сурет салу арқылы адам бойындағы ең әдемі қасиеттер ашылатынын, мейірімділікті, еңбекқорлықты, сабырлы болуды, табиғатты сүйе білуді, әсемдікті жүрекпен сезінуді үйретіп келеді. Осындай еңбектің арқасында аудандық, мектепішілік жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрмін. Бұл жетістіктер – ұстаз еңбегінің жемісі.
Сізді төл мерекеңіз – Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Қажырлы еңбегіңіз бен қамқорлығыңыз бізге күш береді. Шәкірттеріңіз әрдайым үмітіңізді ақтап, биіктерден көріне берсін. Өміріңіз бақытқа толып, еңбегіңіз жемісті болсын.
Айару Аршымбек,
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы.