ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУ – ОРТАҚ МІНДЕТІМІЗ
Ауданның көркеюі мен тұрғындардың өмір сапасын арттыру – әрбір азаматтың, әр кәсіпкердің ортақ жауапкершілігі. Сол себепті қолайлы, таза әрі тәртіпті орта қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы.
Өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов Құлан ауылының кәсіпкерлерімен, ардагерлер және қоғамдық кеңес мүшелерімен, сондай-ақ, полиция мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің өкілдерімен ашық кездесу өткізді. Кездесу барысында кәсіпкерлік нысандардағы қауіпсіздік пен санитарлық талаптарды сақтау, еңбек қатынастарын заңдастыру, той мәдениетін дамыту, қоғамдық тәртіп пен тазалықты қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды. Ашық диалог нәтижесінде бірқатар нақты шешімдер қабылданды. Оның ішінде кәсіпкерлік нысандарда заң талаптарының орындалуын бақылау, қоғамдық орындар мен тойханаларда тәртіп пен мәдениет талаптарын ретке келтіру, көшелер мен автотұрақтардың жай-күйін жақсарту, мектеп оқушыларына зиянды өнімдердің сатылуына жол бермеу және елді мекеннің тазалығын сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу міндеті айқындалды. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан көлемінде бірқатар игі бастамалар қолға алынып, абаттандыру жұмыстары қарқын алуда. Бұл іске кәсіпкерлердің де белсене қатысуы маңызды. Тойхана, дүкен және аялдамалардың айналасын абаттандыру, көгалдандыру, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру — бәріміздің ортақ борышымыз.
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.
