Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ
53 ViewsТ.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ 100% АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛДЫ Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Рахым Сәбденов ауылының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Себебі талай жылдан бері түйіні тарқатылмай келген…
Сейсенбі күні Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламы қарымды, терең ойлы журналист, танымал қалам иесі Жаманбаев Тұрсынхан Есімқұлұлының «Мәдениет – өркениет мәйегі» атты кітабының бенефис кеші өтті. Іс-шараның мақсаты – ел руханиятына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан ардақты азаматтың шығармашылық еңбегін дәріптеу, ұлттық мәдениетке қосқан үлесін насихаттау. Кеш барысында «Мәдени мұра – халық қазынасы» атты арнайы кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Оқырмандар автор еңбегінің мазмұнымен тереңірек танысып, оның рухани дүниесіне үңілуге мүмкіндік алды. Көрмеден кейін сахна төрінде автордың өмірі, жүріп өткен жолы, шығармашылық ізденісі мен азаматтық болмысын бейнелейтін «Автор әлемі» атты бейнеролик көрсетіліп, көрермен жүрегінде ерекше әсер қалдырды.
Жалпы Тұрсынхан Есімқұлұлы қандай тақырыптарға түрен салса да, оны жазар алдында көп ізденеді. Ол жауапкершілік дейтін құнды қасиетті жақсы түсінеді. Автордың «Мәдениет – өркениет мәйегі» атты кітабында ән әлемінде өзіндік қолтаңба қалдырған атақты композитор Мэлс Өзбеков, небары 35 жыл ғұмыр кешсе де, өзінің жазу шеберлігін шығармашылық ортаға мойындатып кеткен журналист-сатирик Басқар Битанов, «Сұлутөр» халықтық ансамблі, сондай-ақ, Сұрашевтар мен Пірімқұловтар әулеттері туралы тағылымды естеліктер айтылады. Біз атаған өнер иелерінің шығармашылық мұрасы мен елге сіңірген елеулі еңбектері кеңінен суреттелген.
Бенефис кеште «Келші Құланға», «Сұлутөр аруы», «Ана» попурри, «Ақ көңіл қазағым-ай», «Киелі менің Құланым» сияқты әндер тыңдарманның жүрегіне жол тауып, рухани әсер сыйлады. Әуен мен жыр астасқан бұл сәттер залды ерекше жылулық пен туған жерге деген сағынышқа толтырды. Сонымен қатар сахнада Басқар Битановтың «Шер» атты өлең-жыр шумағын кітапхананың тұрақты оқырманы Рысқұлов Тұрар нақышына келтіре оқыды. Бұл жыр жолдары оқылғанда жан жүрегің елжіреп, көңілге сыз қонып, Басқар Битановтың адами болмысын тереңінен танып, іштей толқып, тып-тыныш күйде үнсіз тыңдап отырдық. Өкінішке орай, көп адам қазір шүкіршілікті ұмытқан. Азаматтың қадірін бағамдай алсақшы шіркін…
Аудандық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған бұл бенефис кешке аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бейсенбек Әлпейісов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, ауданның Құрметті азаматы Райзо Шәділбеков бастаған бір топ Құлан ауылының ардагерлері, Тұрсынхан Есімқұлұлының замандас достары, бауырлары және мектеп кітапханашылары қатысқанын айта кетейік. Осы кеште сөз сөйлеген әрбір азамат Тұрсынхан Есімқұлұлының шығармашылығына тоқталып, оның азаматтық позициясы мен еңбекқорлығын жоғары бағалап өтті. Жазған әрбір мақаласы туған жерге деген махаббаттың көрінісі, басты ерекшелігі әрбір кітабының деректілігі, тұнық жазылуы мен танымдық құндылығының жоғары болуында екені айтылды. Кеш соңында «Мәдениет – өркениет мәйегі» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімі өтіп, жаңа туындының лентасын аудандық Қоғамдық Кеңес төрағасы Бейсен Әлпейісов пен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов салтанатты түрде қиды. Бұл сәтте де көрермендер ерекше ықылас көрсетті. Оны біз тек бір еңбектің таныстырылымы емес, руханиятқа қызмет еткен азаматқа көрсетілген зор құрметтің белгісі деп түсіндік. Сөз кезегі авторға берілгенде Тұрсынхан Есімқұлұлы өзі туралы емес, ел туралы, туған жердің келбеті туралы, адамға тәрбие беретін үш қасиет – тіл, тарих және мәдениет жайында терең ой толғады. Бұл еңбектің жазылуына себеп болған басты күш – туған жерге деген шексіз құрмет екенін айтты.
Қорыта айтқанда, «Мәдениет – өркениет мәйегі» атты бенефис кеші көпшілікке ой салған тағылымды іс-шара болды. Тұрсынхан Есімқұлұлының бұл еңбегі ұрпақ санасына сәуле құятын құнды дүние болады деген ойдамыз. Әрбір қаламгер кітап жазарда оған үлкен дайындықпен келеді. Ізденеді. Оқиды. Кітап деген бір-екі күнде жазыла салмайды. Алуан ақпаратты ойға жинақтайсың. Оны жазудың машақатын айтсаңызшы. Біреулерге оңай көрінгенімен, түсінген, ойлы адамға ол бір қып-қызыл еңбек. Бұл кітап Тұрсынхан Есімқұлұлының ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесінің, зерттеуінің нәтижесі. Жаңа кітап ұлт руханияты, мәдени мұра, өнер тарландары, тіл мен салт-дәстүр туралы ғана туынды емес, ауданның мәдени даму тарихын терең зерттеген құнды еңбек деп баға бере аламыз. Тұрсынхан Есімқұлұлы өңірдің мәдени келбетін, өнер адамдарының ғұмыр жолын, олардың ұлттық құндылықтарды сақтаудағы рөлін айрықша шеберлікпен жазып көрсеткен. Жаңа еңбек Құлан өңірінің рухани өміріне тың тыныс беріп, көпшілікке рухани азық болары анық. Қаламгерге алдағы шығармашылық жолында табыс пен шабыт тілейміз. Еңбегі ел игілігіне айналып, руханиятқа қосар үлесі арта берсін.
Айнұр Диханова.