Ардагерлер алғы шепте

134 Views

Бүгінгі таңда барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдары тәуелсіздігіміздің іргетасын нығайту жолында болсын, ел Президентінің Жолдауларын және Үкімет бағдарламаларын насихаттап бұқараға түсіндіруде болсын, ынтымақ пен бірлікті, халықтар достығын жақсарта түсу жолында болсын, жастар тәрбиесі мен патриотизмді көпшілікке түсіндіруде болсын, әрдайым алғы шепте көрініп келеді.

Бұл ұйымдар егемен елімізде өзінің өміршеңдігін айқын көрсетіп отыр. Мұны, біздің ауданымыздың және ауылымыздың мысалынан да айқын аңғаруға болады.

Сөзге шешен, ел арасында қадірлі Қожайхан Бижанов жетекші ететін ардагерлер кеңесі облыс көлемінде көш бастап алдыңғы орыннан көрініп жүрсе, ортақ іске Құлан ауылдық округінің ардагерлік кеңесі де өзінің сүбелі үлесін қосып отыр.

Аудан орталығының тұрғындарын қамтитын Құлан ауылдық округінің ардагерлер Кеңесі өзінің құрамында 2 мыңға жуық зейнеткер-ардагерді біріктіріп отыр. Олардың барлығына да арнайы карточка толтырылып, есепке алынған. Осыған сәйкес біздің ардагерлер ұйымымыздағы алқа мүшелері олардың тұрмыс жағдайы мен және денсаулығымен танысып, тұрақты түрде хабардар болып отырады. Осыған сәйкес ұйым алқасында аудандық ардагерлер кеңесімен келісе отырып ұйғарым жасалынады. Соған сай мұқтаж ардагерлерге көмек қолын созып отырамыз. Бұдан бөлек ардагерлерді туған күндерімен құттықтап, мүмкіндігінше сый-сыйапат көрсетеміз.

Біздің ардагерлеріміз аудан көлемінде әртүрлі тақырыптарда өткізілетін барлық іс-шараларға белсене қатысады. Әсіресе Президент Жолдауын насихаттау кезінде және сайлау науқандарында ерекше белсенділік танытып жүргендерін атап өткен жөн.

Биыл көктемде, аудан басшыларының бастамасымен тау аңғарларындағы бұлақ көздерін ашуға белсене атсалыстық. Мұның өзі халықты игі іске жұмылдыруға мұрындық болып, ата-бабадан келе жатқан «Бұлақ көрсең – көзін аш» қағидасын көпшілік арасында үлгі етіп, насихаттауға мүмкіндік жасады десек қателеспейміз.

Мемлекет басшысының бастамасы, мен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына біздің ардагерлеріміз белсене қатысып қана қоймай, бұл игілікті іс-шараның маңыздылығының зор екендігін түсіндіруде. Бұл өз жемісін беріп отыр. Қазір аудан орталығы ерекше гүлденіп, көркейіп келеді.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің игілігіне аудандық ардагерлер үйі ғимараты берілген. Онда жасы шау тартқан қарияларымыз күнделікті бас қосып, шахмат, шашкі, дойбы секілді спорт түрлерімен тұрақты түрде шұғылданады. Осының нәтижесі болар, біздің ардагерлеріміз қариялар арасында ұйымдастырылған облыстық спартакияларда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Ынтымағы мен бірлігі біртұтас ауыл ардагерлеріміз бұдан бұлай да барлық іс-шараларға белсене қатысып, алғы шептен көріне беретін болады.

Берік Әліпбаев,

Құлан ауылдық округі ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

Поделиться ссылкой: