Тұрғындар тілегін тыңдады
Тұрғындар тілегін тыңдады
Өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркепов бекітілген кестеге сәйкес, 9 азаматты жеке қабылдап, тұрғындар тарапынан көтерілген өтініш-тілектерге құлақ түрді.
Жалпы бұл аудан басшысының жыл басынан бері өткізген 38-інші жеке қабылдауы. Оның ішінде жергілікті жерге шығу арқылы – 19, «Amanat» партиясының қабырғасында – 4, ал әкімдік ғимаратында – 15 жеке қабылдау өткізген.
Осы уақыт аралығында жеке қабылдауларға 190 тұрғын қайырылып, 213 мәселе көтерілген. Оның ішінде 84 өтініш бойынша нақты шаралар қабылданып, 34 мәселе түпкілікті шешілгенге дейін бақылауға алынған. Ал қалған сұрақтар бойынша тұрғындарға қолданыстағы заңнама шеңберінде түсініктемелер берілген.
Бұл жолы аудан басшысының тарапынан тұрғындар көтерген баспана және атаулы әлеуметтік көмек алу, тұрғын үй кезектілігі мен денсаулық бойынша есепке тұру, жұмыспен қамтылу, кәсіпкерлікті қолдау мәселелері аясында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кейбір өтініштер сол мезетте-ақ өз шешімін тапты.
Жәнібек Базылбек.
