ҚАҢТАРДАҒЫ ҚАРБАЛАС немесе ауыл әкімдері есеп беруде

738 Views

ҚАҢТАРДАҒЫ ҚАРБАЛАС немесе ауыл әкімдері есеп беруде

Қаңтар айы ауыл әкімдері үшін қарбалас кезең болады десек, қателеспейміз. Себебі, қаңтар келісімен қарбалас жұмысқа кірісіп, өткен жылдың есебін дайындайды. Әсіресе, айдың ортасынан ауған шақта ауыл әкімдері бір жыл бойы атқарған жұмыстарын халық алдына шығарып, есеп беру кездесулерін өткізеді. Біз Қорағаты, Құмарық, Көгершін ауылдық округ әкімдерінің есеп беру жиналыстарына куә болдық.

Қорағаты ауылдық округінің әкімі Б.Әбіләзімов есеп беру жиналысын Мамыртөбе ауылынан бастады. Ауылдық округтің 2018 жылғы жалпы бюджеті 20 млн. 234 мың теңгені құрайды. Округ әкімі аппаратына бөлінген қаражат түгелдей дерлік игерілген. Оның ішінде, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Қорағаты станциясындағы Теміржолшы көшесіне орта жөндеу жұмыстары толығымен жүргізіліп, шағал тас төселген. Сондай-ақ, бюджет қаражатынан Бесікбай көшесіне бильборд орнатылған. Көктем, күз айларында арнайы күл-қоқыс тастайтын орындардың төңірегін ретке келтіру жұмыстары жүргізіліп, Қорағаты мен Мамыртөбе ауылдары арасындағы 23 шақырым аралықты құрайтын автожолға толығымен жөндеу жұмыстары жасалғаны баяндалды.

Есеп берген әкімге ауыл тұрғындары О.Сағындықов пен Н.Танысхожаев ризашылықтарын білдіріп, оң бағасын берсе, тағы бір тұрғын А.Дүйсенбиев Қорағаты-Мамыртөбе ауылдары аралығындағы орта кернеулі электр бағаналарының ескіргені және сымдарының салбырап тұрғандығы жайлы уәжін айтты. Б.Әбіләзімов «Бұл орта кернеулі электр бағаналарының ескіргені белгілі. Аудандық электр жүйесін тарату мекемесі былтыр Қорағаты стансасына дейінгі бағаналарды ауыстырды. Биыл осы аралықтағы электр бағаналарын жөндеуді қолға алатын болады» деп сенімді жауап қатты.

Артынша дәл осындай жиын Қорағаты стансасында жалғасты. Бұл жиналыста «Ауылымызға биылғы жылы табиғи газ тартылады ма?» деген ауыл тұрғыны Қ.Шамшединовтың сауалына ауыл әкімі «Қорағаты ауылына табиғи газдың сметалық құжаттарын дайындауға аудандық бюджеттен қаражат қарастырылған. Демек, келесі жылы тұрғындар табиғи газды тұтынатын болады» деп бір марқайтты. Ауыл тұрғыны Е.Бегісаев ауылдық округ әкімінің атқарған қарқынды жұмыстарына қанағаттанатындығы мен келешекте де ауқымды шараларды өткізетініне сенім білдірсе, тағы бір тұрғын К.Атабаев «Өткен жылы Қорағаты стансасының Теміржолшы көшесіне шағал тас төселіп, жөндеуден өтті. Бұл да әкімнің еткен еңбегінің бір нәтижесі» — деп жиынға келген көпшіліктің ортасында жақсы көзқарас қалыптастырды.

Дәл осындай есепті жиын Аққайнар ауылында жалғасын тапты. Ауыл тұрғыны Б.Ақторпақовтың Аққайнар ауылындағы су мұнарасын жөндеуден өткізу туралы өтінішініне ауыл әкімі биылғы жылы ауыл әкімдігіне түскен қаражаттан су мұнарасын жөндеуге қаржы қарастыратынын жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындар К.Орынбаев пен Е.Олжабаев әкімнің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

ҚҰМАРЫҚТА ДА КӨП ЖҰМЫС АТҚАРЫЛДЫ

«2018 жылы Құмарық ауылдық округі әкімі аппараты округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарды» — деп бастады ауыл әкімі Қаракемер ауылы тұрғындарымен болған есеп беру кездесуінде. Ауылдық округтің өткен жылғы жалпы бюджеті 58 млн. 886 мың теңгені құраған. Оның ішінде, өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша бюджеттен бөлінген 3,5 млн. теңге қаржыға Алғабас ауылына Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ескерткіш орнатылды. Округтегі аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау жұмыстары бойынша құрамында 7 адамнан тұратын комиссия мүшелері жұмыс істейді. Бүгінде 56 отбасының 310 баласына 15 млн. 399 мың теңге тағайындалып берілген. Қаракемер ауылының тұрғыны Асан ақсақалдың көше жарығына қатысты айтқан ұсынысына ауыл әкімі бұл мәселемен белсене айналысып жатқанын жеткізді. Ал, «Балдәурен» балабақшасының меңгерушісі Мая Оспанова балабақша сыйымдылығы аз болғандықтан, бірнеше қызметкер жұмыстан қысқартылып, тіпті, балабақшаның жабылу қауіпі жайлы қауесет тарағанын атап өтті. Оның айтуынша, ауылдық округтегі халықтың бағына біткен жалғыз балабақша бар-жоғы 25 баланы қамти алатын болса, кезекте 65 бала тұр екен. Бұл мәселеге байланысты ауыл әкімінің жауабы төмендегідей өрбіді. «Рас бізде балабақша қажеттілігі бар. Қазіргі уақытта осы мәселенің шешімін табу мақсатында кәсіпкерлермен насихат жұмыстарын жүргізіп келемін».

Ал, Алғабас ауылында өткен жиналыста аталған ауыл тұрғыны Бағдагүл Нәметқұлова «Мектептен балаларға арналған шағын орталық ашылыпты, бірақ бар-жоғы екі сағат жұмыс істейді. Осы орталықтың жұмыс уақытын ұзартса екен» — деген ұсыныс айтты. Округ әкімі бұл мәселе тікелей аудандық білім бөлімімен біріге шешілетінін жеткізді. Сонымен бірге, С.Қарынтаев ауылда атқарылған жұмыстарға тоқталып, оның ішінде әкімнің ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған және мемлекет саясатын іске асыру бойынша жасаған жұмыстарына қанағаттанатындығын сөз етті. Жиынға келген ауыл тұрғындары әкімнің атқарған жұмысына оң бағасын берді.

КӨГЕРШІН КҮН САНАП КӨРКЕЮДЕ

Көгершін ауылдық округінің әкімі Абай Төреқұлов халық алдындағы есеп беру жиынын Қосапан ауылында өткізді. Қарбалас кезеңде тыным таппай атқарған қызметін тілге тиек еткен әкім алдымен, ауылдың бүгінгі жай-күйін баяндады.

Бүгінде Көгершін ауылдық округінде 3600 тұрғын бар, оның ішінде: Көгершін ауылында – 3541, Қосапан ауылында – 42 адам тұрады. Ауылдық округтегі негізгі өндірістік сала – ауыл шаруашылығы болғандықтан, егін және мал шаруашылығымен айналысу мақсатында 58 шаруа қожалығы және 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тіркелген. Округ бойынша 15 360 гектар егістік алқап болса, 2018 жылы ауылдық округте 10037 гектар алқапқа күздік бидай, 9288 гектарға арпа себіліп, әр гектардан 30 центнерден 720 гектар жерге мақсары себіліп, 7 центнерден 20 гектарға қант қызылшасы егіліп, 260 центнерден өнім алынды. «Ақтоған» шаруа қожалығы тек егіншілікпен айналысып қана қоймай, алынған өнімді өздерінде өңдеп, макорон өнімдерінің 25 түрін шығарады екен.

Жиында ауыл тұрғындарының қойған сұрақтарына округ әкімі тұшымды жауап қайтарды. Көгершін-Қосапан тас жолын жөндеу туралы ұсыныс берген ауыл тұрғындарын әкім бұл мәселенің шешімін табамын деп сендірді.

ӨРНЕКТІКТЕРДІҢ ӨРІСІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

Қазіргі таңда еліміздің әр өңірлерінде округ әкімдері халық алдында есеп беруде. Бұл бастама қарапайым халықтың жыл бойы атқарылған жұмыстардан хабардар болып, билік пен халық арасындағы диалогтың орныға түсуіне септігін тигізуде. Елді мекендердегі хал-ахуалды сол жақты мекен еткен тұрғындардан артық ешкім біле қоймас. Сондықтан да, халықпен санасу, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдау мақсатында жүргізіліп жүрген дәл осындай жиындардың өткізілуін құптарлық іс деп санаймыз.

Осы аптаның басында есеп беру жиыны Өрнек ауылдық округінен бастау алды. Округ әкімі Бауыржан Ақүрпеков Жарлысу, Сұмқайтты, Әбжапар, Сәлімбай ауылдарында болып, жергілікті жұртпен жүздесті. Әр елді мекенге жеке тоқталмас бұрын округ көлемінде атқарылған жұмыстарды тізбектеп өтсек.

Қазіргі таңда округте 90 шаруа қожалық тіркелген. Олар егін және мал шаруашылыгы бойынша тұрақты жұмыс атқарып келеді. Сонымен қатар, округ аумағында 16600 гектар егістік алқабы бар. Оның ішінде, суармалы жер 301 гектарды құрап отыр. 2018 жылы 3065 гектар жерге күздік бидай, 5810,4 гектар жаздық арпа, 2300 гектар жерге мақсары, 20 гектар жерге қант қызылшасы себіліп, айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылған.

Биылғы егіннен түскен түсім де жаман емес. Дәлірек айтар болсақ, бидай мен арпа 27 центнер болса, мақсары 7 центнерден айналыпты. Аймақ бойынша 1 жылыжай жұмыс істеп тұр. Шаруа қожалықтарды ірілендіру және егістік алқаптарын әртараптандыру туралы түсіндіру жұмыстары да дұрыс жолға қойылған. Округ әкімдігінің тарапынан осы бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде атқарылып отырады екен.

ЖАРЛЫСУЛЫҚТАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАМАН ЕМЕС

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында өркендеген ауылдардың бірі – Жарлысу елдімекені. Көркі мен сәулеті келіскен ауылда барлық жағдай жасалған десек қателеспейміз. Алайда, осы ауылда өткізілген жиында тұрғындар ауыз су мәселесін қозғады. Ұзақ жылдар бойы тұрғындардың басты мәселесіне айналған ауыз су жүйесінің төңірегінде атқарылып жатқан жұмыстарды ауыл әкімі толықтай баяндап берді. Округ басшысы қазіргі таңда осы бағытта тиісті құжаттар әзірленіп, жұмыстар атқарылып жатқандығын атап өтті. Ауыл қариясы Қадірбек Жапарқұлов Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын негізге ала отырып «Демеушілердің көмегімен мектеп оқушыларын жылына бір рет болса да, тарихи орындарға саяхаттау жұмыстары ұйымдастырылса» деген ниетін жеткізді. Оған ауыл әкімі алдағы уақытта бұл жұмысты қолға алатынын тілге тиек етіп, өз уәдесін берді.

Сұмқайтты да өткен жиында тұрғындар көше бойындағы жарықтандыру жұмыстары жайында сұраса, Сәлімбай ауылының халқы дәрігерлік бөлім қашан салынады деп сауал жолдады. Ал, әбжапарлықтар ауыз су мәселесін қозғап, ауыл әкіміне сұрақ қойды. Бауыржан Ақүрпеков Сәлімбай ауылындағы дәрігерлік бөлім Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының құзіретінде екендігін айта келе, алдағы уақытта шешімін табатындығын мәлімдеді. Ал, Сұмқайтты тұрғындарының өтінішіне байланысты алдағы уақытта жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін жобалық құжаттарды даярлауға қаражат қарастыратындығын айтты. Әбжапардағы ауыз су мәселесі бойынша бүгінде жобалық смета құжаттары толықтай дайын екен. Қазіргі таңда бұл құжаттар республикалық бюджеттен қаражат қарастырылуға жіберілгендігін жеткізді.

ТЕРЕҢӨЗЕКТЕ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Өткен жылда атқарылған жұмыстарды қорытындылау мақсатында өткізілген жиын сәрсенбі күні Тереңөзек ауылдық округінің құрамына жататын Көкарық ауылында өтті. Округ әкімі Мұхтарбек Мұсаевтың есеп беру жиынына Көкарық тұрғындары көптеп жиналды. Айта кету керек, аталмыш жиынға Жамбыл облысы әкімінің бас инспекторы Әлібек Мамытжанұлы Терлікбаев та арнайы келіп қатысты.

Өзге елді мекендер үшін газ бен ауыз су өзекті мәселе болса, Көкарық ауылында бұл мәселелер әлдеқашан шешімін тауып қойған. Бүгінде ауылдағы 105 үйдің 90 %-дан астамы көгілдір отынды тұтынып отыр. Дегенмен, шешілмеген мәселелер де баршылық. Атап айтқанда, тұрғындардың денсаулығын жіті қадағалайтын бір медпункт керек ауылға. Сонымен қатар, тұрғындар кейбір көшелерге жол салу қажеттігін жеткізді. Одан бөлек жиылған жұрт көше бойындағы жарықтандыру шараларын ретке келтіруді сұранды. Қойылған сұрақтарға ауыл әкімі жауап беріп, аталған жұмыстарды орындауды 2019 жылдың еншісіне қалдырып отырғандығын айтты.

Дәл осындай жиын Шолаққайыңды ауылында да өтті. Аталмыш ауылға ауыз су жүйесі бірнеше жыл бұрын жүргізілген. Бірақ, толықтай емес. Сол себепті де, тұрғындар ауылдағы Т.Байдосов көшесіне ауыз су құбыр жүйесін жүргізу жұмыстарын тездетуді сұранды. Одан бөлек тұрғындар ауылға газ жүргізу мәселесін қозғады. Ауыл әкімі бұл жұмыстардың шешу жолдары қарастырылып жатқандығын айтып, толыққанды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

СӨГЕТІ ДЕ СУ МӘСЕЛЕСІ ӨЗЕКТІ

Халық алдында есеп беру жиыны Қайыңды ауылдық округіне қарайтын Мамай-Қайыңды ауылында да өткізілді. Жиын барысында алдымен ауыл әкімі Азамат Асанбай 2018 жылы атқарылған ауқымды жұмыстарға жеке-жеке тоқталды.

Аталмыш ауылға биыл медпункт салынып, халыққа пайдалануға берілген. Одан бөлек ауылдың бірнеше көшесі асфальттанған. Мамай-Қайыңды да көгілдір отын болғанымен, ауыз су уақытпен берілетіндігін тұрғындардың өтінішінен аңғардық. Сол себепті де, ауыл тұрғындары үшін ең бірінші мәселе — ауыз су болып отыр. Екіншіден, жиылған жұрт ауылдағы кітапхананың жабылып қалуына наразы екендіктерін байқатты. Сонымен қатар, тұрғындар «Жол бойында көліктерге арналған ескерту белгілері көптеп қойылса екен» — дейді. Әсіресе, балалар көп жүретін мектеп алдында жылдамдықты бәсеңдететін белгілердің болуын қалайтындарын аңғардық.

Қайыңды ауылдық округіне жататын елді мекендердің бірі – Сөгеті. Ауданнан шалғай жатса да сөгетіліктер көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Сонымен қатар, ауылдағы жол мәселесі толықтай шешімін тапқан. Дегенмен,ауылдың кейбір көшелеріне жарықтандыру жүйесі жүргізілмеген. Ауыл әкімі Азамат Асанбайдан тұрғындар осы мәселені шешіп беруді сұранды. Одан бөлек таудан келетін суды сарп етпеу үшін ауыл маңынан өтетін каналға жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізді. Ең бастысы өзекті мәселелердің бірі – ауыз су жайында тұрғындар көп сөз қозғады. Ауыл әкімі алдағы уақытта осы жұмыстарды ретке келтіру үшін барлық мүмкіндікті қарастыратындығын айтып, тұрғындарға сөз берді.

РS: Айта кету керек, әр ауылда өткен жиын соңында тұрғындар ауылдық округ әкімдерінің жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға беріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.

С.ҚАРАСАЕВА.

Ж.БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: