МӘМС ЖҮЙЕСІНІҢ мәні неде?

147 Views

МӘМС ЖҮЙЕСІНІҢ

мәні неде?

Халық даналығында «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөз тектен-тек айтылмаған. Аталы сөздің астарын әрбір азамат жете түсінуі керек. Түсініп қана қоймай, денсаулығын жақсартуға жіті көңіл бөлгені абзал. Бұл тұрғыда салауатты өмір салтын ұстанудың, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстаудың, дұрыс тамақтанудың, тұрақты скринингтік тексеруден өтудің маңызы зор. Сонымен қатар медициналық сақтандыру жүйесін пайдаланудың да тиімділігі мол.

Баршаға белгілі, 2026 жылғы 1 қаңтардан елімізде Бірыңғай медициналық көмек пакетін кезең-кезеңімен енгізу басталды. Өзгерістер 2025 жылғы 14 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған заңға сәйкес жүзеге асырылады және денсаулық сақтау саласында негізгі мемлекеттік кепілдіктерді орындауға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, барлық қатысушылардың әділ, ортақ жауапкершілігін қамтамасыз етуге және жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы Бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру Прези­денттің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында көзделген және үздік халықаралық тәжірибелерге негізделген. Бұл пакеттер арасындағы қайталануды жоюға, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) арасын нақ­ты бөлуге және пациенттер мен меди­циналық қызметкерлер үшін меди­циналық қызметтердің тізімін айқын әрі ашық етуге мүмкіндік береді.

Мысалы, ерте диагностика және скрининг ТМККК мен МӘМС арасын нақты бөліп, қызметтердің қайталануын жоюды, ауруларды ерте алдын алу шара­ларының қолжетімділігін арт­тыру­ды, әлеуметтік маңызды ауру­ларды ерте анықтау бойынша кепіл­діктерді кеңейтуді, ресурстарды қайта бөлу арқылы жүйенің қаржылық тұрақ­тылығын қамтамасыз етуді, толыққанды меди­циналық сақтандыру моделіне жақындауды көздейді.

Бірыңғай медициналық көмек пакеті шеңберінде МӘМС жүйесіндегі мәрте­бесіне қарамастан онкологиялық ауру­ларды, артериалды гипертензияны, ише­миялық жүрек ауруын, глаукома және қант диабетін ерте анықтауға арнал­ған скринингтер барлық азаматтар үшін қолжетімді болмақ. Сонымен қатар ТМККК пакеті шеңберінде онко­скринингтердің қолжетімді болуы қатер­лі ісіктерді ерте сатысында анық­тап, емдеуге мүмкіндік береді. Жүрек-қан тамырлары ауруларын, глау­кома және қант диабетін уақтылы анық­тау асқынулардың алдын алуға және мүгедектік деңгейін төмендетуге жағдай жасайды.

Айта кету керек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ТМККК шеңберінде 11 әлеуметтік маңызды ауруды күдік туындаған жағдайда диагностикалау қолжетімді. Соның ішінде туберкулез, созылмалы вирус гепатиттері мен бауыр циррозы, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, қатерлі ісіктердің ерте сатысы, өткір миокард инфарктісі (ал­ғаш­қы 6 ай), сирек кездесетін аурулар, эпилепсия, инсульттер және басқа ауыр жағдайлар қамтылады. Қазір ТМККК шеңберінде тек туберкулез және АИТВ-инфекциясын диагностикалау жүр­гізілсе, басқа әлеуметтік маңызды ауруларды диагностикалау МӘМС жүйе­сінде жүзеге асырылады. Осы­лайша сақтандырылмаған азаматтар базалық медициналық көмек пакетіне қол жеткізе алады. Оған емханадағы алғашқы медициналық қаралу, арте­риалды гипертензияны, ишемиялық жүрек ауруын, глаукома, қант диабетін, сүт безі обырын, жатыр мойны обырын және колоректалды обырды ерте анық­тауға арналған вакцинация және скри­нингтер, 11 әлеуметтік маңызды ауруға күдік туындаған жағдайда диагнос­тикалау, өмірге қауіпті жағдайларда жедел және шұғыл медициналық көмек, барлық әлеуметтік маңызды ауруларды диагностикалау, емдеу, алдын алу және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жұқпалы аурулар кезінде медициналық көмек, қан препараттарымен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек және ауыр науқастарға ұзақ мерзімді күтім сияқты қызметтер кіреді.

Тағы бір айта кетерлігі, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі 13 әлеу­меттік маңызды аурудың тізімінен қант диабеті, балалар церебральды сал ауруы, қосылыстық тіндердің жүйе­лік зақымдануы және ревматизм диаг­ноздары МӘМС жүйесіне көшеді. Бұл аурулар динамикалық бақылауға алына­тын жағдайлар тізіміне енгізіледі. Сонымен қатар медициналық көмек толық көлемде МӘМС шеңберінде көрсе­тіледі.

Жаңа өзгерістер шеңберінде әлеу­меттік осал топтардың да жағдайына баса назар аударылған. 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесі жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік жағдайы дағда­рыстық немесе шұғыл деңгейде (Д және Е категориялары) болатын шамамен 1 миллион азаматты қосымша қамтитын болады. Бұл ел халқының тағы 5 пайы­зына жоспарлы медициналық кө­мекке қол жеткізу мүмкіндігін береді. Бұрын хабарланғандай, бұл санат­тағы азаматтар үшін жарналар меди­циналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан төленеді. Сондай-ақ, жер­гілікті бюджеттер ресми тіркелген жұ­мыс­сыздар үшін жарналарды төлеуге жа­уапты болады. Сонымен қатар 2026 жыл­дан бастап МӘМС жарналарын өз­дігінен үздіксіз бес жыл төлеген аза­маттар үшін төлемдер уақытша тоқтаған жағдайда сақтандырылған мәртебені сақтау жеңілдік мерзімі алты айға ұзартылды. Бұрын бұл мерзім үш айды құрайтын. Бұл шара халықтың МӘМС жүйесімен максималды қамты­луын және уақытша қаржылық қиын­дыққа тап болған азаматтарды қолдауды көздейді. Айта кету керек, кейін сақтандырылған мәртебесінен айырылмау үшін төлемдерді өткізіп алған кезеңдер үшін жарналарды төлеу керек болады.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, бүгінде МӘМС жүйесінде 16,9 миллион адам сақтандырылған. Бұл ел халқының 82,6 пайызын құрайды. Олардың ішінде шамамен 12 миллион адам мемлекет тарапынан төленетін жеңілдік санаттарына жатады.

Қазіргі таңда шамамен 3,4 миллион адам МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Жұмысқа қабілетті азаматтар айына 4 250 теңге немесе жылына 51 000 теңге төлеп, МӘМС шеңберінде ұсынылатын медициналық қызмет көлеміне қол жеткізе алады.

Барлық көзделген өзгерістерді жүзеге асыру әділ медициналық көмекке қол жеткізуді қамтамасыз етіп, денсаулық сақтау жүйесінің профилактикалық бағыттылығын күшейтіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру моделінің тұрақтылығын арттырады.

 

Гулам УМАРОВ,

облыстық қан орталығының директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.

Поделиться ссылкой: