Бірқатар маңызды мәселелер қаралды

11 Views

Бірқатар маңызды  мәселелер қаралды

Өткен аптада аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аппараттық кеңес өтті. Кеңесте аудан тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатына тікелей қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Алдымен Отбасының цифрлық картасының іске асырылу барысы және жазатайым оқиғалардан сақтандыру мәселелері бойынша аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мамырбаев Арман Пойызбайұлы баяндама жасады. Сала басшысы өз баяндамасында цифрлық картаға байланысты бес көрсеткішке жеке-жеке тоқталып, кеңінен айтып берді.

Аудан әкімі бұл бағыттағы мәселелерді шешу үшін құқық қорғау, жастар және Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Сондай-ақ, жиында жұмыспен қамту индикаторларының орындалуы жөнінде аудандық «Мансап» орталығының директоры Құлманов Сапар Тілеубердіұлы хабарлама жасады. Сапар Тілеубердіұлы өз баяндамасында биыл тұрақты жұмысқа орналастыру жоспары – 2421 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 25, ақылы қоғамдық жұмысқа – 350, жастар практикасы бойынша – 145, Күміс жас жобасына – 60 адамды жұмысқа тарту жоспарланып отырғанын жеткізді.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің жүзеге асырылу барысы туралы аудандық орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Үкібаева Гүлзат Оразбайқызы баяндады. Аудан басшысы мұндағы басты мәселе ретінде – ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілмеуін ерекше атап өтті. Ауыл-аймақтарға барып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар кеңесте Отбасын қолдау орталығының жұмысы да қаралып, бұл жөнінде орталық директоры Қожаберген Айгүл Алдабергенқызы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы мәлімет берді.

Кеңес қорытындысында аудан әкімі жауапты сала басшыларына әлеуметтік бағыттағы жұмыстарды жандандыру, көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау және тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Жәнібек Сұлтан.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий