Жаңа Салық кодексі: Не өзгерді, қандай жеңілдіктер қарастырылған
Жаңа Салық кодексі:
Не өзгерді, қандай жеңілдіктер қарастырылған
«Қазақстан Республикасының Салық кодексі туралы» Заңына енгізілген өзгерістер туралы қазір газет және сайт біткеннің барлығы жарыса жазып жатыр. Жазатын да жөні бар. Өйткені ел арасында қызу талқыланып жатқан тақырып – дәл қазір сәтте осы болып тұр. «Құлан таңы» газетінің тілшісі Марат Диханбай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Есболат Советұлына жолығып, сұхбат алған болатын. Ендеше, әріптесіміз дайындаған материалға назар салыңыз. Ықыластарыңыз Заңда, зейіндеріңіз сөзде болсын.
ТІЛШІ: – Есболат Советұлы, алдымен сұрақтан именбей, бізді қабылдағаныңыз үшін өзіңізге зор алғыс білдіреміз. Қоғамда бұл тақырып қызу талқыланып жатқандықтан, біз өзіңізге хабарластық. Уәдеңізде тұрдыңыз. Міне, сұхбаттасып отырмыз. Енді сұрақтың төркінін мынадан бастайық. Арнайы салық режимдері бойынша көптеген талқылаулар болғаны рас. Тіпті жақында ғана Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тақырып төңірегіне де тоқталып өтті. Сонымен жаңа Салық кодексінде не өзгерді? Осы жағын толығырақ айтып берсеңіз?.
– Арнайы салық режимдері, яғни АСР дейміз, жекелеген салық төлеушілер санаты үшін салықты есептеу, төлеу тәртібін және есептілікті жеңілдету мақсатында көзделген. Қолданыстағы Салық кодексінде 7 арнайы салық режимі бар екенін салық төлеушілер жақсы біледі. Яғни олар: патент негізіндегі арнайы салық режимдері, оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимдері, арнайы мобильді қосымша пайдаланылатын арнайы салық режимдері, тіркелген шегерімді пайдаланылатын арнайы салық режимдері, бөлшек салықтың арнайы салық режимдері, шаруа немесе фермерлік қожалықтар үшін, сондай-ақ, ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауылшаруашылығы кооперативтері үшін төленетін арнайы салық режимдері. Жаңа Салық кодексінде бұл режимдер 3 АСР-ге дейін оңтайландырылды. Яғни өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде, шаруа немесе фермер қожалықтары үшін. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимдері туралы айта кетсек. Бұл режимді мынадай жеке тұлғалар қолдана алады:
- Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген;
- Жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
- ҚР Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес, рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысатын;
- Ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен аспайтын, ол дегеніңіз – шамамен 1,2 миллион теңге. Олар ЖТС төлеуден босатылады және тек өз табысынан 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді төлейді. 2% – міндетті зейнетақы жарнасы (МЗЖ), 1% – әлеуметтік аударымдар (ӘА), 1% – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС). Міндеттемелерді орындауды оңайлату үшін табыстар арнайы мобильді қосымшада көрсетіледі. Ал төлемдер автоматты түрде есептеледі. Интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін тұлғалар үшін әлеуметтік төлемдерді есептеу және төлеу платформаның операторы арқылы жүзеге асырылады. Байланыс желісі жоқ жерде қызмет атқаратындар әлеуметтік төлемдерін өздері есептейді.
Ал Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі (бұрынғы оңайлатылған декларация мен бөлшек салық режимдерінің бірігуі). Бұл режимді келесі шарттарға сай тұлғалар қолдана алады:
- Жылдық табысы 600 000 айлық есептің көрсеткіштен аспайтын (2026 жылы – шамамен 2,5 миллиард теңге), жалдамалы жұмыскерлер санына шектеу қойылмайды;
- ҚР Үкіметі тыйым салған қызмет түрлеріне кірмейтін кәсіппен айналысатын. Бұл режимді қолданушылар ҚҚС және әлеуметтік салық төлеушілері болып табылмайды.
Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнайы салық режимі туралы айтар болсақ, аталған режим өзгеріссіз сақталады. Бірыңғай жер салығының күшін жоюына байланысты енді салық жеке табыс салығы (ЖТС) ретінде төленеді. Салық мөлшерлемесі – 0,5%.
ТІЛШІ: – Есболат Советұлы, бұл жауаптан соң мынадай сауал туындап отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимін кімдер қолдана алады?
– Ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен, яғни шамамен 1,3 миллион теңгеден аспайтын адамдардың табысын заңдастыру және салықтық міндеттемелерін жеңілдету мақсатында жаңа Салық кодексінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы салық режимі көзделген. Бұл режимді келесі тұлғалар қолдана алады. Қазіргі таңда патент негізіндегі, арнайы мобильді қосымшаны пайдаланатын АСР, платформалық жұмыспен қамтылу шеңберінде жұмыс істейтін тұлғалар және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын, ҚР Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес, қызмет түрлерімен айналысатын адамдар. Аталған режимнің ерекшелігі – мұндай тұлғалар жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден босатылады. Тек табыстың 4%-ы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төлейді. МЗЖ, МЗЖР, ӘА, МӘМС – әрқайсысы 1% және жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден босатылады.
ТІЛШІ: – Келесі қояр сұрағым мынадай. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін пайдаланудың негізгі аспектілері қандай?
– Жаңа Салық кодексі шеңберінде оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін төмендегідей ережелер көзделген. Жылдық табыстың шекті мөлшері бұрынғыдай сақталады – 600 000 еселенген АЕК-тен аспау керек (2026 жылы бұл 2,5 миллиард теңге). Жалдамалы жұмыскерлер санына қатысты шектеу алынып тасталды. Бұл режим Үкімет бекіткен тыйым салынған қызмет түрлерінен басқа барлық қызметке қолданылады. Салық мөлшерлемесі (КТС/ЖТС) 4% мөлшерінде белгіленеді, мәслихаттарға бұл мөлшерлемені 50%-ға дейін азайтуға немесе көбейтуге құқық беріледі. Жылдық табыс 24 000 АЕК-тен асқан жағдайда 2026 жылы – 100 миллион теңге, салық салынатын табысты жалақы қорының сомасына азайтуға рұқсат беріледі. Бұл режимді қолданатын салық төлеушілер ҚҚС және әлеуметтік салық төлеуден босатылады.
ТІЛШІ: – Неліктен жалпыға бірдей салық салу режиміндегі салық төлеушілер үшін арнайы салық режимдерді пайдаланушылармен өзара есеп айырысу бойынша шығындарды шегерімге жатқызуға тыйым салынған?
– Бұл шектеу контрагенттердің салық міндеттемелерін төмендету мақсатында АСР пайдалану арқылы шығындарды жасанды түрде арттырып, жеткізу тізбектерін немесе жалған мәмілелерді пайдалану арқылы салықтан жалтару жағдайларының алдын алу үшін енгізілген.
ТІЛШІ: – Жаңа Салық кодексі шеңберінде қазіргі уақытта бөлшек салық бойынша арнайы салық режимін пайдаланатын салық төлеуші қандай режимді қолдана алады?
– Қолданыстағы «бөлшек салық» және «жеңілдетілген декларация негізіндегі» арнайы салық режимдері жаңа Салық кодексінде біріктіріліп, «жеңілдетілген декларация негізіндегі» арнайы салық режимі ретінде қарастырылған. Ол келесі шарттармен қолданылады:
- Жылдық табыстың шекті мөлшері – 600 000 АЕК-тен аспауы тиіс, яғни шамамен 2,5 миллиард теңге.
2.Үкімет белгілеген тыйым салынған қызмет түрлерінің тізбесіне кірмейтін қызмет түрлерін жүзеге асыру қажет. Келесі тұлғалар бұл режимді қолдануға құқылы емес. Атап айтқанда:
– заңды тұлғалар, олардың құрамында басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын болса;
– заңды тұлғалар, олардың құрылтайшысы (қатысушысы) бір мезгілде басқа АСР қолданатын заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) болса;
– құрылтайшысы немесе қатысушысы АСР қолданатын тұлға болып табылатын заңды тұлғалар;
– АСР қолданатын заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын жеке тұлғалар немесе дара кәсіпкерлер;
– коммерциялық емес ұйымдар;
– арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың, «Астана Хабтың» қатысушылары, бірлескен қызмет шарты бойынша қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілер. Осылайша егер салық төлеуші жоғарыда көрсетілген шарттарға сәйкес келсе, онда ол жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін пайдалануға құқылы.
ТІЛШІ: – Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимінде қандай салық мөлшерлемесі көзделген және олар қандай салықтарды төлеуден босатылады?
– Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимінде ЖТС/КТС мөлшерлемесі 4 % болып белгіленген. Жергілікті өкілді органдар бұл мөлшерлемені 50 %-ға дейін төмендетуге немесе арттыруға құқылы. Сондай-ақ, қызметтен түскен табыс жылына 24 000 еселенген АЕК-тен (100,0 миллион теңгеден асқан жағдайда, салық салынатын табыс еңбекақы қорының (ЕҚ) мөлшеріне азайтылуы мүмкін. Аталған режимді қолданатын салық төлеушілер әлеуметтік салық пен ҚҚС төлеушілері болып табылмайды.
ТІЛШІ: – Мәслихаттарға мөлшерлемені 50%-ға дейін өзгерту құқығы неге берілген?
– Себебі қазіргі таңда тіркелген салық төлеушілердің 90%-дан астамы арнайы салық режимдерін қолданады. Сондықтан кейбір өңірлер үшін осы субъектілерден түсетін кірістер маңызды болып табылады. Бұл норма өңір экономикасының ерекшеліктерін, кәсіпкерлік белсенділігін және әлеуметтік басымдықтарды ескере отырып, салық саясатының икемділігін қамтамасыз етеді және салық жүктемесін тиімді бөлуге мүмкіндік береді.
ТІЛШІ: – Осы жылы арнайы салық режимдерін пайдаланатын салық төлеушілер жаңа режимдерге қалай және қашан көшеді?
– Арнайы салық режимдеріне (АСР) салық кабинетінен (www.knp.kgd.gov.kz), Е-Salyq Business және Kaspi Bank қосымшасы арқылы 2026 жылдың 28 ақпанына дейін өтінім тастап, көшуі керек.
ТІЛШІ: – Есболат Советұлы қажетті ақпараттармен бөліскеніңіз үшін өзіңізге зор алғыс білдіреміз. Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан
Марат Диханбай.
