АҚЫЛ – ЖАСТАН, АСЫЛ – ТАСТАН

850 Views

АҚЫЛ – ЖАСТАН, АСЫЛ – ТАСТАН

 Сәрсенбі күні Астана қаласындағы «Нұр Әлем» кешенінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жастар жылының ашылу салтанаты болды. «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен өткен форумға жалынды жастардан бөлек, Үкімет мүшелері мен Қазақстан Республикасы парламентінің депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты. Жастар жылының ашылу салтанатын құландық жастар М.Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінен лед экран арқылы тамашалады.

 Тәуелсіздік жылдарында туып, қоғамның барлық салаларында жемісті еңбек етіп, жоғары білім алып жүрген бірқатар білімді, шығармашыл, өнертапқыш жастар форум барысында сөз сөйлеп, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Ұсыныс-тілектерін жеткізген жастар да аз болмады. Солардың ішінде Моңғолиядан Қазақстанның арнайы шақыруымен келіп, Астанада білім алып жатқан бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы, Қазақстан-Британ техникалық университетінің 2 курс студенті, 13 жасар өнертапқыш Абзал Мырзаш, түркістандық 27 жасында 7 баланың анасы атанып отырған Жазира Тұрғыноваларды ерекше атап өткен жөн. «Аздап қобалжып тұрмын. Өйткені, күнде Елбасымен кездесе бермеймін ғой» деген Айшолпан Отанынан жырақта жүрген 5 миллион қазақтың ішінде елімізді әлемге танытып жүрген қаракөз қыздарымыздың бірі. Ол елімізде қазақтың салт-дәстүрін оқып үйрететін орталықтар мен бүркітшілер мектебі ашылса деген тілегін жеткізсе, диграфтық тәсіл арқылы компьютердің пернетақтасына ыңғайлап қазақ-латын әліпбиін жасаған Абзалдың тағы бір қазақ қоғамына ауадай қажетті жобасы бар екен. Онысы – кириллицадан латын қаріпіне аударатын конвертер бағдарлама. «Бұл бағдарлама арқылы кириллицадан латын қаріпіне бір минутта 1200-ден астам кітапты аударуға болады» дейді өнертапқыш. Ал, 27 жасында 7 баланы дүниеге әкелген Жазираның «Әр бала өз несібесімен келеді» деуі барлық жас отбасыларға үлгі.

Сөз алған барлық жастың айтқан ойы, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Бейбітшілік болса, жәннатты орнату өз қолымызда» дегенге саяды.

– Менің айтайын деген мәселемнің барлығын әр салада көтеріп жатырсыңдар. Осы 27 жыл тәуелсіздіктің ішінде біз көп нәрсе жасадық. Көп жеңіске жеттік. Солардың ішіндегі ең негізгі жетістік жаңа буын жастарды тәрбиелеп шығардық,- деген Елбасы бәсекеге қабілетті жастар – ел болашағы екенін айрықша атап өтті. Сонымен қатар, жастар саясатын жүзеге асыруға байланысты бірқатар жобаларға тоқталған мемлекет басшысы «Осы қолға алған тың жобаларды іске асыру үшін Үкімет те, Президент те, жергілікті жерлердегі әкімдіктер де, барлығымыз бірігіп, жұмыс істейміз» дей келе, ел жастарын егемен елдің болашағы жолында аянбай еңбек етуге шақырды.

 М.АЙНАҚҰЛОВ

Поделиться ссылкой: