БАЛА – біздің болашағымыз Аудан орталығында жаңа бөбекжай бақшасы ашылды
БАЛА – біздің болашағымыз
Аудан орталығында жаңа бөбекжай бақшасы ашылды
Халқымыз үшін аптаның әр күні қасиетті саналады. Десек те, көптеген игі бастамаларын «Сәрсенбінің сәтті күні» деп, сәрсенбіге жоспарлап жатады. Осы қазақы қалып, қазақы танымға арқа сүйеген жеке кәсіпкер Талғат Исаев та «M.Miras» бөбекжай бақшасының ашылу рәсімін сәрсенбі күніне орайластырыпты. Аудан әкімі Асқар Қырықбаев бастаған бірқатар бөлім, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысқан ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев пен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов құттықтау сөз сөйлеп, ғимараттың лентасын қию құрметіне ие болды. «Бала – біздің бағымыз, бала – біздің болашағымыз. Адамның нәр беретін тамыры да, сән беретін жапырағы да бала. Баладан артық қандай бақыт керек» деген Қожайхан Қазыбайұлының тебірене сөйлеген сөзінен, аталық ақ батысынан кейін 150 балаға арналған M.Miras» бөбекжай бақшасының құрылтайшысы Талғат Махмудұлы балабақша меңгерушісі Жәмилә Егімбаеваға нысанның символикалық кілтін табыс етті. Артынша, қазақы дәстүрмен шашу шашылып, қонақтар бөбекжай бақшасын аралап көрді.
Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылып отырған алтыншы балабақша. Соңғы үш жылдың көлемінде Ақыртөбе, Тереңөзек, Құлан ауылдарынан бес балабақша ашылып, ел игілігіне берілген болатын. Бұдан бөлек, жеке кәсіпкер Ұ.Қалқабаев алдағы ақпан айында, жеке кәсіпкер А.Юлдашова наурыз айында Құлан ауылынан 75 балаға арналған бөбекжай бақшаларын ашуға ниеттеніп отыр. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, жыл соңына дейін 3-6 жастағы балалардың балабақшамен қамтылу үлесі 100 пайызды құрайды екен. Ендеше «Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту қажет» деген Елбасы тапсырмасы аудан аумағында лайықты жүзеге асып жатыр десек, қателеспейміз.
Мереке СЕЙДАШЫМ