Азаматтар мен сарапшылардың ұсыныстары ескеріліп жетілдірілген және республикалық референдумға шығарылған Конституция жобасы жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯСЫ
Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз.
І бөлім
Конституциялық құрылыс негіздері
1-бап
Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
2-бап
- Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару үлгісі – президенттік республика.
- Қазақстан Республикасының Егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қамтамасыз етеді.
- Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы конституциялық заңда айқындалады.
- Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы. Елорда мәртебесі конституциялық заңда айқындалады.
- Қазақстан Республикасы мен Қазақстан атауларының мәні бірдей.
- Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы (ақша бірлігі) – теңге.
- Теңгені эмиссиялау айрықша құқығы Қазақстан Республикасына тиесілі.
- Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді.
3-бап
- Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау.
- Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды.
4-бап
- Қазақстан халқы – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі.
- Халық билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырады.
- Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кету заңмен қудаланады. Халық пен мемлекет атынан әрекет ету құқығы Қазақстан Республикасының Президентіне, сондай-ақ конституциялық өкілеттігі шегінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына тиесілі. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттік шегінде мемлекет атынан әрекет етеді.
- Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас, ол заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтарына бөліну және өзара іс-қимыл жасау қағидатына сәйкес Конституция мен заңдар негізінде жүзеге асырылады.
5-бап
- Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы – Конституцияның, оған сәйкес келетін заңдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарт міндеттемелерінің нормалары.
- Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тікелей қолданылады.
- Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық шарттарды қолдану тәртібі заңдарда айқындалады.
- Барлық заңдар мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің ресми жариялануы – оларды қолданудың міндетті шарты.
- Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды.
- Жауаптылықты белгілейтін немесе күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.
- Жаңа заң бұрын жасалған құқық бұзушылық үшін жауаптылықты жоятын немесе жеңілдететін болса, онда жаңа заң қолданылады.
- Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режим немесе «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режимі конституциялық заңдарға сәйкес белгіленуі мүмкін. Осы арнаулы құқықтық режимдер мемлекеттік басқару, сот жүйесінің жұмыс істеу ерекшеліктерін көздеуі мүмкін.
6-бап
- Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандық танылады.
- Қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Мемлекеттің қоғамдық бірлестік ісіне, ал қоғамдық бірлестіктің мемлекет ісіне заңсыз араласуына және қоғамдық бірлестікке мемлекеттік орган функцияларын жүктеуге жол берілмейді. Мемлекеттік органда саяси партия ұйымын құруға жол берілмейді.
- Мақсаты немесе әрекеті конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуге, Қазақстан Республикасының тұтастығын және қоғамдық тәртіпті бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестік құруға және оның қызметіне, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендірілген жасақ құруға тыйым салынады.
- Басқа мемлекеттің саяси партиясы мен кәсіптік одағының, діни негіздегі саяси партияның қызметіне жол берілмейді, сондай-ақ саяси партия мен кәсіптік одақты шетелдік заңды тұлғаның, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамның, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаның, шет мемлекет пен халықаралық ұйымның қаржыландыруына жол берілмейді.
- Коммерциялық емес ұйымның шет мемлекеттен, халықаралық және шетелдік заңды тұлғадан, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамнан алатын ақша қаражатының қозғалысы және активтері туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ашық әрі қолжетімді болуға тиіс.
7-бап
- Дін мемлекеттен бөлек.
- Қазақстан аумағында діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылады және ол конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында шектелуі мүмкін.
8-бап
- Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады, оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады.
- Меншікті пайдалану қоғам мен мемлекет мүддесіне сай келуге, қоршаған ортаны қорғау саласындағы белгіленген талаптар сақталып іске асырылуға тиіс, басқа тұлғалардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірмеуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің құқықтарының көлемі мен шегі, оларды қорғау кепілдіктері заңда айқындалады.
- Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.
9-бап
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.
- Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар орыс тілі ресми түрде қолданылады.
- Мемлекет біртұтас Қазақстан халқының тілдерін үйрену және дамыту үшін жағдай жасауға қамқорлық көрсетеді.
10-бап
Қазақстан Республикасы халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтейді, мүдделі мемлекеттермен бейбітшілік пен ынтымақтастықты, олардың ішкі ісіне араласпауды, халықаралық дауды бейбіт жолмен шешуді көздейтін сыртқы саясат жүргізеді.
11-бап
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран. Олардың сипаттамасы және пайдалану тәртібі конституциялық заңда белгіленеді.
II бөлім
Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер
12-бап
- Әр адамның құқық субъектiсi ретiнде танылуға құқығы бар.
- Әр адам құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлмен, оның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғауға құқылы.
- Әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.
- Қазақстан Республикасында заңға сәйкес біліктi заң көмегін алу құқығы танылады.
13-бап
- Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес беріледі және тоқтатылады, ол берілген негізіне қарамастан бiрыңғай және тең.
- Қазақстан Республикасының азаматын өз азаматтығынан айыруға, азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге аластатуға болмайды. Азаматтықтан айыруға террористік қылмыс жасағаны, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімімен ғана жол беріледі.
- Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады. Шет мемлекетте туғанына байланысты сол мемлекеттің азаматтығын алған кәмелетке толмаған балаға қатысты заңда көзделген ережелер қолданылады.
14-бап
- Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматы шет мемлекетке берілмейді.
- Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепiлдiк бередi.
15-бап
- Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.
- Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан тиесілі, олар ажыратуға және айыруға болмайтын деп танылады, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының мазмұны мен қолданылуы осыған қарай айқындалады.
- Қазақстан Республикасы азаматының өз азаматтығына орай құқықтары мен мiндеттері бар.
- Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда көзделген жағдайда шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адам Қазақстан Республикасының азаматы үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттерді атқарады.
- Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыру басқа тұлғаның құқықтарын бұзбауға және бостандықтарын шектемеуге тиiс, конституциялық құрылыс негіздеріне, қоғамдық тәртіпке, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтiрмеуге тиiс.
- Әр адамның мемлекеттік органның немесе оның лауазымды адамының заңсыз әрекетімен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқығы бар.
16-бап
- Заң мен сот алдында бәрi тең.
- Қазақстан Республикасының азаматын, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамды тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тіліне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсiтуге болмайды.
17-бап
- Өмір сүру құқығы – әр адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы.
- Ешкімнің өз бетімен адам өмірін қиюға құқығы жоқ.
- Өлім жазасына тыйым салынған.
18-бап
- Әр адамға жеке бас бостандығы мен жеке басына қол сұғылмау құқығына кепілдік беріледі.
- Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды.
- Күзетпен ұстауға сот шешімімен ғана рұқсат етіледі және оған шағым жасау құқығы беріледі.
- Әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтары түсіндіріледі.
- Ұсталған адамның, күдіктінің, айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокат (қорғаушы) көмегiн пайдалануға құқығы бар.
19-бап
- Заңды күшіне енген сот үкімімен адам кінәлі деп танылмайынша, ол жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа кінәлі емес деп саналады.
- Ешкім өз-өзіне, жұбайына (зайыбына) және заңда айқындалған жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.
- Діни қызметшілер өздеріне сеніп, сырын ашқан адамдарға қарсы куәлік етуге міндетті емес.
- Адамды дәл сол құқық бұзушылық үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа қайта тартуға тыйым салынады.
20-бап
- Адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне қол сұғуға болмайды және олар заңмен қорғалады.
- Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқа да қатыгездiк көрсетіп немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлап жәбiрлеуге не жазалауға болмайды.
21-бап
- Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі.
- Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдары, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі.
- Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжатпен, шешiммен және ақпарат көзiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
22-бап
- Әр адам өзiнiң қай ұлтқа жататынын айқындауға, оны көрсетуге не көрсетпеуге құқылы.
- Әр адамның ана тілі мен төл мәдениетiн қолдануға, қарым-қатынас жасау, тәрбие беру, оқу мен шығармашылық тілін еркiн таңдауға құқығы бар.
23-бап
- Сөз еркіндігіне, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне кепiлдiк берiледi.
- Зияткерлік меншік заңмен қорғалады.
- Мемлекеттік құпияларды қоспағанда, еркін ақпарат алу және тарату құқығы заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен іске асырылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізбесі заңда айқындалады.
- Сөз еркіндігі және ақпарат тарату еркіндігі басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысына нұқсан келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс.
- Цензураға тыйым салынады.
- Қазақстан Республикасының конституциялық құрылыс негіздерін күштеп өзгертуді, аумағының тұтастығына, Егемендігі мен Тәуелсіздігіне қол сұғуды, қоғамдық тәртіпті бұзуды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруді, соғысты, қарулы қақтығысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, этностық, діни басымдықты немесе алауыздықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға, сондай-ақ осындай әрекеттерге шақыруға жол берілмейді.
24-бап
- Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде жүрген әр адамның ел аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқығы бар.
- Әр адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуға құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен жол беріледі. Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасына кедергiсiз оралуға құқығы бар.
25-бап
- Әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар.
- Ар-ождан бостандығы құқығын пайдалану жалпыадамзат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы мiндеттерді шектемеуге тиіс.
26-бап
- Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлестік құру бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бiрлестiк қызметi заңмен реттеледi.
- Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты және өзге де соттары төрағалары мен судьяларының, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палатасы төрағалары мен мүшелерінің, құқық қорғау органы
- және арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлері мен жұмыскерлерінің, әскери қызметшілердің саяси партия мен кәсіптік одақта болуға, қандай да бір саяси партияға немесе қоғамдық-саяси қозғалысқа қолдау көрсетуге не сыни пікір білдіруге құқығы жоқ.
27-бап
- Әр адамның еңбек етуге, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауға құқығы бар. Еңбекке мәжбүрлеп тартуға қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін адамды кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде, не төтенше жағдайда, не соғыс жағдайында жол беріледі.
- Қазақстан Республикасы қауiпсiздiк пен гигиена талаптарына сай еңбек жағдайлары құқығына, еңбегi үшiн қандай да бiр кемсiтусiз сыйақы алу, сондай-ақ әлеуметтiк қорғалу құқығына заңға сәйкес кепілдік береді.
- Заңда белгіленген тәсiлдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы танылады.
- Тынығу, жұмыс уақытының ұзақтығы, демалыс және мереке күндерi, ақы төленетін демалыс құқығына заңмен кепiлдiк беріледi.
28-бап
- Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны қарап-тексеруге, тiнтуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртiппен жол берiледi.
- Қазақстан Республикасында өз азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Тұрғын үй соған мұқтаж азаматтардың заңда көрсетiлген санаттарына заңда белгіленген нормаларға сәйкес берiледi.
29-бап
- Қазақстан Республикасы азаматтарының заңды түрде алған кез келген мүлкіне жеке меншiк құқығы бар.
- Меншiкке және мұрагерлiк құқыққа заңмен кепiлдік беріледі.
- Сот шешiмiнсiз ешкiмдi өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген айрықша жағдайда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiкті мәжбүрлеп иеліктен шығаруға оның тең құны өтелген кезде жол беріледі.
- Қазақстан Республикасы кәсiпкерлiк қызмет бостандығы құқығына, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалану құқығына кепілдік береді. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi немесе шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
30-бап
- Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.
- Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.
- Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.
- Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
31-бап
- Қазақстан Республикасының азаматына жалақы мен зейнетақының ең төмен мөлшеріне кепiлдiк берiледi,
- сондай-ақ жасына, науқастануына, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына байланысты және өзге де заңды негiздер бойынша әлеуметтiк қамсыздандыруға кепiлдiк берiледi.
- Қазақстан Республикасында ерікті әлеуметтік сақтандыру, өзге де әлеуметтік қамсыздандыру нысандары, волонтерлік қызмет пен қайырымдылық қолдау табады.
32-бап
- Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
- Қазақстан Республикасының азаматтары заңда белгiленген медициналық көмекті ақы төлемей алуға құқылы.
- Мемлекеттік және жекеменшiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын тұлғалардан ақылы медициналық көмек алу заңда белгiленген негiздерде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
33-бап
- Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуына кепiлдiк берiледi. Бастауыш және негізгі орта білім мiндеттi.
- Қазақстан Республикасы азаматының заңға сәйкес жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға құқығы бар.
- Жекеменшік оқу орындарында ақылы білім алу заңда белгiленген негiздерде және көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
- Мемлекет жалпыға мiндеттi білім беру стандарттарын белгiлейдi. Барлық оқу орнының қызметi осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс.
- Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие.
34-бап
Қазақстан Республикасы азаматтарының бейбiт жиналысқа құқығы бар. Бұл құқықты пайдалану конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін.
35-бап
- Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына өзі жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiш жолдауға құқығы бар.
- Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар. Жалпыхалықтық референдум өткізу тәртібі конституциялық заңда айқындалады.
- Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлауға, жалпыхалықтық референдумға қатысуға құқығы жоқ.
- Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауға қатысты кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлануға құқығы жоқ.
- Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттік қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар заңға сәйкес лауазымдық мiндетінің сипатына ғана қатысты болады.
36-бап
- Әр адам Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
- Әр адам Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге мiндеттi.
37-бап
- Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті.
- Мемлекет адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді.
- Адам өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндiретiн фактілерді, мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келеді.
38-бап
Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу – әр адамның борышы мен мiндетi.
39-бап
- Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиеттi парызы мен мiндетi.
- Қазақстан Республикасының азаматтары әскери қызметті заңда белгiленген түрде және көзделген тәртiппен өткереді.
40-бап
Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi.
41-бап
- Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртiптi, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында тек заңмен және қажетті шамада ғана шектелуi мүмкiн.
- Этносаралық және конфессияаралық татулықты бұзуға алып келетін әрекет конституциялық емес деп танылады.
- Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын саяси себептермен шектеуге жол берілмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 12, 14, 16, 17, 20, 22, 25-баптарында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелмеуге тиіс.
III бөлім
Президент
42-бап
- Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекет басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, Қазақстан атынан ел ішінде және халықаралық қатынастарда өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.
- Қазақстан Республикасының Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.
- Қазақстан Республикасының Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының біртұтас Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
43-бап
- Қазақстан Республикасының Президентін Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтары конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жеті жыл мерзімге сайлайды.
- Конституцияға сәйкес бір адам бір реттен артық Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды.
- Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын, жоғары білімі бар және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде бес жыл жұмыс істеген Қазақстан Республикасының азаматы сайлана алады.
- Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі және Қазақстан Республикасы Құрылтайының жаңа құрамын сайлау мерзімімен тұспа-тұс келмеуге тиіс.
- Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу пайызынан астам дауысын алған кандидат сайланды деп саналады. Кандидаттардың ешқайсысы елу пайыздан астам дауыс ала алмаса, ең көп дауыс санын алған екі кандидат қайта дауысқа салынады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауыс санын алған кандидат сайланды деп саналады.
- Осы баптың 1-тармағының ережелері өзгермейді.
44-бап
- Қазақстан Республикасының Президенті: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, өзіме жүктелген Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін», – деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.
- Ант беру рәсімі сайлау қорытындысы жарияланған күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының, Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты судьяларының, экс-Президенттерінің, сондай-ақ қоғам өкілдері мен шақырылған шетел азаматтарының қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 51-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде ант береді.
- Жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кіріскен сәттен бастап, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі тоқтатылады. Қызметінен кетірілгендерден басқа, Қазақстан Республикасының барлық бұрынғы Президенттерінің Қазақстан Республикасының экс-Президенті атағы болады.
45-бап
- Қазақстан Республикасы Президентінің өз өкілеттігі кезеңінде өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияда болуға құқығы жоқ.
- Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші лауазымында, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшы лауазымында болуға құқығы жоқ.
46-бап
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жолдау жасайды;
2) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындайды; Вице-Президентті лауазымынан босатады, оның өкілеттігін айқындайды.
Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Вице-Президентті тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;
3) Қазақстан Республикасы Құрылтайының кезекті және кезектен тыс сайлауын тағайындайды; Құрылтайдың бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Құрылтайдың кезектен тыс сессиясын шақырады; Құрылтай ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жариялайды немесе заңды не оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
4) Құрылтайда өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациядан кейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кандидатурасын келісім беру үшін Құрылтайдың қарауына ұсынады; депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Премьер-Министрді тағайындайды; Премьер-Министрді лауазымынан босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкімет құрылымын айқындайды; Құрылтаймен консультациядан кейін Премьер-Министр ұсынған Үкімет мүшелерін тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін лауазымынан босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; аса маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді.
Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Премьер-Министрді тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;
5) Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Жоғарғы Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Мемлекеттік күзет қызметінің Бастығын, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді тағайындайды және оларды лауазымынан босатады;
6) Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын тағайындайды және лауазымынан босатады;
7) Қазақстан Республикасы дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын тағайындайды және кері шақырып алады;
8) депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Құрылтай келісімімен Конституциялық Соттың он судьясын сегіз жыл мерзімге, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін бес жыл мерзімге, Жоғары аудиторлық палатаның сегіз мүшесін бес жыл мерзімге тағайындайды; оларды лауазымынан босатады.
Конституцияның 62-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беруден қайта бас тартылған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы;
9) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және лауазымынан босатады;
10) жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылдайды;
11) адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің Егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде Конституциялық Сотқа күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы және Конституцияның 93-бабында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы өтініш жібереді;
12) Қазақстан Республикасының атынан келіссөздер жүргізеді және халықаралық шарттарға қол қояды; ратификациялық грамоталарға қол қояды; шет мемлекеттердің
Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктері басшыларының, сондай-ақ халықаралық ұйым басшыларының сенім және кері шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
13) мемлекеттік наградаларды, құрметті атақтарды белгілейді;
14) мемлекеттік наградалармен марапаттайды, құрметті атақтарды, жоғары әскери және өзге де атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді;
15) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселесін, саяси баспана беру мәселесін шешеді;
16) кешірім беруді жүзеге асырады;
17) Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мен аумағының тұтастығына, ішкі саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне тікелей қатер төнсе және бұл мемлекеттік конституциялық органдардың жұмыс істеуін бұзуға алып келсе, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және Құрылтайы Төрағасымен ресми консультациядан кейін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе жекелеген аймақтарында төтенше жағдай енгізуді, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, осы мән-жайлар талап ететін шараларды қабылдайды;
18) Қазақстан Республикасына қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген жағдайда Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында немесе оның жекелеген аймақтарында соғыс жағдайын енгізеді, ішінара не жалпы жұмылдыру жариялайды, бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Құрылтайына дереу хабарлайды;
19) өзіне бағынатын Мемлекеттік күзет қызметін құрады;
20) Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігін құрады;
21) Қауіпсіздік Кеңесін, өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесін құрады;
22) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
47-бап
- Қазақстан Республикасының Президенті Конституция мен заңдар негізінде және олардың орындалуы үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады.
- Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол уақытша болмаған кезеңде Қазақстан Республикасының конституциялық заң күші немесе заң күші бар жарлықтар шығарады.
- Қазақстан Республикасының Президенті қол қойғанға дейін заңдарды Құрылтай Төрағасы мен Премьер-Министр алдын ала қол қойып бекемдейді және оларға заңдардың Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.
- Үкімет бастамасымен шығарылатын Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін Премьер-Министр алдын ала қол қойып бекемдейді және оған актілердің Конституция мен заңдарға сәйкестігі үшін жауаптылық жүктеледі.
48-бап
- Қазақстан Республикасының Президентіне, оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.
- Мемлекетке опасыздық жасауды қоспағанда, Президент өкілеттігін атқару кезіндегі әрекеті үшін Қазақстан Республикасының Президенті қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды.
- Қазақстан Республикасының Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, қызмет көрсету және күзету мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
- Осы баптың ережелері Қазақстан Республикасының экс-Президенттеріне қолданылады.
49-бап
- Қазақстан Республикасының Вице-Президентін депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен берілген Қазақстан Республикасы Құрылтайының келісімімен Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайды.
- Вице-Президенттің өз өкілеттігі кезеңінде өкілді органның депутаты болып сайлануға, өзге де ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ саяси партияда болуға құқығы жоқ.
- Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді, сондай-ақ Президент айқындайтын өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
50-бап
- Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына мәлімдеме беру арқылы өз еркімен орнынан түсуге құқылы. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің орнынан түсу туралы мәлімдемені өзі және өз еркімен бергенін растайды. Конституциялық Сот қорытынды берген сәттен бастап Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне байланысты лауазымынан босатылды деп саналады.
- Қазақстан Республикасының Президенті денсаулығына байланысты өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілеті болмаған жағдайда мерзімінен бұрын лауазымынан босатылуы мүмкін. Бұл жағдайда Құрылтай депутаттардан және тиісті медицина салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзімінен бұрын босату туралы шешім комиссияның қорытындысы негізінде және Конституциялық Соттың белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы қорытындысы негізінде Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылданады.
- Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттігін атқару кезіндегі әрекеті үшін мемлекетке опасыздық жасағанда ғана жауапты болады және бұл үшін Құрылтай оны қызметінен кетіруі мүмкін. Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп айып тағу және оны тергеп-тексеру туралы бастаманы Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірі көтереді. Бұл мәселе бойынша шешім Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен қабылданады. Құрылтай тағылған айыпты тергеп-тексеруді ұйымдастырады және оның нәтижелері Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Құрылтай отырысының қарауына шығарылады. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім Жоғарғы Соттың айып тағудың негізділігі туралы қорытындысы және Конституциялық Соттың белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы қорытындысы болған жағдайда Құрылтай отырысында депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің дауысымен қабылданады. Айып тағылған сәттен бастап екі ай ішінде түпкілікті шешім қабылданбаса, бұл Қазақстан Республикасының Президентіне қарсы айыпты қабылданбады деп тануға алып келеді. Қазақстан Республикасының Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың кез келген сатыда қабылданбауы осы мәселені қарауға бастамашы болған Құрылтай депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға алып келеді.
- Қазақстан Республикасының Президентін қызметінен кетіру туралы мәселе Құрылтайдың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін қарау кезеңінде ұсынылмайды.
51-бап
- Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Вице-Президентке өтеді; Вице-Президенттің денсаулық жағдайына немесе жеке сипаттағы өзге де себептерге байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Құрылтай Төрағасына өтеді; Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін Құрылтай Төрағасының қабылдауы мүмкін болмаған кезде Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі Премьер-Министрге өтеді.
- Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған тұлға Конституциялық Сотқа Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту туралы мәлімдеме береді. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту туралы мәлімдемені осы тұлғаның өзі және өз еркімен бергенін растайды және қорытынды береді.
- Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Вице-Президент, Құрылтай Төрағасы, Премьер-Министр өкілеттігін доғарады. Бұл жағдайда бос мемлекеттік лауазымдарға орналасу Конституцияда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
- Қазақстан Республикасының Президенті өз еркімен орнынан түсуіне, денсаулық жағдайына қарай өз міндеттерін атқаруға тұрақты қабілетінің болмауына немесе Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен кетірілуіне байланысты мерзімінен бұрын лауазымынан босатылған не қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде Құрылтай Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу туралы жариялайды. Сайлау Құрылтай тиісті шешім қабылдаған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
- Осы баптың 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлғаның Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге бастама жасауға, сондай-ақ Құрылтайды таратуға құқығы жоқ.
IV бөлім
Құрылтай
52-бап
- Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігiн жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкiлдi органы.
- Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады және жаңадан шақырылған Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталған кезде аяқталады.
- Құрылтайдың өкілеттігі Конституцияда көзделген жағдайда және белгіленген тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
- Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңда айқындалады.
53-бап
- Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорциялы өкілдік жүйе негізінде конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын бір жүз қырық бес депутаттан тұрады.
- Құрылтай депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
54-бап
- Құрылтай депутаттары жалпыға бірдей, тең жəне төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Құрылтай депутаттарының кезекті сайлауы жұмыс істеп тұрған Құрылтай шақырылымының өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі айдан кешіктірілмей өткізіледі.
- Құрылтай депутаттарының кезектен тыс сайлауы Құрылтайдың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
- Жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан адам Құрылтай депутаты бола алады.
- Құрылтай депутаттарының сайлауы конституциялық заңмен реттеледі.
- Құрылтай депутаттары Қазақстан халқына ант береді.
55-бап
- Құрылтай депутаттары оның жұмысына қатысуға міндетті. Құрылтайда депутаттың жеке өзі дауыс береді. Депутат Құрылтай мен оның органдарының отырыстарына дәлелді себепсіз үш реттен артық қатыспаса, сол сияқты дауыс беру құқығын басқаға берсе, бұл заңда белгіленген жазалау шараларын қолдануға алып келеді.
- Құрылтай депутатының басқа өкілді органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми, шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін лауазымды атқаруға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ. Осы талаптарды бұзу депутаттың өкілеттігін тоқтатуға алып келеді.
- Құрылтай депутатын қылмыс орнында немесе ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанда ұстау жағдайларын қоспағанда, оны өз өкілеттігі мерзімі ішінде Құрылтайдың келісімінсіз ұстауға, күзетпен ұстауға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалауға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
- Құрылтай депутатының өкілеттігі депутат орнынан түскен, қайтыс болған, заңды күшіне енген сот шешімімен әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайда тоқтатылады.
Құрылтай депутаты:
1) Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) өзіне қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;
4) сайланған саяси партиясынан шыққан немесе шығарылған;
5) сайланған саяси партиясы қызметін тоқтатқан кезде мандатынан айырылады.
Құрылтай депутаттарының өкілеттігі Құрылтай таратылған жағдайда тоқтатылады.
Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 2-тармағының талаптарын және депутаттық әдеп қағидаларын сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкілеттігін тоқтатуға, оларды өкілеттігінен және қол сұғылмау кепілдігінен айыруға байланысты мәселелерді дайындау Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледі.
56-бап
Құрылтай:
1) конституциялық заңдарды және заңдарды қабылдайды;
2) Қазақстан Республикасының Президенті қарсылық білдірген заңдарды немесе заң баптарын қарсылық жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайта талқылап, дауысқа салады. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылығының қабылданғанын білдіреді. Егер Құрылтай конституциялық заңдар немесе конституциялық заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының төрттен үшінің дауысымен, ал заңдар немесе заң баптары бойынша депутаттардың жалпы санының үштен екісінің дауысымен Президенттің қарсылығын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға немесе заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығы еңсерілмесе, конституциялық заң немесе заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп саналады;
3) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;
4) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану туралы шешім қабылдайды;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын жариялайды;
6) жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтереді;
7) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Вице-Президентін тағайындауға келісім береді;
8) Қазақстан Республикасының Президентіне Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін тағайындауға келісім береді;
9) Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауына Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен келісім береді;
10) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлайды және лауазымынан босатады, олардың антын қабылдайды;
11) Конституциялық Сот судьяларын, Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айырады;
12) Құрылтай депутатының өкілеттігін тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуымен Құрылтай депутатын қол сұғылмау кепілдігінен айыру мәселесін шешеді;
13) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге құқылы;
14) Конституциялық Соттың Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;
15) жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата Төрағасының есебін тыңдайды;
16) Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылайды және бекітеді. Құрылтайдың республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебін бекітпеуі Құрылтайдың Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруі деп саналады;
17) Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің өз қызметі жөніндегі есептерін тыңдауға құқылы. Үкімет мүшесі Қазақстан Республикасының заңдарын орындамаған жағдайда, есепті тыңдау қорытындысы бойынша Құрылтай депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің дауысымен Қазақстан Республикасының Президентіне оны лауазымынан босату туралы өтініш білдіру жөнінде шешім қабылдауға құқылы. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Үкімет мүшесін лауазымынан босатады;
18) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша тыңдау өткізеді;
19) өз қызметінің регламентін қабылдайды және Құрылтайдың жұмысын ұйымдастыруға, ішкі тәртібіне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешім қабылдайды;
20) Құрылтайдың үйлестіру органын және жұмыс органдарын құрады;
21) Құрылтай комиссияларын құрады, төрағаларын сайлайды және лауазымынан босатады, комиссиялардың қызметі туралы есепті тыңдайды;
22) Құрылтайға Конституциямен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
57-бап
Құрылтайды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан Құрылтай депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен жасырын дауыс беру арқылы сайланған Төраға басқарады. Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады.
Құрылтай Төрағасын сайлаудан қайта бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтайды таратуға құқылы.
Құрылтай депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда Құрылтай Төрағасы лауазымынан кері шақырып алынуы, сондай-ақ орнынан түсуі мүмкін.