Оқуға құштар жүректер
Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын насихаттау, жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында Д.А.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен «Оқуға құштар жүректер» облыстық байқауының аудандық кезеңі өткізілді.
Қазақ әдебиетінің алып тұлғалары – Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына және қазақ поэзиясының ақиығы Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған шығармашылық байқау Тұрар Рысқұлов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Құлан ауылдық балалар кітапханасында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Байқау барысында қатысушылар ақын-жазушылардың шығармаларын мәнерлеп оқып, олардың өмірі мен еңбектері туралы сұрақтарға жауап берді. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша 7-сынып оқушысы Шұғыла Жолдасбек үздік өнер көрсетіп, байқаудың облыстық кезеңіне қатысуға жолдама алды.Жас оқырманға алдағы кезеңде сәттілік тілейміз. Кітапқа деген сүйіспеншілік пен білімге құштарлық әрдайым биік белестерге жетелей берсін.
Сандуғаш Егембердиева,
Құлан ауылдық балалар кітапханасының кітапханашысы.

