«Мамайым» әні – тұтас ауылдың рухани айнасына айналған шығарма
Қазақ музыкасы тарихында ресми жинақтарға енбесе де, халық жадында сақталып қалған әндер аз емес. Мұндай шығармалар белгілі бір ортада айтылып, уақыт өте келе сол жердің рухани белгісіне айналады. «Мамайым» әні – сондай туындылардың бірі.
1972-1973 жылдары Жамбыл облысының сол кездегі Луговой ауданына қарасты Мамай-Қайыңды ауылына белгілі композитор Мэлс Өзбеков қонаққа келеді. Бұл сапардың бастауында Мамай ауылының тумасы, совхозда жауапты қызмет атқарған парторг Жарылқап Құлметов тұрған. Екеуі әскерде бірге болып, сол жылдардан қалған достық байланыс бұл жолы өнерге ұласқан.
Ауылдың қонақжайлығы мен табиғи тынысы композиторға ерекше әсер етеді. Қонақ болып жүрген күндердің бірінде Мэлс Өзбеков ауылға арнап ән жазуды ұйғарады. Сол сәтте туған әуен кейін «Мамайым» деп аталады.
Ән ұмытылып кетпес үшін ауылдағы өнерлі әнші, музыкалық білімі бар Нағима Әбілдаеваны шақыртады. Композитор әуенді ыңылдап айтып, Нағима әпке баянмен орындап, нотасын қағазға түсіреді. Кей тұстарда әуеннің ырғағы мен екпіні өзара талқыланып, нақтыланады. Сол отырыстың куәгерлері қатарында Жарылқап Құлметовтің Мамай ауылында туған түйдей құрдастары әрі ауылдың белсенді қызметкерлері болғаны жөнінде ауызша деректер айтылады. Атап айтқанда, сол кезде ауылға демалысқа келген Оңлан Жанқоразов – Жезқазғандағы Горно-металлургия комбинатының қызметкері, Нақын Әбітаев – Мамай-Қайыңды бөлімшесінің меңгерушісі, қазіргіше айтқанда ауыл басшысы, Тұрсын Момышев – совхоздың гараж меңгерушісі және ауылда ферма меңгерушісі болған Көпбосын Итқұлов.
Әннің сөздері де сол кеште жазылып, авторлары ретінде Мэлс Өзбеков, Жарылқап Құлметов және Нағима Әбілдаева көрсетіледі. Бұл туынды ресми музыкалық жинақтарға енбесе де, жылдар бойы Мамай ауылының бейресми гимні ретінде айтылып келеді. Бүгінде «Мамайым» әні жаңа тыныс алып, заманауи өңдеумен қайта жаңғырып отыр. Бұл туындыны ауылымыздан шыққан, аймаққа белгілі өнерпаз Жансерік Әбілдаев өз нақышында орындап, халыққа қайта ұсынып жүр. «Мамайым» – бір әннің ғана емес, бір ауылдың рухани айнасына айналған шығарма.
Бауыржан Баимбетов, Мамай-Қайыңды
ауылының тұрғыны.

