Қазақ тілін үйретудегі жасанды интеллект мүмкіндіктері
Қазақ тілін үйретудегі жасанды интеллект мүмкіндіктері
Қазіргі кезеңде мемлекеттік тілді оқыту жүйесі цифрлық технологиялармен толыққанды интеграцияланып келеді. Тілдерді оқыту орталықтары білім сапасын арттыру, оқу процесін тиімді басқару және тыңдаушылардың нәтижесін нақты бақылау мақсатында заманауи шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуде. Соның ішінде жасанды интеллект (ЖИ), Face Control жүйесі және электронды журнал – өзара үйлесімді жұмыс істейтін маңызды құралдар.
Жасанды интеллект технологиялары әр тыңдаушының білім деңгейін, оқу қарқынын, жиі жіберетін қателерін саралап, жеке оқу траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл әсіресе қазақ тілінің грамматикасын, лексикасын және жазылым дағдыларын жүйелі меңгеруде тиімді.
Мысалы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің қолдауымен әзірленген Steppe Rider цифрлық ойыны қазақ тілді меңгертудің заманауи құралы ретінде ұсынылады. Аталған жоба қазақ тілінің A1–A2 деңгейлерін ойын форматы арқылы меңгертуге бағытталған. Ойын тіл үйренушілердің сөздік қорын кеңейтіп, қарапайым сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға және мемлекеттік тілді оқуға деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Оқу процесінің сапасы тек мазмұнмен емес, қатысу тәртібімен де байланысты. Face ID (бет-әлпетті тану) технологиясы сабаққа қатысуды автоматты тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе адам факторын азайтып, қатысу есебін нақты әрі әділ жүргізуге жағдай жасайды. Аталған технология әсіресе мемлекеттік бағдарламалар аясында оқитын топтар үшін маңызды. Себебі оқу сағаттарының толық игерілуі – негізгі талаптардың бірі. Сонымен қатар қауіпсіздік пен бақылау жүйесін күшейтеді.
Электронды журнал – нәтижені жүйелі бақылау құралы. Электронды журнал оқу жетістіктерін тіркеу, бағалау, кері байланыс беру және талдамалық есеп жасау жұмыстарын жеңілдетеді. Тыңдаушы өз үлгерімін онлайн форматта бақылап, қай бағытта қосымша жұмыс қажет екенін анықтай алады. Ал оқытушы үшін бұл – оқу динамикасын саралауға арналған тиімді құрал. Электронды журналды жасанды интеллектпен ықпалдастыру арқылы автоматты талдау, ұсыныс беру, үлгерім болжамын жасау сияқты қосымша мүмкіндіктер ашылады. Жасанды интеллект – білім мазмұнын жетілдіреді. Face Control – оқу тәртібін қамтамасыз етеді. Электронды журнал – нәтижені нақты тіркейді.
Осы үш бағыттың кешенді қолданылуы тілдерді оқыту жұмысын жаңа сапалық деңгейге көтереді.
Е.Баймухамбет, Т.Рысқұлов аудандық
бөлімше меңгерушісі.
