Баршаның назарына!
24 ViewsБаршаның назарына! Ардақты ағайын, қадірлі қонақтар! Сіздерді қазақтың ұлттық дәстүрі мен рухы тоғысқан айшықты мереке саналатын «Қымызмұрындық – 2026» іс-шарасына шақырамыз! Бұл іс-шара Мемлекет…
Облысымыздың айнасы, төрде тұратын төл басылымымыз «Ақ жол» газетінің жарық көргеніне 100 жылдан астам уақыт болды. Соның 26 жылын қолымнан қаламым, қолтығымнан блокнотым түспей жүріп, мен де көріппін. Иә, ғана «Алтын қалам» иесі атанған дарынды жазушы Несіпбек Дәутайұлымен бірге иық түйістіре жүріп меншікті тілші болыппын. Осы аға басылымда қызмет істегеніме өкінбеймін. Өйткені «үлкендердің сарайы – алтын сандық» екенін осы төбе газетте жүріп түсіндім. Егер алғыр ойлы, қайсар мінезді Арғынбай аға Бекбосынов болмаса, «Құландағы құйын» атты фельетонымды жазар ма едім?.. Білдей бір ауданның әкіміне орны мен оябы бөлек сөз айтып, тіпті онымен соттасып, сотта жеңіп шығып, «Ақ жолдың» мерейін үстем етер ме едік. Сонда ғой, облыстық соттың ғимаратында бір топ ұлты орыс ағайындар: «рядовой журналист победил акима района» деп, мені аспанға лақтырғаны. Сол фельетонымды Шерағам Алматыға алып кетіп, орталық басылымдарға шығармақшы болды. Алайда бірде бір орталықтағы басылым оны басудан бас тартып, ақырында «Ара» журналы (редакторы Сақтапберген Әлжіков) «Жетеудің хаты» деген тақырыппен тартынбай жариялады. Содан соң ғана «Казахстанская правда» газеті жария етті. Аудан әкімі орнынан алынып, ақиқат орнады.
Иә, Арекең «жүректі» редактор болатын. Әйтпеген күнде Колбинның қылышынан қаны сорғалап тұрғанда менің Меркідегі Асанбай Асқаровты Бішкектің абақтысынан шығарып алуға қатысқан 20 мыңға жуық адам жиналған митингіден жазған репортажымды газетке жарияламас еді ғой. Ол аз десеңіз, Қыстаубай Байтуовты Алматыға жіберіп, заманымыздың заңғар тұлғасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы көлемді очеркті жаздырмас еді ғой. Осының барлығы Арекеңнің ерлігі, ерендігі дер едім. Мен өзім осындай Махамбеттей өжет, Сыпатайдай сабырлы мінезі бар азаматқа екі сайлау бойы сенімді өкіл болып, екі сайлауда да Парламентке депутат етіп сайлағанымызға өкінбеймін. Арекеңе сол кезде бүкіл ұжым болып атсалысып, үгіт-насихат жүргіздік. Шерхан Мұртаза ағама да дәл осылайша белді буып, білекті сыбанып жүріп қызмет көрсеттім.
Әлі есімде, Шерағам Алматыдан менің Мұса Рахманбердиев деген журналистикада бірге оқыған досыммен бірге келіп, Луговойда ай бойы жатқаны. Сонда ғой, ауылдағы қазақ ағайындар ол кісіні: «Шерхан – қазақтың паспорты ғой, оған дауыс бермегенде кімге береміз!» деп төбесіне көтергені. Алайда билік өкілдері: «Адамда екі тіл болмайды. Ол жыланда ғана болады» деген Шерағамның сөзінен шошып, ол кісіні депутаттыққа өткізбеудің сан түрлі айла-шарғысын жасап бақты. Бізді кейбір ауылдарда клуб пен мектеп ғимаратына сайлаушылармен жиналыс өткізуге кіргізбей қойды. Сөйтіп кездесулерді автобус аялдамаларында, ашық аспан астында өткізген күндеріміз де болды. Шерағам бір ай бойы Луговойда болған кезінде біздің үйде де жатты. Сонда мен ол кісінің талай әңгімесін құлағыма құйып алдым. Кейде ол кісі сайлаудан жалыққанда Мұса Жәлелдің татарша мақамына салып ыңылдап ән айтатын. Сөйтсем ол патриоттық ән екен. Шерағам сонда ол өлеңді өзін және өзгелерді жігерлендіру үшін айтады екен ғой.
Біздің «Ақ жол» газетінде оқта-текте облыстық теле-радио компаниясының басшысы болған Әлмұқан аға Исақовтың әңгімелері де жарияланып тұратын. Бір күні маған бір таныс кісі келіп: «Секе, анау Әлекең сіздердің газеттеріңізге мен туралы жазыпты. Енді қайтем?» деп әбіржіп тұр. Сұрастыра келсем, соның сәл алдында ғана Әлекең Луговой ауданына бірінші хатшы болған ғой. Ал жазған әңгімесінің тақырыбы: «Пара» деп аталады. Ал әлгі танысым қызметке тұру үшін ол кісіге пара бермекші болған көрінеді. Ал өз әңгімесінде Ә.Исақ дәл сол тақырыпты қозғап, әлгі кісінің басынан кешкен оқиғаны айнытпай жазса керек. Әңгіменің шартты түрде жазылғанын қайдан білсін, әлгі танысым оны өзі туралы жазылған әңгіме екен деп түсініп, өзінен өзі сары уайымға салынып жүр екен.
Иә, өмірде ондай да болады. Әлекең марқұм әдебиетке де өзінің «ізін» қалдырып кетті. Ал шынтуайтына келгенде ол кісі бүкіл өмірін саясатқа арнаған адам ғой. Әйтпесе Д.А.Қонаев ел басқарып тұрғанда Әлекеңді: «Қазақстандағы нөмірі екінші идеолог» деп атамас еді ғой. Әлекең біздің «Ақ жол» газеті орналасқан ғимараттың астыңғы қабатында да отырды. Сол кабинеттің киесі бар ма деймін. Кейін сол кабинетте отырып Несіпбек Дәутайұлы та «Жамбыл» журналын шығарды емес пе?
Жалпы біздің редакция қоныстанған орынды киелі шаңырақ деп атаса да болады. Осы «киелі шаңырақта» мен талай абыздардың батасын алдым. «Шаншар атай» аталып кеткен Әлдихан аға Қалдыбаевты қаламгерлердің «қоңыр құлжасы» дер едім. Ол кісінің мінезі де, азаматтық бар бітім-болмысы да осы теңеуіме лайық па деймін. Әлдекеңнің ашуланғанын көрмеппін, оның іс-әрекеті қабағында жазылып тұратын. Ол өзі бір бар болғыр жан еді. Егер «әкем аман болсын» деген сөзді айтқың келсе, осы кісіге айт дейтінмін әріптестеріме. Рахметілдә Құдабаев менің ескі танысым еді. Ол кісімен аудандық «Коммунистік еңбек» газетінде бірге қызметтес болдым. Мен ол кісіден очерк жазуды үйрендім.
Ал, Рахметілдә Өзбеков мен оқыған Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте (Жаңатұрмыс ауылы) оқушыларға дәріс берген екен. Меркі мен Луговой аудандарына меншікті тілші болып облыстық газетке келгенімде Рекеңмен сырлас-мұңдас болдым. Өйткені қазақ тілінің Луговойдағы жанашыры мен болсам, облыстағы жанашыры Рахметілдә болатын. Ол ерінбей-жалықпай Меркіге іс-сапармен келгенде міндетті түрде мені жанына ертіп алатын,.Мектептерді аралап, қазақ тілінің ау-жайын таразылайтын едік. Кейде тіл мәселесі төңірегінде өз пікірлерімізді ортаға салып, түн ауғанша оның Меркідегі үйінде, ашық аспан астында ай күзетіп, ұзақ-ұзақ сырласып жататынбыз. Ол өзі шынында да сирек тұлға болатын. Жаны жәннатта болғай!
Жиырма алты жыл газетте істеген жылдары нағыз дуалы ауызды, сөз қадірін білетін азаматтармен пікірлес болдым. Солардың ішінен Асқаржан Сәрсековты бөле-жара айтқым келіп тұр. Облыстық газетте істейтін журналистерді командировкаға жіберген кезде редактор «міндетті түрде сондағы меншікті тілшімізбен байланыс» дейтін болуы керек, тілші әріптестерім мені аттап өтпейді. Асқаржанның Луговойға келгенде жазған «Сейфтегі демократия» деген фельетоны жұрттың көкейінен шыққан шығарманың бірі болды десем жаңылыспаймын.
материалды зерттеу үстінде Асекең марқұм өте сақ жүрді. Тегі: «Жүр менің үйіме қона жат» дегеніме де құлақ аспады. Қонақүйге жатты. Артынан өре жүгірген арызқойлардан да бойын аулақ салды. Бұл журналистің тазалығы, ақиқат жолынан аттамай тек қана шындықты шыңғыртып жаза білгендігі дер едім. Иә, оның өмірі қысқа болды. Әйтпесе әйгілі фельетоншылар Төлеубай Ыдырысов пен Нұриддин Мұфтаховтардан бірде бір кем жазбас еді. Осы сыншылар мен сықақшылар «тобына» досым Болат Жаппаровты да қосқан болар едім. Болатты да барған жерінде әділет іздеп, сергелдеңге түскен ауыл азаматтары қай жерде жүрсе де тауып алатын. Өйткені Бөкең де өткір жазады. Шерағам айта беретін «жегені жантақ» журналист ағайынның бірі осы Болат Жаппаров. Марқұм Лесбек Сайлаубек те осы «шекпеннен» шыққан шерлі шайырдың, шыншыл журналистің бірі еді.
Біздің журналистеріміздің мектебі мұнымен таусылмайды. Сапар Әлібаев пен Баймұхамбет Ахметтер туралы бір таңға тоқтамай айтатын әңгімем бар. Алдымен Сәкең туралы. Ол осы Таразда тұрған бір бақсы туралы мақала жазды. Сонда ол өзін адам құрлы көрмей, менсінбей мазақ қылып кеткен шенеуніктерді кейін әлгі бақсы үйіне шақырып алып, елмен бірге зікір салғанда дөкейлерді бір-бірімен тоқтыларша секіртіп, қошқарларша сүзістіргенін айнытпай жазғаны әлі есімде. Мұндай тақырыпқа да қалам сілтеу әркімнің қолынан келе бермейді. Ал, Баймұқанның жазушыға тән бай тілі бар екенін оның бүгінгі жазып жүрген кітаптарынан анық байқаймыз.
Иә, кейде мен өзімнің әріптестерімді жүрегі жұмсақ жандар ма деп қаламын. Әйтпеген күнде Меркідегі Асанбай Асқаровты абақтыдан босатып алу үшін қол жинауға келген ақын Жақсылық Сәтібековтың мінбеде тұрып еңіреп жылағанын неге жоруға болады. Өйткені ол атамекені, Отаны үшін күрескен азаматтардың жазықсыздан жазықсыз солақай саясаттың құрбаны болғанын қаламады. Ал Қыстаубай көкем ше? Қонаевтай дараны көріп келген соң ол кісінің табалдырығының алдында отырып жылағанын ұялмай бізге айтып берді. Өйткені оның да жүрек түкпірінде Отанға, туған жерге, Қонаевтай тұлғаға деген керемет құштарлық бар екені айтпаса да түсінікті емес пе? «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» деген сөз бар. Біздің қаламдастарымыз ел басына төнген өлара шақта түкпірге тығылып, бұғып қалмай шындықты жазды. Осы айшықтай болған ықылымда ақиқаттың ақ жолынан аттамай тек қана шындықты жазды. Сондықтан да біздің журналистеріміздің бойында Бауыржанның қайсарлығы, Төле бидің туралығы бар ма деймін.
Сіз маған: «Өзің туралы айт» дейсіз, мен 50 жыл өмірімді газетке арнадым. Соның 21 жылын аудандық, 26 жылын облыстық газетте өткіздім. Темірбек аға Қожакеевті көрсем, Төлеубай Ыдырысовты көргендей болып қалатынмын.
өйткені біз сияқты қалам ұстаған тілшілерді журналистер «ұстаханасында» тәрбие тезінен өткізген Темкең, Зейнолла Қабдолов, Әбілфайыз Ыдырысов, Қалижан Бекқожин сияқты нағыз сын мен шын сөздің зергерлері болатын. Осы кісілерден алған тағылым-танымымыз өмір жолымызға азық болды. Егер облыстық басылымда Арекең сияқты азулы редакторым болмаса жегіш, жемқорларды жүгендеп, сын тезіне салар ма едік. Меншікті тілші болып жүргенімде Меркідегі Нововоскресеновка елді мекеніне командировка алып келгенім бар еді. Сонда автобуста әңгімеге тартқан бір қария: «Сендер осы Шалдуардың атын неге қайтармайсыңдар?» деп еді. Сөйтсем «Нововоскресеновка» деген сөздің түп төркінінде біз естіп білмеген талай тұңғиық сыр жатыр екен. Сол сөзді қазақ тіліне аударсаңыз: «жаңадан шоқынғандар» дегенді білдіреді. Сонда «кімді шоқындырған?» деген сұрақ еріксіз езуіңе кеп іркіледі. Ілгеріде осы ауылда тұратын бір қарияның: «Шіркеуге кәмпит беріп алдап, қазақ балаларын әкеліп шоқындырған» деген сөзі рас болғаны ғой. Ауылдың атын да «Нововоскресеновка» деп солар қойған деген сөз кейін ақиқатқа айналды. Содан соң мен: «Ауылға Андас аты лайық» деген мақала жаздым. Өйткені Андас батыр: «Мені қырғыз бен қазақтың шекарасына жерлеңдер» деп өсиет қалдырыпты. Осы ойымның жүзеге асуына Қамбар аға Иманалиев көп үлес қосты. Вознесеновка мекеніндегі батыр ата зиратына зәулім кесене тұрғызды. Аймаққа Андас аты берілді.
меркінің Ленин жолы ауылына көктем мезгілінде қызметтік сапармен бара қалып ауыл тұрғындары өздерінің желке тұсындағы байламадан төніп тұрған қауіпті айтты. Су шаруашылығындағы мамандармен бірге байламаға барғанымызда тосқауыл тоғанның ауыл жағындағы тұсы жарылып, сыздықтап су ағып тұрғанын көрдік. Мен облыстық газеттен «дабыл» көтеріп, шұғыл сын мақала жаздым. Артынша облыс әкімі Бөрібай Жексембин келіп аудан басшыларына жедел шара қолдану жөнінде тапсырма берді. Облыс басшысы осы сапарында Ленин жолы ауылының халқымен жүздесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдаған болатын. Сөйтіп елді мекеннен Шуға баратын күре жолға дейінгі ми батпақты соқпақты көріп 10 миллион теңге қаражат бөлгізген. Ал Жақан ақсақал ауыл мектебінің жөндеу жұмыстарын өз мойнына алған. Сол кезде ауыл мектебін Жұмахан Жантелиев деген азамат басқаратын. Мен оған ауылға «Ақ жол» газетінің атын беру туралы ұсынысымды айттым. Осы ұсынысқа ауыл азаматтары да қарсы болған жоқ, кейін ауылдың аты Ақ жол атанды. Біз ауылға шефтік көмек көрсетуді өз мойнымызға алдық.
Осындай қайырымды істеріміз арқылы газеттің таралымының да артқанын, оқырмандарының да толыққанын білдік.
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері Сейсен Қожекемен болған сұхбатты жазып алып, газетімізге дайындаған С.Құралбай.