Ұлы даланың жеті қыры

745 Views

Түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы халық арасында кең таралуы тиіс. Сол себепті де, еліміздің әр өңірінде түсіндіру жұмыстары көптеп өткізілуде. Дәл сондай шарапаты мол іс-шараның бірі өткен аптаның жұмасында Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте ұйымдастырылды. Оған аталмыш мектептің жоғары сынып оқушылары мен ұстаздары және аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі Сәуле Көшкінбаева шараның басты мақсаты мен оған қатысып отырған құрметті қонақтарды таныстырды. Сонымен қатар, басқосудың аудандық тарихи- өлкетану мұражайымен бірлесе ұйымдастырылғанын мәлім етті. Алғаш болып сөз алған аудандық мұражайдың меңгерушісі Есназар Құрымбаев өз сөзінде Елбасы мақаласының ерекшеліктеріне тоқталып, ондағы әр бөлімде айтылған межелі міндеттерді оқушылармен бірге талқыға салды. Ал, Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау инспекторы Зәуре Сарманбетова оқушыларға ауданымыздағы тарихи орындардың басты ерекшеліктерін айтып, облыс көлеміндегі макросакралды нысандарды жіпке тізіп берді. Айта кету керек, макросакралды нысандар қатарына ауданымыздан Құлан және Өрнек қалашықтары енген. Жиын соңына қарай аудандық мұражайдың экскурсоводы Бауыржан Толыбаев тарихи-өлкетану музейіндегі көшпелі экспонаттарды оқушылар назарына ұсынып, аудан тарихына енген жетістіктер жайында сөз етті.

Басқосу соңында мұражай меңгерушісі Есназар Құрымбаев, мектеп мұғалімі Сәуле Көшкінбаева мен оқушыларға өз алғысын жеткізді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: