Өмірден ерте кеткен ер Ертай…
21 ViewsЖауын Ертай Ернарұлы. Бұл есімді менің білгеніме 2-3 жылдың жүзі болды. Ертайдың өмірі қысқа болды. Ол әрине ауырып сыздаған жоқ. Мектепте де үздік оқушылардың…
Жауын Ертай Ернарұлы. Бұл есімді менің білгеніме 2-3 жылдың жүзі болды. Ертайдың өмірі қысқа болды. Ол әрине ауырып сыздаған жоқ. Мектепте де үздік оқушылардың бірі болыпты. Спорт десе, жаны тіпті алабөтен болатын дейді білетіндер. Мектеп бітірген соң Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтына оқуға түскен екен. Әттең, жол көлік оқиғасы оның өмірін ерте қиды. Небары 20 жыл ғұмыр кешсе де, Ертайдың артында жақсы сөз қалды. Көкдөнен ауылының тұрғындары Ертайды бұл күндері «Жастайынан алғыр болып өскен бала еді» деп еске алады.
Өткен сенбіде, яғни 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай, Көкдөнен ауылында еркін күрестен «Спорт шеберіне үміткер» болған Жауын Ертайды еске алуға арналған аудандық ашық біріншілік жарысы өтті. Ертайдың ата-анасы мен бауырларының ұйымдастыруымен еркін күрестен өткен бұл ашық біріншілік жарысына Тараз, Меркі және өзіміздің аудандағы еркін күреспен айналысып жүрген 2011-2013, 2015-2017 жылы туған балалар мен жасөспірімдер қатысты. Жарысқа жалпы жиынтығы 130-ға жуық спортшы қатысты.
Жарыстың ашылу рәсімін Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев сөз сөйлеп, ашып берді. Ол өз сөзінде Ертайдың бойында нағыз ер азаматқа тән мінездің барлығы болғанын сөз етіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан кейін Көкдөнен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Карбоз Ағыбаев, Ертайдың ағасы Қанат Маткеримов, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі директорының орынбасары Әбіләшім Мырқасымов, Ертайдың досы Біләл Қырғызбай да сөз сөйлеп, Ертайдың үлкенді құрметтей білген, жақындарына жанашыр, достыққа да адал адам болғанын сөз етіп, еске алды.
Жарыстың бас төрешісі – Дәурен Айдахун болды. Жарысты таңертеңнен кешке дейін бізде тамашаладық. Нәтижесінде 2015-2017, 2011-2013 жылы туған балалар мен жасөспірімдер арасында өткен еркін күрестен «Спорт шеберіне үміткер» болған Жауын Ертайды еске алуға арналған аудандық ашық біріншілік жарысында 23, 26, 29, 32, 35, 38, 48, 57, 68 келі салмақ дәрежесінде жүлдегерлер мен жеңімпаздар анықталды. Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға алғыс хат, медаль және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Осы жарысқа шәкірт баптап әкелген әрбір жаттықтырушыларға да дәл сондай сыйлықтар берілді.
Осындай жарыстар жас өрендердің шеберлігін шыңдайтыны белгілі. Еркебұлан Батырханов жаттықтыратын Жақсылық ауылының жас балуандары осы жарысқа жақсы дайындықпен келіпті. Оны күрес көрген адамдар да байқады. Жалпы командалық есепте жүлделі үшінші орынды Тараз командасы еншілесе, жүлделі екінші орын Мәди Самратбаев жаттықтыратын Көкдөнен ауылы балуандарының еншісіне жазылды. Жүлделі бірінші орынды жаңа да атап өткеніміздей Еркебұлан Батырханов жаттықтыратын Жақсылық ауылының командасы жеңіп алды. Жарыс барысында Ертай Ернарұлының рухына Құран бағышталып, Көкдөнен ауылындағы мешіттің жанынан салынған асханада ас берілді.
Марат Диханбай.