Жақсымен өткен жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей

17 Views

Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектебінде  бүгінгі цифрлық заманда кітаптың құдіреті мен поэзияның киесін жас ұрпаққа ұғындыру – маңызды міндет. 

Осы мақсатта мектеп  кітапханашыларының  ұйымдастыруымен «Қалам мен жүрек үндестігі» Қазақстан журналистер одағы сыйлығының иегері, жергілікті жазушы Сейсенбай  Шәмінұлы Қожекемен шығармашылық  кездесу өтті.

Кездесу барысында ақын өзінің балалық шағы, алғашқы өлеңдерінің шығу тарихы  және шығармашылық жолындағы қызықты сәттерімен бөлісті. Тәжірибе алмасуға аймақтың кітапханашылары да қатысты.  Оқушылар ақынның қаламынан туған отты жырларды тыңдап, рухани азық алды.

Сұрақ — жауап айдарында оқушылар ақынға шабыттың қайдан келетіні, қазіргі әдебиеттің жай-күйі туралы көкейкесті сауалдарын қойды.

Мектептің 3 сынып оқушысы Еркеназ Байболат және  2 сынып оқушылары Ерқанат Құралбай,   Жанель Жанатбай, Раяна Ғабит жазушы Сейсен Қожекенің патриоттық, туған жер және ана тақырыбындағы өлеңдерін мәнерлеп айтып берді.

Кітапханашы  ақынның шығармаларына арналған арнайы көрме ұйымдастырып, оқырмандарды  туындылармен таныстырды.

«Өлең деген – ол жай ғана ұйқас емес, ол – жанның толқыны. Жастардың көзіндегі отты көріп, болашақ әдебиетіміздің тізгіні сенімді қолда екеніне көзім жетті», – деп ақын кездесу соңында ақ батасын берді.

Шараның соңында мектеп әкімшілігі мен кітапхана ұжымы Сейсен Қожекеге шығармашылық табыс тілеп, алғыс білдірді. Мұндай кездесулер оқушылардың сөз өнеріне деген қызығушылығын оятып, отансүйгіштік қасиетін арттыратыны сөзсіз.

Айжан ҚҰРМАНБЕКОВА,

Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің

кітапхана меңгерушісі. 

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий