АУДАН ӘКІМІ АҚЫРТӨБЕ ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСТІ
АУДАН ӘКІМІ АҚЫРТӨБЕ ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Аудан әкімі Ернар Есіркепов өткен сәрсенбіде Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Ақыртөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге тұрғындардан бөлек аудандық мәслихат төрағасы Ербол Әбутәліпов және бірқатар бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты. Аудан басшысы Ернар Серікәліұлы жиын барысында бірқатар салалар бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, инвестиция тарту, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, құрылыс салалары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Жалпы соңғы жылдары Ақыртөбеде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, бір мезетте ауылға спорт кешені де, мәдениет үйі де соғылды. Көшелер жарықтандырылып, кей көшелерге асфальт жабындысы төселді. Ал аталмыш ауылдық округке қарасты Малдыбай ауылында жаңа 120 орындық білім ошағы соғылды.
Инвестиция тарту бойынша да ауылдық округ өзгелерден көш ілгері. Ауылшаруашылығы, туризм, кәсіпкерлік, құрылыс салалары бойынша инвестжобалар бүгінде сәтті жүзеге асуда. Жиын бір жақты өтпей, аудан әкімі кезекті тұрғындардың ұсыныс-тілегіне берді. Тұрғындар да тосылмай, мал шаруашылығын дамыту бағытында жеңілдетілген несиеге қол жеткізу, сүт өндірісін дамыту, Ақыртөбе орта мектебінің қоршауын ауыстыру, жол белгілерін орнату, көпірлерді жөндеу, өрт сөндіру депосын салу, медицина маманының жетіспеушілігі, Малдыбай ауылындағы айналма жолды жөндеу, тұрғын-үйге қол жеткізу сынды мәселелерді көтерді. Аудан әкімі барлық сұраққа жекелей жауап беріп, мәселелер заң аясында шешілетінін айтты. Ернар Серікәліұлы жиын соңынан тұрғындарды жеке де қабылдап, олар көтерген мәселелерге терең үңіліп көрді.
Жәнібек Базылбек.
