Анамен әлем әдемі

14 Views

Өткен сәрсенбіде Мэлс Өзбеков атындағы аудандық мәдениет үйінің кіші залында аналарға арналған «Анамен әлем әдемі» атты тағылымы мол кездесу кеші жоғары деңгейде өтті. Іс-шараға аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы бойынша ақсақалдар кеңесінің төрағасы Серік Өтегенов, аудандық билер кеңесінің төрағасы Серік Сәлімбаев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Түзел Алагөзова, аудандық аналар кеңесінің мүшелері,  Құлан ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Берік Әліпбаев және аудандық кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты. Тағылымды шараның мақсаты – анаға деген құрметті дәріптеу, отбасы құндылықтарын насихаттау, ұрпақ бойына мейірім мен ізгілікті сіңіру болды.

Кеш барысында «Ана – өмір шуағы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, көрермендер назарына ана тақырыбындағы көркем әдебиеттер, отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын кітаптар ұсынылды. Кітап көрмесі оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырып, рухани әсер сыйлады. Іс-шара барысында аналарға арналған жүрекке жылы әндер орындалып, әсерлі жыр шумақтары оқылды. Сонымен қатар аудандық мәдениет үйінің әншісі Мыржақып Тұрсынның орындауындағы «Ана» жыры кештің мазмұнын тереңдете түсті. Кітапхана қызметкерлері ұсынған поэзиялық композициялар да көрерменге ерекше әсер сыйлады. Кеш барысында ана – тіршіліктің тірегі, отбасының шуағы, мейірімнің қайнар көзі екені кеңінен айтылып, аналарға деген ыстық ықылас пен құрмет көрсетілді. Осындай мазмұнды әрі рухани кешке қатысып, өнерлерін ортаға салған барша қонақтар мен өнерпаздарға алғыс білдіреміз!

Барша аналарға амандық, отбастарына береке, шаттық пен бақыт тілейміз!

 

Мөлдір Керімбаева,

аудандық кітапхананың кітапханашысы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий