60 жылдық кездесу

14 Views

60 жылдық кездесу

Көкдөнен ауылының азаматтары өте ұйымшыл. Бұл ауылдың тұрғындары бір іске кіріссе, соған жасамысынан бастап, жасына дейін атсалысады. Бір-біріне үнемі қолдау көрсетеді. Ол дегеніңіз – жақсы үрдіс қой. Мәселен, жақында ұйымдастырылған игі іс-шараның басы-қасында жүріп, өз басым сондай ойға бекідім. Жақында Калинин орта мектебін 1966 жылы бітірген ел ағалары өздерінің мектеп бітіргендеріне  60 жыл толғандығын атап өтіп, ауыл мешітінің ауласына шырша ағаштарын отырғызды. Мектеп бітіргендеріне 20,30 жыл толғандарды жазып жүрміз ғой. 60 жыл дегенді алғаш рет жазуымыз, шыны керек. Көкдөнен ауылында 1948 жылы дүниеге келіп, осында ер жетіп өсіп, мектеп бітірген ел ағалары мен ақ жаулықты аналардың 60 жылдық кездесуі расында да көңілімізге ерекше әсер қалдырды. Бір-бірін сыйлауы, ізет көрсетуі, әзілдеп қалжыңдауы, бәрі-бәрі сондай жарасымды.

Осы іс-шараның ұйымдастырылуына себепші болған, кезінде мемлекеттік қызметте де абыроймен еңбек еткен, зейнеткер Ораз Үкібаев ағамыз жастайынан достасып, бірге оқыған замандастарының көбісі өмірден өтіп кеткенін айтып, қынжылды. –Біздің жас кезімізде тәртіп те, білім де мықты болды. Ұстаздарымыз өте талапшыл болатын. Сол талаптың арқасында жақсы білім алдық. Мектепте үлгілі оқушылардың бірі болдық. Достыққа да адал болдық. Бір-бірімізге деген құрметіміз алабөтен болатын. Жастайынан алғыр болып өскен, кейіннен мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, зор абыройға кенелген Ақтамберді Қарсыбаев, Ерғазы  Шәріпханов,  Серік Кенжебаевпен бірге оқып, әлі күнге дейін достығымыз ажыраған жоқ. Біз 50 жылдықты да атап өткенбіз. Осы кездесуді де барлығымыз бір үйдің баласындай жұмылып, ұйымдастырдық. Бірге оқыған сыныптас қыздарымызды да шақырдық. Бұл кездесуге бір жылдай сабақ берген ұстазымыз Хаби Сүннетұлы Тараз қаласынан арнайы келіп, қатысып отыр», –  деді. 

60 жылдық кездесу іс-шарасының бел ортасынан Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Төлеген Атабаев та табылып, өзінің ізгі лебізін білдірді. Әрдайым бірліктің қадірін білетін ел ағалары өздерінің 60 жылдық кездесулерінде ысырапқа бой алдырмай, осылайша игі іс жасап, жастарға үлгі өнеге көрсетті. Мен ағалардың араларынан қыл өтпес достықты көріп, тамсандым. Ағалар мен аналардың әрбір сөздерінен жылулық сезіледі. Берекелі бейбітшілігімізді бағалайық деген сөздер де айтылды. Осындай сөзді мектеп бітіргеніне 60 жыл толған,  жора-жолдастарына сыйлы ауданның Құрметті азаматы Ақтамберді Қарсыбаев та өз әңгімесінде сөз етті. Шырша ағаштарын еккен соң, ел ағалары ауыл мешітінің жанынан салынған асханада өмірден өтіп кеткен замандастарының рухына құран бағыштап, ас берді.    

 Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий