Қанағатшыл болудың пайдасы

13 Views

Ақиқатында, адам баласы өз бойына біте бастаған арам шөп секілді жаман мінездерді жойып отыруы, ал көркем мінездің тамыр жаюуына, өсіп өнуіне қолайлы жағдай жасауы керек. Кезекті мақаламызда қанағат ету жайында сөз қозғамақпыз.

Расында, қанағат дегеніміз не? Қанағат  дегеніміз – адам баласынан дәметпеу. Тек Алла Тағаладан ғана тілеп, үміт ету. Адам Алла Тағаланың өзіне ажыратып берген несібесін менсінбей, біреудің мүлкіндегі дүниені жан-тәнімен қалаудан артық арсыздық жоқ. Сондай ақ, ашкөздік жасап қалай болса да дүние табамын деп, халал мен харамды ажыратпай табыс табу да қанағатсыздық. Парақорлық, ашкөздік, халал мен харамды ажыратпау – бәрі де қанағатсыздық салдарынан келіп туындайтын дерттер. Сонымен бірге адамның өз тұрмысына шүкіршілік етуі қанағатшылдық саналады. Ал, керісінше тұрмысымды жақсартамын деп әр нәрсеге қол соза берген және ашкөздікке салынған адам ең әуелі дүние емес, жаман мінез тауып алады. Адам табиғатында қанағатсыздық болуы жайлы Пайғамбарымыз с.ғ.с.: «Біз мал-дүниені намаз оқу және зекет беру үшін түсірдік. Егер адам баласының бір сай тола алтыны болса, әлбетте екі сай алтыны болғанын қалар еді. Ал, екі сай алтыны болса, әлбетте екеуіне қоса үшіншісін қалайды. Адам баласының ішін тек топырақ қана толтыра алады. Алла Тағала тәубе еткенді кешіреді», дейді. (Бәйһақи риуаяты)

Имам Ғазалидің  «Ихияу улум әд-дин» кітабында мынадай риуаят бар: Мұса ғ.с. Раббысынан: «Уа Аллаһым! Сенің қай құлың ең бай? – деп сұраған екен. Сол кезде Алла тағала: «Менің бергеніме ең қанағатшылы» деп жауап береді. Құлдарыңның ең әділі кім? – деп сұраған кезде Алла Тағала: «Әуелі өзіне әділ болғаны», – дейді.

Расында, байлық дүниенің көптігінде және қолдағы уыс-уыс алтында да емес. Байлық жүректегі қанағатта. Қанағатшыл мұсылман дүниенің жылтырағына көз қиығын да салмайды. Жаратқанның өзіне тиесілі етіп берген ризық-несібесіне шүкіршілік етеді. Қанағатшыл мұсылман ашкөз адамға қарағанда, құлшылыққа да едәуір жақын. Қанағат шүкіршілікті тудырады. Ал, шүкір етуші Раббысының бұйрығын бұлжытпай орындауға бейім тұрады. Дана Абайдың да адамның бойындағы қанағат сезімін:

«Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой,

Бес асыл іс, көнсеңіз», – деп келтіргендігі баршаға мәлім.

Хамид  Лаффаф  қанағат жайлы: «Біз төрт нәрсені төрт нәрседен іздеп едік. Алайда, қателескен екенбіз. Іздегенімізді басқа төрт нәрседен таптық. Мал-дүниені байлықтан іздеп едік, бірақ оны қанағаттан таптық. Рахатты молшылықтан іздеп едік, бірақ оны дүниенің аздығынан таптық. Ләззаттарды нығметтен іздеген едік, бірақ оны денсаулықтан таптық. Ризық-несібені жерден іздеген едік, бірақ оны аспаннан таптық» деген екен.

Қанағатсыздыққа себеп болатын төрт түрлі сипат бар:

  1. Сараң байлармен көп араласу;
  2. Өзіңе жете тұра, одан көбін сұрай беру;
  3. Құран оқып, аяттарына ой жүгіртуді тәрк ету;
  4. Өлімді ұмытып, ақыретін естен шығару.

Бірде дінге сенбейтін адам Пайғамбарымызға қонақ болады. Сонда Алла Елшісі қонағына арнап ешкінің сүтін сауады. Ардақты Елші қонағын сыйлап, бір тостаған ешкінің сүтін ұсынады. Қонағы әлгіні ішіп тауысқан соң, оған сүт толы екінші тостағанды алып береді. Оны да ішіп алады. Сөйтіп жеті тостаған ішеді. Келесі күні Алланың құдіретімен жаңағы дінсіз адам мұсылман болады. Ардақты Пайғамбарымыз әлгі қонағын сыйлап тағы да бір тостаған сүт береді. Оны ішіп болған соң, екіншісін алып келсе, жартысын ішіп тауыса алмайды. Сонда Пайғамбарымыз : «Мүмин адам бір тостағанды қанағат тұтса, кәпір жетеуіне  де тоймайды» дейді. (Муслим риуаяты)

Жалпы айтар болсақ, адам баласының нәпсісі осындай. Нәпсі қанағат дегенді білмейді, білгісі де келмейді. Қанағат ұғымы нәпсіге тән емес. Керісінше нәпсі ашкөз һәм тойымсыз келеді. Демек, қанағат нәпсіні тәрбиелейтін мінездің бірі. Жоғарыдағы хадистерде айтылғандай, тойымсыздың құлқынын тек топырақ қана толтыра алады. Қанағат не екенін білмейтін тойымсыз таудай алтынды да місе тұтпайды. Хадисте дүние мақсат емес, құрал екені айтылуда. Дүние мұсылманның ғибадат етуіне септігі тиетін құрал болуы тиіс. Ал, ашкөз адам дүние-мүлікті құлшылық ету үшін пайдаланбайды. Керісінше, сол дүниенің өзіне құлшылық ете бастайды.

Көрнекті табиғин Хасан әл- Басри де өзінің бір сөзінде: «Пәк әрі жақсы өмір деп қанағатшыл болуды айтамыз, жақсы өмір қанағатпен тең»  деген екен.

Құрметті оқырман! Мақаламызды түйіндей келе айтарымыз, халқымызда «Ынсап сайын береке» деген сөз бар. Сол үшін де әркез Алланың берген нығыметіне шүкірлік етіп, қанағатшыл болайық.

Үмбет Сабырханов,

«Әл-Хақ»  мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий