Баланың күлкісі кірген үйге береке кіреді
1 маусым. Бұл мереке келіп
жеткенде қаламыздың көшелері түрлі
түске боялады. Алаңдарда балалардың
шат күлкісі естіліп, мерекелік
әндер шырқалып, түрлі ойын-сауық
бағдарламалары ұйымдастырылады.
Қазақстанда бұл күн жыл сайын ерекше
жылулықпен атап өтіледі. Ал біздің
мемлекетіміздің балаларға берген ең
үлкен сыйы – егемен елде еркін өмір
сүріп, сапалы білім алып, өз болашағын
таңдауға мүмкіндік жасауы. Себебі
мемлекетіміз балалардың өмір сүруге,
білім алуға және ең бастысы – қауіпсіз
ортада өсуге құқығы бар екенін үнемі
назарға алып келеді.
Бала күнімізде бұл мерекені
ерекше күтетінбіз. 1 маусым келгенде
достарымызбен бірге алаңдарға барып,
түрлі ойындарға қатысатынбыз.
Қолымызға түрлі түсті шар ұстап,
балмұздақ жеп мәз болатынбыз.
Концерттер көріп, ән айтып, асыр салып
ойнайтын едік. Ол кезде мерекенің
мәнін толық түсінбесек те, сол күннің
қуанышы мен шаттығы жүрегімізде
сақталып қалды. Қазір есейген кезде
сол бақытты балалық шақтың әр
сәтінің қаншалықты қымбат болғанын тереңірек түсініп жүрміз.
Тараз қаласында да балалар мерекесі
әлі күнге дейін ерекше ықыласпен
тойланып келеді. Жақында ғана Таразда
ерекше күтімді қажет ететін балаларға
арналған «Балалар ертегі әлемінде»
атты іс-шара өтті. Онда балалар сурет
салып, өнер көрсетіп, ата-аналарға
көмектер берілді. Осындай сәттерде
баланың жүзіндегі кішкентай ғана күлкі
бүтін әлемді жарық қылып жіберетіндей
көрінеді.
Қазақ халқы ежелден баланы
ерекше қадірлеген. «Балалы үй –
базар» деген сөз бекер айтылмаған.
Себебі баланың күлкісі кірген үйге береке кіреді. Баланың шат күлкісі мен
тәтті қылығы отбасының қуанышын
арттырып, шаңыраққа ерекше жылулық
сыйлайды. Үй ішінде баланың дауысы
естіліп тұрса, ата-ана да, ата-әже де
бақытқа бөленеді. Баланың әрбір
қуанышы айналасындағы жандарға
шаттық сыйлап, өмірді нұрландыра
түседі.
Жұлдызай ҚОЖАБЕРГЕНОВА,
М. Х. Дулати атындағы
Тараз университетінің
конвергентті журналистика
мамандығының 3
курс студенті.
