Аудан жастары облыстық спартакиаданың жеңімпазы атанды

20 Views

Меркі ауданында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Ұлттық ойындар – халық мұрасы» атты облыстық спартакиада өтті.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және өзара тәжірибе алмасуды мақсат еткен жарысқа облыстың 13 ауданы мен 2 қаласынан жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері қатысты. Қатысушылар спорттың жеті түрі бойынша бақ сынасып, өздерінің шеберлігі мен дайындық деңгейін көрсетті.

Тартысқа толы өткен спартакиаданың ашылу салтанатында Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры А.Қадралиев сөз сөйлеп:
«Ұлттық ойындар – халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі. Олар жас ұрпақты батылдыққа, ептілікке және төзімділікке тәрбиелеп қана қоймай, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға жол ашады. Сондықтан бүгінгі шараның маңызы ерекше деп білемін», – деп командаларға сәттілік тіледі.
Жарыс қорытындысы бойынша барлық кезеңдерде жоғары нәтиже көрсеткен Т.Рысқұлов ауданының жастар командасы жалпыкомандалық есепте І орынды иеленіп, облыс чемпионы атанды.
Бұл жеңіс аудан жастарының ұйымшылдығы мен табандылығының, сондай-ақ, ұлттық спортқа деген қызығушылығының айқын көрінісі болды. Сонымен қатар жастар саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетті.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаз команда мүшелеріне арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Т.Рысқұлов ауданының жастары алдағы уақытта да аудан абыройын асқақтатып, жаңа белестерді бағындыруға дайын екендіктерін жеткізді.
Ұлттық ойындарды ұлықтап, жастардың бірлігін нығайтқан айтулы дода жеңімпаздарын аудан жұртшылығы шын жүректен құттықтап, жаңа жетістіктер тіледі.
М.ДӘКЕНОВ,
«Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ақпараттық талдау және мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий