Сараңның бағы көгермесСараңның көгермес

19 Views

Кезекті мақаламызда сараңдық тақырыбы жайында сөз еткенді жөн санадық. Сараңдық – адамды бұл дүниеде қорлыққа, ақыретте азапқа жетелейтін ең ауыр індетке жатады. Құран Кәрімде де, Пайғамбарымыздың с.ғ.с.хадистерінде де бұл індет жайлы көп айтылған. Ғалымдарымыз да сараңдықты жаман сипаттар қатарына жатқызған.

Сараңдық дегеніміз – мал-дүниені сарып етуге тиісті болған орындарда оны ұстап қалуды, бермеуді айтады. Алла Тағала Құранда: «Алланың кеңшілігінен өздеріне берген нәрселеріне сараңдық істегендер, олардың сараңдық қылған нәрселері, қиямет күні өздерінің мойындарына оралады. Сондай-ақ, көктер мен жердің мирасы Алланікі. Әрі Алла олардың не істегендерін толық біледі.», деп баяндайды. (Әли Ғымран сүресі, 180 аят). Және тағы бір аятта Алла Тағала Өзінің құлдарына: «Сараң болма, ысырап та етпе!» деп бұйырған. («Исра» сүресі, 29 аят).
Ислам діні адамның қолындағы мал-мүлкі Алланың оған берген аманаты деп санайды. Демек, бұл нығметтің белгіленген бөліктерінен Алланың разылығы үшін, Алланың жолында сарып ету міндетіміз. Кімде кім сараңдықпен мал-дүние жинап, оны Алланың жолына жұмсаудан аулақ болатын болса, оны өзіне пайда деп ойлайтын болса, яғни сараңдық танытатын болса, онда ол адам үлкен қателікке бой алдырғаны.
Кейбіреулер «ешкімге ешнәрсе бермесем, мал-мүлкім көбейеді, жоқ дегенде азаймайды» деп ойлайды. Бұл қате пікір. Дана халқымыз «Сараңның бағы көгермес» деп те бекер айтпаған. Бұл ақиқатты төмендегі келтірілген хадис айшықтай түседі, Әбу Һурайра р.ғ. риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз с.ғ.с. айтады: «Адам баласы әр таңын атырған кезде екі періште түседі. Олардың бірі: «Аллаһым, қайырымдылық жасаушыға жақсылық пен береке бер!» дейді. Екіншісі болса: «Сараңдық танытқанның жазасын бер!» дейді. (Имам Бұхари)
Сараңдық адам баласын дүниесінің азайып қалуынан қорқып, оны қорғаштауға апаратын амал. Өзгелерге еш жәрдем бермейді, тіпті өзіне керекті болған шаруалары үшін де шектеу қояды. Нәтижесінде өмірінің соңында қорлыққа, ақырет күнінде үлкен азапқа душар болады.
Хасан ибн Әли ибн Әбу Талиб р.ғ. айтады:
«Жұмсайтын жерде жұмсауға тиісті болған жерде жұмсамай ысырап деп тартыну – сараңдықтың белгісі!». «Қандай да бір қауымға жамандық жіберілгеннің белгісі – Алла Тағала адамдардың ризықтарын сараңдардың қолында етіп қояды».
Сараңдықтың екі түрі болады:
1. Өзіндегі бар байлығы, дүниесі үшін сараңдық таныту.
2. Өзгелердің қолындағы нығметтер үшін сараңдық таныту.
Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Бұлар сондай сараңдық қылып, адамдарға да сараңдық бұйырады. Сондай-ақ, олар өздеріне Алланың кеңшілігімен бергенін жасырады. Қарсы болушылар үшін қорлаушы азап әзірледік», – дейді. (Ниса сүресі, 37 аят)
Өзгелердің қолындағы байлыққа сараңдық таныту деген не?!
Бұл дегеніміз – қандай да бір адамға байлық берілсе, я болмаса білім, денсаулық, абыройлар т.б. сол сияқты көптеген нығметтерді көре алмау, қызғаныш көзімен қарау, тіпті мұндай нығмет ешкімде болмаса екен деген, нәсіп етілмесе екен деген тілеуде болу. Мысалға айтар болсақ, бір адам мұқтаж адамға жәрдем беріп жатқанын көріп «бермесе де болатын еді» деп біреудің жақсылығына разы болудың орнына наразылық танытуды айтса болады. Мұндай жағдай кәдімгі сараңдықтан да үлкен күнәға жатады.
Жомарт адам Алла Тағаланың «Раззақ» сипатын әрдайым жадында ұстап, Алланың берген ризық-несібесінен өзгелер де тиісті болған уақыттарда үлестіріп тұрады. Хадис шәрифтердің бірінде Алла Елшісі с.ғ.с.: «Сараңдықтан сақтаныңдар! Өйткені сараңдық сендерден бұрынғылардың опат болуына себеп болды» деген.
Үлкен Ислам ғалымы Хусейн Хилми бин Саид былай деген: «Мұсылман болған сараңның имансыз кету қаупі бар. Алла Тағала сақтасын. Ал жомарт болған кәпірдің мұсылман болу ықтималы бар. Бұл өте маңызды. Сараң болған мұсылманның имансыз өлу қаупі бар. Неліктен? Өйткені, ешкімге ештеңе бермейді. Бір нәрсесін беруге үйренбеген. Алайда, уақыты келіп, бір күні жанын береді. Бәріміз жанымызды береміз. Олай болса, беруді үйренейік. Қолы ашық болу жақсы қасиет. Алла қолы ашық адамдарды жақсы көреді, ал сараңдарды жақтырмайды.» Майқы би атамыз: «Сараң үйге кісің түспесін, парақор биге ісің түспесін» деген болса, Бұқар жырау бабамыз:
«Айтқан сөзге тұрмаған жаман емей немене.
Сұрағанды бермеген сараң емей немене.
Кісі ақысын көп жеген – арам емей немене, – деген екен.
Сөз соңында айтарымыз, әркез астамшылыққа салынбай, ысырапшылдыққа жол бермей, жүрегіміздегі сараңдық сияқты жаман қасиеттердің тамырын түбірімен жұлып, оның орнына иман нұрымен нұрланған жомарттық дәнін сепкеніміз өте абзал іс болып саналады. Жұртымыз тыныш, еліміз аманшылықта болсын жамағат!
Үмбет САБЫРХАНОВ,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий