«БІЗДІҢ ЕЛДЕ ГЕРМАНИЯҒА ДЕГЕН ЫҚЫЛАС ЕРЕКШЕ»
Өткен айдың соңғы күндері Германия
Республикасында ресми сапармен болған
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт
Тоқаевтың Федералдық Президент ФранкВальтер Штайнмайермен кездесуінде
Қазақстан мен Германия арасында жалпы
құны 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын
30 құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы
Федералдық Канцлер Фридрих Мерцпен
де келіссөздер жүргізіп, Берлинде өткен
бизнесфорумға қатысты. Ал сапарының
Мюнхенде жалғасқан екінші күні Президент
Бавария Үкіметі мен Ландтаг басшыларымен
және бизнесқұрылым өкілдерімен кездесіп,
технологиялық форумға қатысты. Бұл
туралы ақпарат Ақорданың ресми сайтында
жарияланды.
Еркін кеңістікте өткен кездесуде қандай уағдаластыққа қол жетті?
Германияға ресми сапарының алғашқы күнінде Қасым-Жомарт Тоқаев елдің Федералдық Канцлері Фридрих Мерцпен келіссөз жүргізді. Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растап, екі ел үкіметтері өзара ықпалдастықты кеңейтуге барынша жағдай жасайтынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Германия Қазақстанның басты сауда серіктестерінің және жетекші инвесторлардың қатарына кіреді. Өнеркәсіп, аса маңызды минералдар, көлік және логистика, цифрлық технологиялар, сондай-ақ, машина жасау, химия өнеркәсібі секілді қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын салаларда серіктестікті жандандыруға мол мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, тараптар көпжақты ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасты. Халықаралық құрылымдар, соның ішінде «Орталық Азия – Германия» форматы аясында белсенді байланыс қарқынын сақтауға уағдаласты. Бұдан кейін Президент пен Канцлердің келіссөзі екі ел делегациясы мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германияның стратегиялық серіктестігі берік саяси диалогқа, ортақ экономикалық мүддеге және халықтар арасындағы тығыз байланысқа арқа сүйейтінін айтты.
«Өзара сауда-саттық көлемі өткен жылы 13,4 пайызға ұлғайып, 4,5 миллиард долларға жетті. Германияның соңғы 21 жылда елімізге салған инвестициясы 8 миллиард долларды межеледі. Осы ретте германиялық инвестицияның қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша бақылауда екенін айтқым келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселесіне баса мән берілді. Бүгінгі таңда бірлескен инвестиция портфелінде жалпы құны шамамен 54 миллиард доллар болатын 40 өнеркәсіп жобасы бар. Бұл ретте Президент Үкіметаралық жұмыс тобы мен Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің үйлесімді әрі нәтижелі қызметіне оң баға берді. Мемлекет басшысы Германияның қазіргі әлемдік саясат пен экономикадағы елеулі рөліне назар аударды. Оның айтуынша, елдің өндірістік қуаты, мықты ғылыми мектебі және неміс халқының еңбекке деген жауапкершілігі халықаралық деңгейде сөзсіз мойындалған.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты кеңейту, соның ішінде білім мен ғылым саласында бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды. Тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия сапары екі елдің игілігі мен гүлденуі жолындағы оң нәтижелерге жетуге ықпал етеріне сенім білдірді. Келіссөз соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Канцлер Фридрих Мерцті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
«Басты ұстаным – прагматизм мен диалог»
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Фридрих Мерц еркін жағдайда өткен кездесудің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екі елдің байланысын одан әрі нығайтуға жол ашатынына сенім білдіріп, бұл сапарға ерекше мән беретінін айтты. «Германия – саяси ықпалы зор, әлеуеті мықты және халықаралық абыройбеделі жоғары мемлекет. Экономика, ғылым, технология және басқа да саладағы орасан жетістіктеріңіз – соның жарқын дәлелі. Осы сәтті пайдаланып, құрметті Канцлер мырза, сізді және барша отандасыңызды келе жатқан Германияның бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл Германияны дамудың жаңа дәуіріне бастаған, тұтас Еуропаның өсіпөркендеуіне тың серпін берген тарихи күн екені сөзсіз. Мен достас герман халқының одан әрі көркейе беруіне шынайы тілектестігімді білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Германияны Қазақстанның Еуропадағы сенімді стратегиялық серіктесі әрі еліміздің Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет деп атады. «Келесі жылы екі мемлекеттің арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады. Содан бері біздің серіктестігіміз барлық деңгейде дәйекті түрде дамып келе жатыр. Атап айтқанда, сауда-экономика, инвестиция және мәденигуманитарлық саладағы байланыстарымыз нығая түсті. Тиісті шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастығымыз да кеңейді. Өзара құрмет пен қолдауға негізделген ынтымақтастығымыз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан басшысы сапарды қорытындылай келіп, Германия Федералдық Канцлерімен мазмұнды келіссөздер аясында тараптар маңызды келісімдерге қол жеткізгеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, бүгінгі кездесулер мазмұнды және табысты өтті деуге толық негіз бар.
«Келіссөздер аясында жалпы құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 30- дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімшарттар тиімді жүзеге асырылса, екі елдің ынтымақтастығы бекемделе түсетіні анық. Мен ертең Бавария қаласына барып, бірқатар жоғары лауазымды тұлғалармен кездесуді жоспарлап отырмын. Сапар барысында бірегей жиын – Қазақстан-Бавария технологиялық форумына қатысамын. Бұл басқосу да елдеріміздің ынтымағын нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті мен Германия Федералдық Канцлері аймақтық және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.
«Біз кез келген шиеленісті бейбіт және дипломатиялық жолмен шешу қажет деп есептейміз. Бұл – екі елге де ортақ ұстаным. Сонымен қатар біз «Орталық Азия – Германия» форматындағы диалогты одан әрі дамытуға келістік. Қазақстан Германиямен ұзақмерзімді, өзара тиімді және нақты нәтижеге негізделген стратегиялық серіктестікті күшейте түсуге ниетті», – деді Мемлекет басшысы. Бұдан кейін Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Jibek Joly телеарнасының тілшісі Ділназ Ерланова Мемлекет басшысынан дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығына қандай баға беретінін сұрады. «Біз жүріп өткен жолымызды барынша жоғары бағалаймыз. «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпайды. Қиын жолды еңсеріп, зор табысқа жеттік. Өзіңізге мәлім, біздің елімізде Германияға деген ықылас ерекше. Бұл елді жақсы көреміз, құрметтейміз, оның экономика мен өзге де салалардағы жетістіктеріне тәнтіміз. Германия – халықаралық аренада өте беделді мемлекет. Сондықтан мен осы елмен жаңа келісімдерге қол жеткіземіз деген үмітпен келдім. Біраз уағдаластық жасастық. Енді осы келісімдерді тиісті деңгейде жүзеге асыру міндеті тұр. Сондықтан мен келешекке үлкен үміт артамын. Бұдан да мол табысқа жететінімізге толық сенімдімін. Келіссөз барысында Канцлер Мерцті келесі жылы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырдым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ARD телеарнасының тілшісі Демиан фон Остен Президенттен Омбы қаласында айтқан соғысты уақытша доғару туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдіріп, Ресейдегі қазіргі ахуалға баға беруді сұрады. «Әрине, Украинадағы жағдай бәрімізді алаңдатады. Мен әуел бастан Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын айтқанмын. Біз барлық мемлекеттің аумақтық тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз. Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді», – деді Қазақстан Президенті.
Білім саласында табысты ынтымақтастық бар
Германияның маңдайалды жоғары оқу орындары ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен кездесуге де уақыт бөлген Қасым-Жомарт Тоқаев басқосуда Қазақстан мен Германияның білім саласындағы табысты ынтымақтастығына тоқталды. Қазақстан басшысының айтуынша, бұл жетістіктерге Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің 2023 жылдың маусым айындағы сапарынан бастау алған саяси диалогтың нығаюы септігін тигізді. «Бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан. Екі мыңға жуық қазақстандық студент Германияда білім алады. Қазіргі кезде елімізде шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктес өкілдігі бар. Бұл көрсеткіштер көп нәрсені аңғартады. Дегенмен олар ынтымақтастығымыздың қаншалықты терең екенін толық көрсетпейді. Ең бастысы, қолға алған ісіміз өте маңызды. Яғни ықпалдастығымыздың мазмұны түбегейлі өзгерді», – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізді Еуразия мен одан тысқары жерлердегі жетекші академиялық және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде қалыптастыру стратегиялық басымдық ретінде айқындалғанын айтты. «Біз дәстүрлі қалыпты өзгертіп жатырмыз. Жастарды шетелге білім алуға жіберудің орнына Қазақстанға озық халықаралық жоғары оқу орындарының стандарттары мен бағыттарын әкелуге кірістік. Елімізде Кардифф университетінің, KAIST және Колорадо тау-кен мектебінің өкілдіктері жұмыс істейді. Қазір елімізде 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстан Болон процесіне мүше ел ретінде білім беру сапасы мен ғылыми дәрежелердің сәйкестігін қамтамасыз ететін еуропалық стандарттарды қолданады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі ел жоғары оқу орындарының серіктестігі аясында Қазақстан экономикасының қажеттілігіне сай білім және ғылым орталықтары құрылып жатқанын айтты. Аталған жұмыстың нәтижесінде Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында Қазақстан-Германия бірлескен университеттері ашылды.
«Бұл мысалдар мына маңызды қағиданың дұрыс екенін көрсетеді. Нақты экономикалық және технологиялық қажеттілікке сай келетін академиялық серіктестік нәтижелі болады. Университеттер өндірістен алшақтап кетпеуі керек. Ғылыми зерттеулер жаңа технологияларды ойлап табуға түрткі болуға тиіс. Ал білім беру жүйесі экономиканы біліктілігі жоғары мамандармен қамтамасыз етуі қажет», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім алмасу тәжірибесінен білім қорын бірлесе жасау үдерісіне көшуге мүмкіндік беретін серіктестіктің үш негізгі бағытын ұсынды. «Біріншіден, бірлескен білім беру бағдарламаларын көбейтіп, серіктес оқу орындары арасындағы қос дипломды бағдарламалардың аясын кеңейту керек. Екі ел студенттері мен зерттеушілерінің бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік беру маңызды. Осы орайда елдеріміздің арасындағы академиялық байланысты нығайтуға ықпал ететін арнайы білім алмасу бағдарламасын іске қосуды ұсынамын», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен ғылыми зерттеулерді тағы бір маңызды бағыт ретінде атады. «Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған мүше ретінде қосылу үшін келіссөз бастады. Мақсатымыз – еуропалық зерттеу кеңістігіне кірігу. Еліміз шикізат материалдары бойынша еуропалық серіктестіктің толыққанды мүшесі. Бұл ұйымның бюджеті 300 миллион еуроны құрайды. TiBeRIUM жобасы осындай ынтымақтастықтың нақты мысалы саналады. Биыл Horizon Europe бағдарламасының 7,5 миллион еуро қаржылай қолдауымен және Фрайберг тау-кен академиясының үйлестіруімен іске қосылған жоба Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Үлбі металлургия зауытын бір іске жұмылдырды. Жоба титан мен берилийге арналған төмен көміртекті өндіріс тізбегін әзірлеуді мақсат етеді. Бізге дәл осындай ынтымақтастық аясын кеңейту қажет. Сол арқылы университеттер, ғылым мен өндіріс бір арнаға тоғысып, жеткізу тізбегі нығаяды. Нәтижесінде біз шикізат ресурстарынан қосылған құны жоғары өнім мен технологияға көшеміз», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, технология трансфері – серіктестіктің үшінші бағыты. Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттырады. Сонымен қатар компанияларды университет зерттеулеріне инвестиция құюға ынталандыру тетіктерін іске қосты. Қасым-Жомарт Тоқаев неміс кәсіпкерлерін бірлескен мекемелер жанынан инженерлік зертханалар мен трансфер орталықтарын ашуға шақырды. Сондай-ақ, мұндай бастамаларды қоса қаржыландыру арқылы қолдауға дайын екенін жеткізді. Мемлекет басшысы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратын келешегі зор жасанды интеллект саласына баса назар аударды.
«AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мың студент жасанды интеллект саласы бойынша сертификатталған машыққа ие болды. Біз alem.cloud суперкомпьютер кластерін орнаттық. Жасанды интеллект саласында арнаулы зерттеу университетін аштық. Өңірде алғашқылардың бірі болып жасанды интеллект туралы заң қабылдадық. Бұған қоса суперкомпьютер технологиясын дамытуды қолға алдық. Бұл немістің ғылыми мекемелерімен және өндіріс орындарымен ынтымақтастыққа жол ашады. Технологияға әуес жастарымыз неміс компаниялары мен зерттеушілеріне сенімді серіктес бола алады. Қазақстан қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологиясын сынақтан өткізетін алаң ұсынады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақ пен неміс халықтарының арасындағы ақыл-ой иелерінің тарихи тамырластығына тоқталды. Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы Иоганн Вольфганг фон Гётенің өлеңін «Қараңғы түнде тау қалғып» деп қазақ тіліне сәтті аударғанын еске салды. Мемлекет басшысы осы рухани үндестік қос халықтың зияткерлік байланысына негіз болғанын айтты. Елдің жоғары оқу орындары ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен өткен басқосудың соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Германия мен Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми институттарының басшыларын жаңа жобаларды бірлесе атқаруға шақырды.
Немістің бизнес өкілдеріне жаңа жобалар ұсынылды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға бұл жолғы сапары оның Мемлекет басшысы ретінде осы мемлекетке жасаған төртінші сапары. Бұған дейін ол 2019 және 2023 жылдары Берлинде, ал 2020 жылы Мюнхенде болған еді. Бүгінде Германия Еуропадағы экономикасы ең дамыған мемлекеттердің бірі саналады. Сондықтан да ресми сапардың Мюнхендегі екінші күнгі бағдарламасы таңертеңнен неміс іскерлік қауымдастықтары мен банктерінің басшыларымен кездесуден басталды. Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев Siemens AG компаниясының коммерция және қаржы мәселелері жөніндегі вице-президенті Бернд Ульбрихтты қабылдады. Президенттің айтуынша, Siemens – Қазақстанда 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан еліміздің аса маңызды серіктесі. Өйткені компания қызметіндегі өнеркәсіпті цифрландыру, электрлендіру, ұтқырлық пен интеллектуалды инфрақұрылым сияқты негізгі бағыттар Қазақстанның жаңғыру басымдықтарына сай келеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бернд Ульбрихтке экономиканың нақты секторларындағы цифрлық трансформация бойынша қолға алынған жүйелі шаралар туралы айтты. Осы орайда, Мемлекет басшысы Siemens пен қазақстандық Silk Road Electronics компанияларының Qarmet металлургия комбинаты құрал-жабдықтарын жаңғырту жөніндегі бірлескен жобасына қолдау білдіріп, Қазақстанның тек неміс жабдықтарын сатып алып қана қоймай, ел ішінде өндірістік, инженерлік және сервистік қуаттарды дамытқысы келетінін айтты.
Бернд Ульбрихт бұған жауап ретінде электр желілерін жаңғырту, автоматтандыру, сумен жабдықтау және деректерді өңдеу орталығының инфрақұрылымын құруға қатысу сияқты компанияның ұсыныстарын тізіп берді. Кездесуде Siemens Healthineers компаниясымен медициналық технология саласындағы ықпалдастықты кеңейтудің әлеуеті мол екеніне де назар аударылды.
Сол күні Мемлекет басшысы Linde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфаннды да қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Linde компаниясының отандық өнеркәсіпті дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Linde – өндіріске қажетті газдар мен инжиниринг саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі. Компанияның технологиясы металлургия, тау-кен, химия, энергетика, денсаулық сақтау, электроника салаларында және жоғары технологиялық өндірістерде кеңінен қолданылады. Президент компанияның Қазақстанда инвестициялық құны 500 миллион долларға дейін бағаланатын бірқатар жобаны іске асыру жоспарын, соның ішінде Linde мен Qarmet арасындағы Теміртау қаласында жаңа ауа бөлу қондырғысының құрылысы бойынша келісімге қол қойылуын құптады.
Кездесу барысында мұнай химиясы өнеркәсібіндегі бірлескен жобалардың перспективасы қарастырылды. Мемлекет басшысы көміртегін тұтуға және сақтауға арналған Linde технологияларына айрықша тоқталып, компанияның сутегі инфрақұрылымын дамытуға ұмтылысы еліміздің «жасыл» экономика стандарттарына көшу міндетімен үндесетініне назар аударды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау және Маңғыстау облыстарында мұнай химиясы мен химия кластерін дамыту қолға алынғанын атап өтті. Linde компаниясын келешегі зор осы жобаларға атсалысуға шақырды. Оливер Пфанн серіктестік аясын одан әрі кеңейтуге және елімізде жаңа өндіріс ошақтарын ашуға дайын екенін жеткізді.
Еуропадағы ең ірі мыс өндіруші Aurubis AG компаниясы болса, құнды ресурсты басқа жерден – мыс сынықтары мен тау-кен кәсіпорындарының қалдықтарынан іздейді. Сондықтан компанияның байқаушылар кеңесінің төрағасы Фриц Варенхольтты қабылдаған Президент Қазақстанның тау-кен металлургиясы кешеніндегі бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективасын талқылады. Кездесуде Мемлекет басшысы Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі экономикалық және технологиялық серіктестерінің бірі саналатынын атап өтті. Президенттің айтуынша, отандық өнеркәсіптің басым міндеттерінің бірі – шикізат шығарудан металды терең өңдеу, озық технологияларды енгізу және қосылған құны жоғары өнім өндірісі моделіне көшу. Құрамы күрделі мыс шикізатын кешенді өңдеу, ілеспе металдарды алу, қайта өңдеуді дамыту және өңдеудің кейінгі сатысындағы өндіріс нысандарын жергіліктендіру ықпалдастықтың негізгі бағыттары ретінде айқындалды. Елімізде мыс сынықтарын және техногендік минералдар түзілімін қайта өңдеу бойынша «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы мен Aurubis арасындағы ынтымақтастық әлеуетіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар аталған бағыттағы келешегі бар жобаларды жүзеге асыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу мүмкіндігі қарастырылды.
Сапар аясында Мемлекет басшысы Rhenus Group басқарма төрағасын қабылдап, ҚасымЖомарт Тоқаев пен Тобиас Бартц көлік-логистика салаларындағы стратегиялық серіктестікті дамыту перспективасын, сондай-ақ, бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жайын талқылады. Мемлекет басшысы компанияның Қазақстандағы көлік байланысын нығайтуға ұзақ жылдан бері үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар еліміз құрлықтың негізгі логистикалық хабына айналуды мақсат етіп отырғанын айтты. Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи үлгідегі порттары, терминалдары, теміржолдары мен цифрлық сервистері бар бәсекеге қабілетті логистикалық бағытты бірлесе қалыптастыруға шақырды. Сондай-ақ, Rhenus Group компаниялар тобының Ақтау портындағы мультимодальды хаб құрылысына қатысуын құптады.
Тобиас Бартц Қазақстанның негізгі көліклогистика торабы ретінде әлеуеті зор екеніне тоқталып, компанияның бірлескен жобаларға атсалысуға ниетті екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Deutsche Bahn компаниялар тобының басшыларымен де кездесті. Мемлекет басшысы Deutsche Bahn компаниясының отандық теміржол секторын жаңғыртуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Осы орайда DB Engineering & Consulting еншілес кәсіпорны мен «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының жолаушылар тасымалын дамыту бағытындағы бірлескен жобасын айрықша атап өтті. Президент Қазақстан өндірушілерін германиялық концерннің жеткізу тізбегімен ұштастырудың, соның ішінде тиісті сертификаттаудан өтудің маңызына назар аударды. Өз кезегінде Deutsche Bahn компаниясының сатып алу жөніндегі директоры Ян Гроте концерннің Қазақстандағы жұмысы оң бағаланғанына ризашылық білдіріп, ықпалдастықты тереңдетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар кездесуге DB Cargo Eurasia GmbH жетекшісі Андреас Любс қатысты. Бүгінгі таңда Қазақстан мен DB Cargo Eurasia контейнермен жүк тасымалдау саласын дамыту бойынша әріптестік орнатты.
Қазір Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне айрықша көңіл бөліп отыр. Тараптар көлік-логистика кешенінің барлық бағыты бойынша ұзақмерзімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін растады. Германияға ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Wilo Group халықаралық технологиялық компаниялар тобының жетекшісі Оливер Гермеспен кездесті. Концерн сорғылар шығарады, сондай-ақ, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндіріс ғимараттарына арналған энергия үнемдеуші шешімдер ұсынады. Президент Wilo компаниясын Қазақстанда жергілікті өндірісті дамытқан неміс бизнесінің жарқын үлгісі деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев компанияның Алматы облысындағы өндіріс кешеніне инвестиция салу, сондай-ақ, елімізді Орталық Азия нарығына шығатын алаң ретінде пайдалану туралы шешімін жоғары бағалады. Мемлекет басшысының пікірінше, ендігі қадам локализацияны тереңдету болуға тиіс. Яғни Қазақстанда шығарылатын бөлшектер үлесін арттыруға, инженерлік және сервистік әлеуетті дамытуға, отандық жеткізушілер қатарын көбейтуге мән берген жөн. Бұл ретте Президент концерннің Алатау қаласында сорғы құрылғысына маманданған өңірлік сервис және инженерлік орталығын ашу жоспарын құптады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Wilo компаниясының отандық инжиниринг кәсіпорындарымен, университеттермен және техникалық мамандармен ынтымақтастығына мүдделі. Оның аясында кадр даярлау, сервистік қызмет көрсету және цифрлық өндірістің озық тәжірибесін енгізу бағыттарын ілгерілетуге болады.
Оливер Гермес концерн жобаларына қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты, сондай-ақ, елімізбен серіктестік аясын кеңейту жоспарын таныстырды. Неміс кәсіпкері Қазақстанның Wilo үшін Орталық Азиядағы өңірлік хабқа айналғанын атап өтті. D.A.R. Metall AG басқарма төрағасы Кристиан Артнерді қабылдаған Қасым-Жомарт Тоқаев компаниямен серіктестікті дамыту және заманауи неміс технологияларын игеру еліміздің өнеркәсіп және экология саласындағы басымдықтарына толық сай келетінін атап өтті. Осыған орай кездесу барысында Қазақстанда металл өңдеу жобасын бірлесе іске асыру перспективасына айрықша мән берілді.
Мемлекет басшысы Қазақстан үшін металлургия секторы аса маңызды екеніне назар аударып, саланың маңдайалды кәсіпорны – Qarmet компаниясында жүргізіліп жатқан реконструкция барысын баяндады. Өз кезегінде Кристиан Артнер неміс компаниясының Қазақстанда өндіріс жобаларын жалғастыруға ниетті екенін растады. D.A.R. Metall AG Алатау қаласында тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеуге, сондай-ақ, Qarmet компаниясымен жаңа бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр.
Бавария сан қырлы қатынасты нығайтуға мүдделі
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға ресми сапары қыркүйектің соңғы күні Баварияда жалғасты. Бұл өлке – BMW, Adidas, Франц Беккенбауэр және атақты «Бавария» футбол клубының отаны, сонымен қатар, Октоберфестің де мекені. Айта кетсек, Бавария еркін мемлекет, оған жеке бір күннің арналуы Германияның мемлекеттік құрылымымен түсіндіріледі. Бұл 16 жерден тұратын федерация, әрқайсының өз үкіметі, парламенті және экономика саласындағы ауқымды өкілеттіктері бар. Бавария олардың ішіндегі жер аумағы бойынша ең ірісі, тіпті Ирландия немесе Нидерландыдан да үлкен. Ал оның экономикасы бүкіл Германия жалпы ішкі өнімінің бестен бір бөлігіне жуығын береді. Мұнда Siemens, Allianz, Audi және Puma компанияларының штаб-пәтерлері орналасқан. Қазақстан Президентінің Бавария Премьерминистрі Маркус Зёдермен кездесуі ханзада Карл сарайында өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Баварияның өзіне тән ерекшелігін, экономикалық қуатын, инновациялық әлеуетін жоғары бағалайтынын атап өтті. «Кеше Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералдық Канцлер Фридрих Мерцпен өте мазмұнды келіссөздер жүргіздім. Уағдаластықтарымызды нақты нәтижеге айналдыруға ниеттімін әрі аталған мәселеде Баварияны басты серіктес ретінде қарастырамын. Бұл – өнеркәсіп пен ғылымдағы өзінің озық жетістіктерін дәстүрге деген айрықша құрметімен ұштастырған өңір. Осы арқылы Бавария Германия экономикасын алға сүйреп, экономикамызды жаңғырту мен әртараптандыруда Қазақстанның сенімді серіктесі болып отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Баварияның технологиялық табыстары мен Қазақстанның ресурстық және өнеркәсіптік әлеуетін біріктіруге айтарлықтай мүмкіндік бар. Елдеріміздің экономикалық ықпалдастығын жандандырып, халықтарымызды бір-біріне жақындата түсуде көлік байланыстарын жақсартудың да маңызы зор. Премьер-министр Маркус Зёдер жаңа өсім бағыттарын іздеуге айрықша мән беретін Бавария Қазақстанмен сан қырлы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол елімізде табысты жұмыс істеп жатқан бавариялық компанияларға көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Бавария Премьер-министрімен қонақжай қазақ жерінде жүздесуді асыға күтетінін айтты.
Келесі кезекте Бавария Ландтагының Төрағасы Ильзе Айгнермен кездескен Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жоғары басшылығымен бір күн бұрын Берлинде жүргізілген келіссөздер табысты әрі нәтижелі сипатта өрбігенін атап өтті. Қазақстан Президенті Баварияның сан қырлы қазақ-герман қарым-қатынасын нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты. «Бавария Қазақстанмен сауда-саттықты жандандыру және байланыстарды дамытуда айрықша рөл атқарады. Германия – еліміздің маңызды серіктесі, Еуропадағы және одан тысқары жерлердегі стратегиялық әріптесі саналады. Өйткені еліңіздің ықпалы мен рөлі, жетістіктері Еуропа аумағынан да алысқа таралған. Біз бұған сенімдіміз. Германия – экономикасы жағынан әлемдегі үшінші ел», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әңгімелесу барысында парламентаралық ықпалдастық мәселелері де қозғалып, мәденигуманит арлық байланыст арды нығайту перспективасы талқыланды. Ильзе Айгнер сапар бағдарламасының тығыздығына қарамастан Бавария Ландтагына келуге уақыт тапқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты. Ландтаг Төрағасының айтуынша, Бавария Қазақстанмен сауда-экономикалық, көлік және инвестициялық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін мұқият зерделейді. Президент пен Ландтаг Төрағасы кездесу соңында Қазақстан мен Бавария арасындағы мазмұнды диалогты кеңейтуге мүдделі екенін растады. Бавария Премьер-министрінің орынбасары
– Экономика, өңірлік даму және энергетика министрімен кездескен Президент әңгімелесу барысында Мюнхенде технологиялық форум өткізуге қолдау көрсеткені үшін Хуберт Айвангерге алғыс айтты.
Кездесуде Қазақстан мен Бавария компаниялары арасындағы тікелей іскерлік байланысты нығайту және технологиялық серіктестікті кеңейту перспективасы талқыланды. Германия аймақтарының арасында Бавария Қазақстанның негізгі экономикалық серіктесі саналатыны аталып өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-саттықты ұлғайту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру бағыттарында әлеует жеткілікті. Хуберт Айвангер Бавария бизнесінің өзара тиімді кооперацияны дамытуға айрықша қызығушылық танытатынын жеткізді. Оның пікірінше, екі ел экономикасының өзара үйлесімділігі – Бавария компаниялары үшін үлкен мүмкіндік. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хуберт Айвангер жоғары технология, өнеркәсіп, энергетика, инновация және өңірлік даму салаларындағы ынтымақтастыққа баса назар аударды. Сонымен қатар Қазақстан мен Бавария ықпалдастығының мазмұнын арттыруға ниетті екенін растады.
«Неміс сапасына сай Қазақстанда жасалған»
Қазақстан Президентінің Германия Федеративтік Республикасына екі күндік ресми сапары бизнес, өнеркәсіп және технология көшбасшыларының басын қосқан «Қазақстан – Бавария» технологиялық форумымен қорытындыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Баварияны технологиялық прогресс пен өнеркәсіптік жетістіктері бай мәдени мұрасымен, берік дәстүрлерімен және жаңашылдық рухымен үйлесім тапқан бірегей өңір деп атады. «Неміс бизнесі елімізде мықты сапасымен, сенімділігімен және технологиялық артықшылығымен жоғары бағаланады. Бүгінде экономикалық байланыстарды тереңдетуге барлық мүмкіндік бар. Бұл ретте Еуропаның жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі, инженерия мен жоғары технологияның орталығы ретінде дүниежүзі мойындаған Баварияның алатын орны ерекше. Біздің азаматтарымыз үшін «Германияда жасалған» деген белгі әрқашан сапа мен сенімділік синонимі саналады. Дәл осы себепті Мюнхенге арнайы келіп, Баварияның саяси басшылығымен және іскерлік орта өкілдерімен тікелей диалог құрғанды жөн деп ұйғардым», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Бавария Германияның федералдық жерлері арасында Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін айтты. Қазақстан бұл аймаққа, негізінен, мұнай, ферроқорытпа, болат, мыс, алюминий, бейорганикалық химиялық заттар, майлы дақылдар, бидай және басқа да тауарлар экспорттайды.
Президент елімізде Баварияның жетекші компаниялары, соның ішінде Siemens, Siemens Energy, Knauf, Horsch және басқа да кәсіпорындары табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, қазақ-герман экономикалық қарым-қатынасының келесі кезеңі озық технологиялармен, жоғары технологиялық өндіріспен және жаңа нарықтарды бірлесе игерумен байланысты болуға тиіс. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бавариялық компания жетекшілеріне елімізде инвесторларға жасалып жатқан қолайлы жағдай, атап айтқанда, Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб пен Астана халықаралық қаржы орталығы туралы кеңінен мағлұмат берді. Содан кейін Президент өзара тиімді серіктестіктің негізгі бағыттарына тоқталды.
«Озық өндірісті дамыту негізгі басымдықтардың бірі болғаны абзал. Қазақстан машина жасау, металлургия, электр техникасы және қосалқы бөлшектер өндірісін дамытуды қолға алды. Әйтсе де еңбек өнімділігін одан әрі арттыру үшін өндірісті автоматтандырып, роботты техника мен озық технологияларды кеңінен пайдалану қажет. Siemens және KUKA секілді компаниялар аталған салаларда көшбасшы саналады. Қазақстанның ірі кәсіпорындары, соның ішінде Qarmet те бар, өнеркәсіп саласындағы тұрақты сұраныс пен сенімді серіктестік байланыстарды қамтамасыз ете алады. Өршіл мақсаттарымызды «Қазақстанда Бавария технологиясы арқылы неміс сапасына сай жасалған» деген қарапайым сөзбен бейнелеуге болады», – деді Мемлекет басшысы.
Президент аса маңызды материалдарды серіктестіктің тағы бір бағыты ретінде атады. Неміс өнеркәсібі маңызды ресурстардың жеткізілу жолдары сенімді және әр тараптан болуына мүдделі. Қазақстан бұл орайда мыс, титан, алюминий, берилий, тантал, ниобий секілді элементтермен ұзақ уақыт бойы қамтамасыз ете алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев микроэлектроника өндірісіндегі ынтымақтастық перспективасына айрықша тоқталды. «Бавария Infineon Technologies, Siltronic, Rohde & Schwarz секілді дүниежүзі мойындаған компанияларды біріктіріп, жартылай өткізгіштер мен микроэлектроника саласында Еуропадағы ең үздік экожүйелердің бірін қалыптастырды. Қазақстанға ауқымды микросхема өндірісінен гөрі отандық өнеркәсіптің дамуына тікелей септігін тигізетін қосылған құны жоғары өнімдер шығарудан бастаған оңтайлы болар еді. Энергетика, тау-кен, металлургия, көлік және өңдеу өнеркәсібі салаларына үлкен қуат ағындарын реттейтін электроникалар, датчиктер, өлшем жүйелері мен автоматтандырылған күрделі басқару жүйесі көбірек қажет. Осы орайда, Bavarian Chips Alliance қатысуымен арнайы серіктестік бағдарламасын іске қосуды ұсынамын. Бағдарлама шеңберінде тиісті қазақстандық компанияларды, ғылыми-зерттеу мекемелерін және даму институттарын бавариялық жартылай өткізгіштер өндірісінің экожүйесімен сабақтастыруға болады», – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, жаңа өндірістердің халықаралық нарыққа шығуы үшін көлік және логистика саласындағы сенімді байланыстар өте маңызды. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бавариялық бизнесмендерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарының бойында өнеркәсіп және логистика хабтарын бірлесе қалыптастыруға шақырды. Бұдан бөлек, Президент Баварияның іскерлік топ өкілдерінің назарын Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніндегі мол әлеуетке аударды. Бавария ауыл шаруашылығына арналған машина жасау, ғылыми негізді егін шаруашылығы, су үнемдейтін технологиялар және тамақ өнеркәсібі салаларында озық құзыретке ие. Осы артықшылықтарды ескере отырып, шағын үлгілі шаруашылықтарды дамытуға қатысты ортақ жобаны іске қосу ұсынылды.
Бұл бастама аясында Еуропа стандарттарына сай жоғары сапалы агроөнімдерді өндіруге және өңдеуге басымдық беріледі. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенде бизнеске, инвестиция мен инновацияға арналған бірегей алаң ретінде Alatau City мегажобасын таныстырды. Бавариялық компаниялар Алатау қаласын инженерлік және сервистік бөлімшелерін орналастыратын, үздік шешімдерді көрсететін, жергілікті серіктес іздеп, инвестициялық жобаларды іске асыратын алаң ретінде қолдана алады. Президент пайымынша, аталған бастамалардың сәтті болуы, сайып келгенде, білікті кадрларға байланысты. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз Бавариядағы кәсіптік білім берудің дуалды жүйесіне қызығушылық танытатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қазақстанда бавариялық ірі өнеркәсіп жобаларын іске асыру кезінде кәсіби даярлық пен инженерлік құзыретті дамытуды ескерген жөн деп санайды. Форумда Қазақстан басшысы сөзін қорыта келе, Алматы қаласында Бавария экономикасының өкілдігін ашуды ұсынды. Аталған мекеме Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда неміс кәсіпорындарының мүддесі үшін жұмыс істей алады.
Сонымен Мемлекет басшысының Германияға екі күндік сапарының ресми бағдарламасын «Қазақстан – Бавария» технологиялық форумы түйіндеді. Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенге неге өзі келгенін «қазақстандықтар үшін «Made in Germany» таңбасы әрқашан сапа мен сенімділіктің нышаны болған» деп түсіндіре кетті. Президент аталған форумда көптеген ұсыныстар жасады: Қазақстан мыс, титан, алюминий, бериллий, тантал және ниобийдің ұзақ мерзімді жеткізушісі болуға дайын. Микроэлектроника саласында істі бірден микросхема өндіруден емес, өнеркәсіпке қазірдің өзінде қажет дүниелерден – күштік электроника, датчиктер мен басқару жүйелерінен бастауды және бұл үшін бавариялық жартылай өткізгіш компаниялардың Bavarian Chips Alliance альянсымен серіктестік бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Сонымен қатар Президент Германияның қаржы институттарымен ынтымақтастықты, сондай-ақ, энергетика мен өнеркәсіпті жаңғыртуды маңызды бағыт ретінде айқындады. Бұл бастамалар Қазақстан экономикасының технологиялық дамуына және жаңа өндірістер қалыптастыруға оң ықпал етеді деп күтілуде. Мемлекет басшысы цифрлық инновациялар мен жасанды интеллект саласындағы қазақ-герман серіктестігін дамытудың маңызына да назар аударды. Жалпы алғанда, Германия сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейіне жол ашты деуге толық негіз бар.
Дайындаған
Жүрсінгүл ЖАҚЫП.
