Құдайы ас — ысыраптың емес, сауаптың жолы

23 Views

Халқымызда өмірден озған марқұмдарды еске алып,
олардың арттарынан сауапты амалдар бағыштауды
ниет етіп, көпшілікті шақырып, түрлі Құдайы астар
ұйымдастырылып жатады. Яғни бір сөзбен айтқанда, бұл
жиын түрі «Құдайы ас», «Құдайы тамақ» деп те аталып
жатады.
Марқұмдардың артынан сауабы баратын амалдар
жайында ғұламаларымыз Құран оқу, дұға, истиғфар,
садақа, бәдәл қажылық сияқты амалдарды жатқызған.
Дінімізде әрбір амалдар анық түсіндірілген. Сондай-ақ,
өмірден озған жақындарымызды, ата-аналарымызды еске
алу тек жылына бір-екі мәрте ғана жайылатын дастархан
кезінде ғана емес, әрқашан еске алып тұруымыз керек.
Біздер, яғни әрбір мұсылман қауымы мынаны білуіміз
керек. Ол Құдайы астағы немесе жәй кездегі жағдайларда
да ысырапшылдықтан аулақ болуымыз керек. Бүгінгі
мақаламыз да Құдайы астардағы ысырапшылдықтың
төңірегінде болмақ.
Жалпы ысырапшылдық – Раббымыздың ұнатпайтын
һәм сүймейтін ісі болып саналады. Өйткені ысырапшылдық
жеке тұлғаға да, әр отбасыларға да, қоғамға да, былайша
айтқанда өз кесірін тарттыратын қатерлі дерт. Алла
Тағала құлдарын кең мейірім, рақымымен сан-алуан
нығметке бөлеген. Ішіп-жеу, киім-кешек, дүние-мүлік
тәріздес нығметтердің барлығы Алла Тағаланың құлына
сыйлаған ерекше сыйы. Ал адамзатқа жүктелген міндет
сол берілген сансыз нығметтерді жөнімен қолданып,
астамшылық танытпай, ысырапшылдыққа жол бермеу.
Себебі берілген дүние-мүлік пәни дүниедегі тіршіліктің
сәні ғана.
Алла Тағала Құранда Ағраф сүресінің 31- ші аятында:
«….Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырап қылмаңдар,
шындығында Алла Тағала ысырап қылушыларды сүймейді»
– деп баяндай келе берілген нығметті қалауымызша
тұтынуымызды, бірақ ысырап жасамауымызды ескертсе,
Пайғамбарымыз с.ғ.с. да өзінің хадисінде:
«Жеңдер, ішіңдер, садақа беріңдер және киініңдер, бірақ
ысырапшылдық пен дандайсуға жол бермеңдер» – дейді.
(Имам Нәсәий риуаяты).
Ислам шариғатында қандай да асты ысырап еткен
берекесіздікке ұшырайды деп түсіндіреді. Қазір елдің
тапқан табысынан береке қашқан заман болды. Өйткені
айнала толы ысырап. Тіпті суды үнемдей білмейтін
адамдарды көріп таң қаласың. Сарылдатып суды босқа
ағызып ыдыс жуады. Нанды тіпті айта алмаймыз. Жұмсақ
нан болмаса жемейтін адамдардың бар екендігін естіп
қалып жатамыз. Қатып қалса тастай салу, қала берсе
қоқысқа лақтыра салу сәнге айналғандай. Нәтижесінде
жоқ, жетпей жатыр деп байбалам салулар басталады. Не
болса да мұның бәрі алдымен адамның өзіне байланысты
болады. Нақты айтар болсақ, қанағатсыз бай мен кербез кедейдің керағарлығы тұрғанда еш береке болмайды.
Дарақылық пен ысырапшылдық адамға жақсылық әкелмейді,
соны білуіміз керек.
Бүгінде қайтқан адамға берілетін Құдайы астар тойдан
кем өтпейтінін тек біз емес, баршаға мәлім. Мұның зияндары
аз айтылып та жүрген жоқ. Өзіміз де көбінесе ел арасында,
түрлі діни рәсімдерде жүргендіктен көптеген олқылықтарды
байқап жатамыз. Олқылық дегенде ысырапшылдықты
айтудамыз. Жөнсіз, бұрыс жерлерін даналықпен қаншама
рет айтуға да тырысып бақсақ та еститін құлақ жоқ
шығар деп қаласың. Біздер мұны қаралы үйлерге жанымыздың
ашығанынан айтамыз. Тіпті қоғамда той мен өлім арасы
бәсекеге түсіп, бірінен-бірі асып түскісі келіп жатыр ма деп
қаласың. Бұл ойымды кейде ас-жиында үлкен қарт кісілер
де қуаттай келе «Аттыға ілесемін деп жаяудың таңы
айырылыпты» деуші еді бұрынғылар деп мақұлдап жатады.
Даңқойлық пен дарақылықтан шығынға батып, қарызға кіру
қазіргі әлемдік қаржы қиындығының заманында көп қазаққа
оңай соғып отырмағанын айту да имамдық борышым деп
санаймын.
Біздердің айтудағы мақсатымыз – шариғат пен дәстүрге
сай келмегендіктен айтамыз. Әр айтар сөзімізді, ақылкеңесімізді Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының
бастамасымен жарық көрген «Ас беру әдебі» кітабына
сүйеніп айтамыз.
Асты ысырап етудің ең азына келер болсақ, ыдыста
немесе қолда қалған тағамның қалдығын (жұғынын) тазалап
жемей, жуып тастауды айтуға болады. Ислам әдебінде бұл
ең аз мөлшердегі ысырап болып саналады. Пайғамбарымыз
с.ғ.с. тағамның қай бөлігінде береке бары белгісіз екенін
айтып, ыдыстың түбінде қалған асты тауысып жеуді және
бұйырған.
Әңгімемізді түйіндей келе айтарымыз, халқымызда «Жан
қайғысы болған үйде, мал қайғысы болмасын» деген нақыл
сөз бар.
Даңғазалықтан арылар сәт келді. Өйткені бұл той емес,
қайғының асы немесе рухани қандай да бір Құдайы ас.
Бірде Пайғамбарымыз с.ғ.с. адамдардың арасынан бір
кісінің суды шашып-төгіп дәрет алып жатқанын байқап,
оған: «Теңіздің жағасында тұрып дәрет алсаң да суды
ысырап етпегін», – деп түсіндірген екен.
Сол үшін де марқұмдар алдындағы «міндетімізді
орындайық» деген ниеттерімізді шариғат пен дәстүріміздің
шеңберінде ысырапшылдыққа жол бермей, рәсуа етпей
орындағанымыз жөн болады. Өйткені ысырапшылдық –
исламға жат нәрсе…
Үмбет САБЫРХАНОВ,
«Әл-Хақ» мешітінің имамы.
Луговой ауылы.

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий