Ботулизмнің алдын алу
30 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
МАЛ ҰРЛЫҒЫНА ТОСҚАУЫЛ ҚОЙЫЛМАҚ
Өткен аптаның соңына қарай аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жиын өтті. Құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында өткізілген жиынға Жамбыл облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ардақ Мадимаров пен бірнеше басқарма қызметкерлері келіп қатысты. Сонымен қатар, маңызды кездесуге аудан басшысы Асқар Қырықбаев пен мекеме және бөлім басшылары, шаруа қожалық жетекшілері мен мектеп директорлары қатысып отырды.
Жиын барысында әуелі аудан әкімі А.Қырықбаев сөз сөйлеп, аудан көлемінде құқықбұзушылық әрекеттерді болдырмау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Одан соң аудандық полиция бөлімінің басшысы, подполковник Досмырза Алашбаев ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды толығымен баяндап берді.
«Мемлекет үшін қоғам қашанда маңызды болып қала бермек. Елбасының сарабдал саясатынан да осыны анық аңғаруға болады. Біз полиция қызметін түбегейлі жақсарту бойынша жұмыстарды бүгіннен бастап кеттік. Қазіргі таңда қолданысқа халықпен жұмыс істеудің жаңа заманауи форматтарын енгізудеміз. Елбасымыз айтқандай, «Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші» деген түсінікті орнықтыру үшін, аянбай қызмет атқарудамыз. Алайда, осы жүйелі жұмыстардың өзі аздық етіп отырған жайы бар. Мәселен, өткен жылы ауданымызда бірнеше құқықбұзушылықтар орын алды. Солардың ішінде мал ұрлығы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осы бір қылмыстың орын алуы мал иесі мен малшы арасында заңды келісім-шарттың болмауынан және төрт түлікке қараушылардың немқұрайлығынан орын алып жатады. Сондықтан да, әрбір азамат өз ісіне жауапкершілікпен қараса, қоғамда мұндай келеңсіздіктер болмайтындығына сенімдімін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғам болып бір кісідей атсалысатын болсақ, оңай жерден олжа тапқысы келетіндердің санын азайтатын едік» деп бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Криминалдық полиция басқармасының бастығы Ардақ Мадимаров ауданға мал ұрлығына байланысты облыстан бір топ полиция қызметкерлері келгендігін айтып, шағымы бар барлық азаматтардың өтініштерін қабылдап, сол бойынша жұмыс жүргізетіндігін жеткізді. Одан бөлек өзінің жұмыс практикасында кездескен жайттарды мысал ретінде айтып, әккі ұрылар мен барымташыларды құрықтаудың жолдарымен бөлісті. Дәл осындай жұмыстар жоспарға сәйкес өткізіліп отыратындығын да тілге тиек етіп, алдағы уақытта осылайша мал ұрлығына тосқауыл қойылатындығын айтты.
Келелі кездесу барысында кәмілетке жасы толмағандар арасындағы құқықбұзушылық, пәтерлерді тонау, оны ашу, алдын алу, қылмыстың себеп- салдарлары бойынша сұрақтар қойылып, нақты жауаптар қайтарылды. Жиын соңына қарай шаруа қожалық басшылары мен жеке шаруаларды, азаматтарды толғандырған сұрақтары бойынша жеке қабылдау жүргізіліп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.