ҚҰЛАНДАҒЫ ескі қоқыс ПОЛИГОНЫ жабылады
БҰҒАН ДЕЙІН БҰЛ ТУРАЛЫ АЗДЫ-КӨПТІ АҚПАРАТ
ТАРАТҚАН ЕДІК. ЕНДІ ОСЫ МӘСЕЛЕНІҢ МӘН-ЖАЙЫНА
ТОЛЫҒЫРАҚ ТОҚТАЛАМЫЗ.
Аудан әкімдігінің бастамасымен
қабылданған шешімге сәйкес, жылдар
бойы тұрмыстық қалдықтар төгілген
полигон өз жұмысын тоқтатпақ. Қазіргі
таңда мұнда аумақты қалпына келтіруге
бағытталған рекультивациялық
жұмыстар жүргізілуде. Басты мақсат
– қоршаған ортаға түсетін салмақты
азайтып, жерді экологиялық талаптарға
сай қалпына келтіру. Осыған сәйкес,
жұмыстар толық аяқталғаннан кейін
мұнда абаттандыру жұмыстары да
қолға алынып, он мыңдаған түп ағаш
отырғызу жоспарлануда. Жақында
аудан әкімі Ернар Есіркепов жауапты
тұлғалармен бірге аталған бағытта
атқарылып жатқан жұмыстармен
танысып, бірқатар басшыларға тиісті
тапсырмалар берді.
«Ал ескі полигон жабылғаннан кейін
қоқыс қайда төгіледі?» деген заңды
сауал туындайтыны белгілі. Бүгінде бұл
мәселе де назардан тыс қалмаған. Оның
орнына жаңа полигон ашу жұмыстары
қолға алынып отыр. Жаңа нысанда
қажетті инфрақұрылым қарастырылып,
су құбыры тартылған. Аумағы толық
қоршалып, электр жарығы жеткізілген.
Сондай-ақ, полигонға дейін арнайы
кірме жол да салынған. Ендігі мақсат –
мұнда барлық санитарлық-экологиялық
талаптарды сақтай отырып, тұрмыстық
қалдықтарды жүйелі түрде орналастыру.
Дегенмен тазалық мәселесін тек
жаңа полигон салумен шешу мүмкін
емес. Бұл жерде тұрғындардың да
жауапкершілігі аса маңызды. Өйткені
қоқыстың барлығы бірдей пайдасыз
қалдық емес. Түсіне білген адамға қағаз,
пластик, шыны және металл секілді
материалдар – қып-қызыл ақша. Оларды
сұрыптап, қайта өңдеуге жіберу арқылы
табыс табуға болатынын түсінетін
күн жетті. Сондықтан тұрғындар
да қалдықтарды бей-берекет тастай
бермей, сұрыптауды күнделікті дағдыға
айналдыруы қажет деп есептейміз.
Өйткені бұл – баршамызға ортақ
жауапкершілік.
Жәнібек Сұлтан.
