ЖАНДАРЫ ЖАЙСАҢ ЖАНДАР
«Жақсының жақсылығын айт,
нұры тасысын» деген дана сөз бар
халқымызда. Бұл Ұлы даланың
ұлылығын бойына сіңірген ата-
бабаларымыздың ғасырлар
бойғы өмір тәжірибесінен алған
ой тұжырымы ғой деп ойлаймын.
Осынау ұлағатқа толы сөз
тіркестеріне құрылған нақыл менің
құда-құдағиларым Сахан мен
Нұрилаға арнайы айтылғандай
болып көрінеді кейде маған.
Ондаған жылдар бойы құдандалы
болып, бір көшенің бойында тонның
ішкі бауындай сыйласып жүрген
жандары жайсаң жандар туралы
жүрегімнің түкпірінде жатқан жылы
сөздерді айтуды Сахан құдамның
75 жылдық мерейтойы қарсаңында
өзіме парыз санадым. Олардың жүріп
өткен қарапайым ғана өмір жолдары,
адамгершілік қасиеттері мен пайым
түсініктері және отбасылық өмірдегі
өнегелері өзгелерге әсіресе жас ұрпаққа
үлгі болары кәміл.
Бүгінде 75-тің асқарына шығып
отырған ағайын-туысқа қадірлі, дос
жаранға құрметті, жүрегі дархан, кең-
пейіл Сахан Айтқұлұлы Үрпеев өмір
бойы қарапайым еңбек етті. 1950 жылы
Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген
ол Алатаудың саф ауасымен тыныстап
еркін өсті. Барлық ауыл балалары
секілді еңбекқор болды. Қозы бақты,
қой бақты. Сүйретпемен су тасыды.
Қолына шалғы алып шөп орды. Қысқы
мал азығына деп сабан да жинады. Міне,
осылай жастайынан еңбекке шынығып
өскен оған 3 жыл бойы әскери-теңіз
флотында борышын өтеу аса қиынға
соққан жоқ.
Әскер қатарынан оралған соң
Алматы қаласындағы Құрылыс
техникумына түсіп, оны 1974 жылы
үздік бітірді. Алғашқы еңбек жолын
құрылысшы болып бастады. Еңбекке
икемді жас жігіт 1979 жылы аудандық
газ шаруашылығы мекемесіне бас
инженер болып тағайындалды. Осы
жерде білікті маманның іскерлігі
мен ұйымдастырушылық қабілеті,
қарапайымдылығы мен шынайы
адамгершілік қасиеттері байқалды.
Көп ұзамай көпшілікке қадірлі
инженер сол мекеменің басшысы болып
тағайындалды. Ол бұл жауапты қызметті
зейнетке шыққанға дейін мінсіз атқарды.
«Терек – бір жерден көгереді» деген осы
болса керек. Ал, Сахан құдамның жан
жары, бір үйдің түтінін түзу шығарып
отырған отанасы, сүйікті құдағиымның
еңбек кітапшасында бір ғана жазу бар.
1968 жылы Луговой ауылындағы орта
мектепті үздік бітірген өрімдей ісмер
қыз сол жылы аудан орталығындағы
тоқыма фабрикасына тігінші болып
жұмысқа қабылданып, осы жерден
зейнетке шықты. Не деген керемет.
Өзінің ұнатқан кәсібіне деген шынайы
сүйіспеншілігінің нағыз көрінісі осы
болар, сірә.
Нұрила Ахметқызының ұзақ еңбек
жолы жеміске толы болды. Сол жерде
жүріп Кеңес Одағының кезіндегі
тәртіппен коммунист атанды, қоғамдық
негізде фабриканың партия ұйымына
жетекшілік етті. Белсенді қыз 1976
жылы аудандық партия комитетінің
бюро мүшесі болып сайланды. Бұл
қатардағы еңбек адамдары ішінен
әркімнің қолы жете бермейтін биіктік
еді.
«Ұяда не көрсең – ұшқанда соны
ілерсің» деген сөз бар халқымызда.
Осы тұрғыдан алып қарағанда үлгілі
отбасынан тәлім-тәрбие алған ұл-
қыздары да имандылық қасиеттерді
бойларына дарытып өскен, ұлттық рухта
бой түзеген үлгілі жандар. Менің келінім
де үлкеннің алдын кесіп өтпейтін
ибалы да өнегелі жан. Бүгінде бір ұл,
үш қыздан 13 немере, 3 шөбере сүйіп,
солардың қызығына кенеліп отырған 75-
тің асқарына шыққан асыл құдам Сахан
мен құдағиым Нұрила міне, осындай
жандар.
Сейіткерім ОҢАЛБЕКОВ.
Құлан ауылы.
