АУЫСПАЛЫ КУБОКТЫҢ ИЕГЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

967 Views

АУЫСПАЛЫ КУБОКТЫҢ ИЕГЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Жақында №5 шағын орталықты орта мектептің спорт залында Көгершін ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасында кіші футболдан аудандық жарыс өтті. Жарыстың ашылу рәсімінде Көгершін ауылдық округінің әкімі Абай Төреқұлов сөз сөйлеп, аталмыш доданың негізгі мақсатына тоқталды. Содан соң, жарысқа қатысуға тіркелген 10 команда екі топқа бөлініп, доданың көркін қыздырды.

Осылайша, өз топтарынан іркілмей өткен 4 команда анықталды. Олар: аудан әкімдігінің бөлімдері, Өрнек және Қайыңды ауылдық округі (Қайыңды, Ақыртөбе, Тереңөзек ауылдық округі әкімшіліктерінен құралған қоманда осылай аталды ) мен жастар ресурстық орталығының қызметкерлері. Жартылай финалда өрнектіктер аудан әкімдігінің бөлімдерінен құралған жігіттерге есе жіберсе, қайыңдылықтар жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінен ұтылып қалды. Жүлделі III орын үшін болған ойында жігерлілік таныта білген өрнектіктер қарсыластарын қапы қалдырып, қола медальға ие болды. Ал финал өте тартысқа толы болды деуге толық негіз бар. Санаулы секундтар қалған сәтте Ерболат Жәдік есеп ашып, жастар ресурстық орталығын алға жетеледі. Ерболат соққан «гол» матч соңына дейін сақталды. Осылайша, Көгершін ауылдық округі әкімшілігінің жылжымалы кубогын аудандық жастар ресурстық орталығының командасы жеңіп алды. Алдағы уақытта бұл жарыс өз жалғасын табатын болады.

Марат ДИХАНБАЙ.

Поделиться ссылкой: