665 Views
ЕДІЛБЕКТІҢ ЕНШІСІНДЕ II ОРЫН
№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бокс жаттықтырушысы болып еңбек ететін Еділбек Тайлақов 2018 жыл өзі үшін табысты болғанын айтады. Ол ит жылы Бішкек қаласында өткен 42 шақырымдық марафон жарысында жүлделі III орынды иеленді. Бұдан соң, Шымкент қалалық денешынықтыру басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Шымкент марафон 2018» атты жарыста тағы да үздік үштікке енді.
Жақында Қарағанды қаласында ө т к е н х а л ы қ а р а л ы қ « I X ULTRAMARATHON» жарысында Еділбек Тайлақов жүлделі II орынға ие болды. Осылайша, Жаңа жылды бокс жаттықтырушысы жарқын жетістікпен бастап отыр. Қарағандыдағы доданың қалай өткендігі турасында Еділбектен блиц-сауал алған едік. Жауабы төмендегідей.
-Мен аталмыш жарыста 18 бен 45 жас аралығындағы категорияда бақ сынадым. Бұл додаға Қазақстанның барлық аймақтарынан марафоншылар келіп қатысты. Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды дей аламын. 31 адам қатыстық. 100 шақырымды 12 сағатта жүгіріп өттім. 2018 жылдың желтоқсан айында Астана қаласында өткен қыстық марафон жарысында сәттілік жолдас болмап еді. Спортта барлығы алма кезек қой. Ең бастысы, Жаңа жылды сәтті бастадық. Алда жеңісті күндер көп болады деген ойдамын,-дейді бокс жаттықтырушысы. Жалпы, былтыр өзі қатысқан сегіз доданың бесеуінде жүлдегерлер тізіміне енген Еділбек Тайлақовтың табандылығына қол соқпасқа амал жоқ. Қайсарлық деген осы емес пе?..
ЖЕЛАЯҚ БОЙЖЕТКЕН
Жуырда ел аумағындағы ірі мегаполистердің біріне баланатын Шымкент шаһарында жеңіл атлетикадан республикалық жарыс болып өтті. Айта кетейік, мұнда жүлдеге іліккендер таяуда Өскемен қаласында өтетін ел чемпионатына қатысу құқығын иеленеді. Сондықтан болар, Шымкенттегі бәсекеге жасөспірімдер арасында жүзден жүйрік атанып жүрген мықтылар қатысты. Солардың қатарында Қарақыстақ ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Елена Хуголь де бар.
Өткен жылы Алматыда ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті -Елбасы тестілерінде барлық қарсыластарын басып озған Лена Шымкенттегі бәсекеден де олжамен оралып отыр. Алматыда 60 метр қашықтықта алдына жан салмаған Елена Шымкентте тұғырдың екінші сатысынан қол бұлғады. Яғни, жарыстың II орын жүлдегері атанды. Ал 200 метр қашықтыққа жүгіру сынында Лена үздік үштіктің қатарынан көрінді. Осы жүлдесі Елена Хугольге жақын күндері өтетін ел чемпионатында бақ сынауға мүмкіндік береді. Ал ел біріншілігінде жүлде алып жатса, Азия чемпионатына қатысуға жолдама еншілейді. Ленаға сәттілік жолдас болсын дейміз.
Тақырыпқа орай: 7-сыныптан бастап жеңіл атлетикамен айналысатын Елена Хуголь 2017 жылы облыстық «Ауыл ойындары» спартакиадасында ұзындыққа секіруден, сондай-ақ, жүгірудің 100 және эстафеталық кезеңінде қомандаластарымен бірге топ жарып, жарыс жеңімпазы атанған. Былтыр Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында жүгіруден Сеул олимпиадасының чемпионы Мария Пинигинаның есімін жастарға насихаттау мақсатында өткен халықаралық жарыста 200 және 400 метр қашықтықта күміс медаль жеңіп алған. «Тұрар Рысқұлов ауданына – 80» жыл атты мерекелік медальдің иегері.
Марат ДИХАНБАЙ.
Поделиться ссылкой: