Болашағымызды айқындайтын бастамалар

25 Views

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады.

Бұл – еліміздің жаңа дәуірдегі даму бағдарын айқындайтын бағдарламалық құжат. Президент Жолдауының жаңа Конституция қабылданып, саяси жүйе тұ­та­сымен жаңғыртылғаннан кейінгі алғашқы Жолдау екенін ескерсек, оның тарихи мән-маңызы мен жауапкершілігі де арта түседі.

Мемлекет басшысы жаңа саяси институттардың алдына нақты міндет қойып отыр. Ол – қолға алынған реформалардың сапалы, мүлтіксіз жүзеге асырылуын қамтамасыз ету.

Президентіміздің басты назарында үнемі адам, азаматтардың әл-ауқаты мен өңірлерді дамыту мәселелері тұрады. Бұл жолы да әрбір қазақстандық Жолдаудан өзі үшін ең өзекті шешімдерді таба алады. Ең бастысы, Жолдау еліміздің игілігі жолында барлық мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың жүйелі әрі қарқынды жұмыс істеуіне тың серпін береді.

Президент халыққа Жол­дауында ұзақ уақыт бойы ше­шімін таппай келген түйткілді мәселелерді ашық көтеріп, оларға нақты жауап берді. Бұл еліміздің алдағы ұзақ жылдарға арналған табысты әрі орнықты дамуына берік негіз болары сөзсіз. Құрылтайдағы барлық фракцияның пікірі де осыған тоғысады.

Құрылтай депутаттары Жолдаудағы бастамаларды бір ауыздан қолдап, Президент реформаларының өміршеңдігі мен дер кезінде қолға алынғанын ерекше атап өтті. Өз кезегінде депутаттық корпус Мемлекет басшысының барлық тапсырмасын сапалы әрі уақтылы орындау үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын. Соның ішінде Жолдаудың мән-мазмұнын қоғамға кеңінен түсіндіруге және оны іске асыру үшін азаматтарды ортақ мақ­сат­тарға жұмылдыруға айрықша назар аударылатын болады.

Шын мәнінде бұл Жолдаудың маңызы зор, ерекше миссияға ие деуге болады. Қазірдің өзінде біз жаңа азаматтық инфрақұрылым жасап жатырмыз, құрылыс қар­қыны еліміздің барлық өңірін қамтиды. Президентіміз айт­қандай, Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналады. Осыған орай, Мемлекет басшысы келесі жылды «Жалпыхалық­тық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады.

Мұнымен қоса, еліміз ха­лық­тық цифрлық экономика құруға мақсатты түрде батыл қадам жасап отыр.

Жоғарыдағы мақсат-мін­дет­тер депутаттық корпусқа да зор жауапкершілік жүктейді. Құрылтай депутаттары Прези­дент ұсынған ауқымды өзгеріс­терді жүзеге асырудың алдыңғы шебінде болуға тиіс. Осы орай­да, біз Президент бастамала­рын заңнамалық тұрғыда сүйе­­мел­деуді жан-жақты қамтамасыз етеміз.

Мемлекет басшысы Ұлттық қордың ресурсын жинақтау мен оны пайдалануда теңгерімді сақтап, қаражатты тек қоғамға барынша пайдалы дүниеге ғана жаратуды тапсырды. Бұл мәселе Құрылтай депутаттарының нақты бақылауында болады.

Жолдауда логистика инфра­құ­рылымын дамытуға айрықша мән берілді. Қазақстанның бар­лық аймағын байланыстырып, еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін заманауи теміржол мен көлік жолдарының тұтас желісін құруды тапсырды. Бұл – стратегиялық міндет. Құрылтайдың Өңірлік және инфрақұрылымдық даму ко­митеті осы бастаманың сапалы әрі уақтылы орындалуына барынша атсалысады.

Келесі маңызды бағыт – энергетика. Бұл сала да еліміздің бәсекеге қабілетін, экономикалық дербестігін қамтамасыз ететін маңызды бағыт. Президент 2029 жылға қарай қуат көзін арты­ғымен өндіретіндей деңгейге қол жеткізу міндетін қойды. Қол­да­ныстағы электр стансаларын жаңғыртумен қатар, жаңа, ба­ламалы қуат көздерін де салуға тоқталды. Депутаттық кор­пус бұл бағыттағы шараларды да заңнамалық тұрғыдан қамта­масыз етуге күш салатын болады.

Ауыл шаруашылығы – елі­міздегі негізгі саланың бірі. Жолдауда бұл бағытқа да ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын одан әрі қарқынды дамытуға, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісіне мән беруге баса назар аударды. Біз осы міндетті Үкіметпен бірлесе отырып іске асырамыз.

Жаңадан бой көтеретін Ала­тау қаласы еліміздің дамуына тың серпін береді. Ол инвестиция салуға және кәсіпкерліктің қанат жаюына тартымды болуға тиіс. Бұл үшін түсінікті заңнамалық тірек пен тиімді сот жүйесі қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға тиісті түзетулер енгізуді тапсырды. Құрылтай депутаттары Үкіметпен бірлесіп, қысқа уақыт ішінде аталған түзетулерді енгізеді.

Шағын және орта бизнес – ел экономикасының қозғаушы күші. Мемлекет басшысы ша­ғын және орта бизнесті мем­ле­кеттік органдардың және ква­зи­мемлекеттік компаниялардың тапсырыстарын сатып алуға тарту тәсілдерін жетілдіруді ұсын­ды. Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірігіп, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш жылдық мораторий енгізуді қарастыруды жүктеді. Осы ретте, Құрылтайдың құзырлы комитеттері алдыңғы мораторийдің оң және теріс жақтарын жан-жақты саралап, тиісті шешім ұсынады.

Банк саласы – экономиканың күретамыры. Жасанды интел­лектіге негізделген цифрлық экономика құруда да осы саланың рөлі ерекше. Сонымен қоса, бұл секторда экономиканың негізгі салаларына ұзақмерзімді несиелер беру ісін күшейту маңызды. Әсіресе капитал нарығының мүмкіндіктерін кеңейтудің мәні зор. Мемлекет басшысы осы бағыттың тиімділігін арттыратын нақты тетіктерді әзірленіп жатқан «Капитал нарығы туралы» заңға енгізуді тапсырды.

Сондай-ақ Жолдауда Құ­рыл­тайға Үкіметпен бірлесіп Салық кодексін жетілдіру туралы ұсыныс енгізу жүктелді. Бұл ретте, салық жүйесінің цифрлық технологиялар негізінде ашықтығы, әділдігі, қайшылықтарын түзету мәселелеріне ерекше мән берген жөн. Бұдан бөлек, бюджет заңнамасын жетілдіру қажет. Сол арқылы мемлекет қара­жа­тын тиімді пайдалану, қазына қаржысын жоспарлау және басқару сапасын одан әрі арттыру міндеті тұр.

Келесі міндет – жаңа Азамат­тық кодексті қабылдау. Қолда­ныстағы Азаматтық кодекс өзінің тарихи миссиясын толық атқарды. Ол нарықтық экономиканың негізгі институттарын құруға жол ашты, меншік қағидаттарын бекітіп, кәсіпкерліктің қанат жаюына жағдай жасады. Жаңа Азаматтық кодекс кәсіп­кер­лердің, инвесторлардың және азаматтардың тиімді жұмыс жүр­гізуі үшін құқықтық тұрақ­тылықты қамтамасыз етуге мүм­кіндік беруге тиіс.

Мемлекет басшысының әлеуметтік қолдау бағытындағы тапсырмаларын орындау мақ­сатында инклюзивті білім беру, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру, жалақы­ларының көлемін ұлғайту шара­лары қолға алынады. Педагог­тердің абырой-беделін қорғауға барынша мән беріледі.

Кеше Мемлекет басшысы қазіргі әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық ахуалды ескере отырып, өте маңызды шешім қабылдады. Келесі жылдан бастап ең төмен­гі жалақы көлемі 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін көтеріледі.

Бұл – азаматтардың табысын арттыруға бағытталған игі әлеуметтік шара. Осы қадам арқылы Президент өзі үшін халық­тың жағдайы бірінші кезекте тұратынын тағы да көрсетіп отыр. Аталған қадам жалақысы төмен азаматтарға үлкен қолдау болады, олардың отбасылық бюд­жетін жоспарлауына қолайлы жағдай жасайды.

Президентіміз өз Жолдауын­да мемлекеттік институттарды, тұтас қоғамды келешек үшін жұмыс істеуге шақырып отыр. Мем­лекет басшысы ұзақмерзімді даму басымдықтары қамтылатын құжатты әзірлеуді тапсырды.

Бұдан әрі Құрылтай Үкімет­пен бірлесіп, заң жобалары бо­йынша жұмыстың нақты жос­парын жасап, әр заң бойынша нақты мерзімдер белгілейді. Жаңа заңдардағы әрбір норма Пре­зидент қойған міндеттерді нақты шешуге бағытталатын бо­лады. Заңнамалық бастамаларымызды толыққанды пайдаланамыз.

Біз Жолдауда көтерілген мәсе­лелер бойынша тиісті шешім­дер ұсынамыз. Ол үшін Құрылтай жаңа заң жобаларын кәсіби тұрғыдан талқылайтын пәрменді диалог алаңына айналуға тиіс. Бұл ретте Құрылтай жанында­ғы Қоғамдық палатаға ерекше жауапкершілік жүктеледі.

Құрылтай құрамында бес сая­си партияның өкілдері, түрлі салада кәсіби тәжірибе жи­нақтаған азаматтар бар. Ара­мызда креа­тивті жастар, кәсіп­керлер, заң­гер­лер мен экономис­тер де аз емес. Сондықтан депутат­тар Жолдауды түсіндіріп, наси­хат­таудың негізгі қозғаушы күші болуға тиіс.

Жақын арада депутаттар тобы осы мақсатпен өңірлерге шығады. Еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, жастармен, кәсіпкерлермен және ауыл шаруашылығы саласының өкіл­дерімен пікір алмасамыз.

Баршамыздың ортақ мін­детіміз – Президент Жолдауын азаматтарға егжей-тегжей түсін­діру ғана емес, онда көрсетілген мақсат-міндеттердің төңірегіне қоғамды ұйыстыру.

Президент алдымызға мемлекетті дамытып, қоғамды жаңғырту бағытында нақты, стратегиялық міндеттер қойды. Енді оларды жүзеге асыруға бүгіннен бастап, жедел, кідіріссіз кірісуіміз қажет. Бұл бәрімізден жоғары жауапкершілік пен үйлесімді жұмысты талап етеді.

 

Айбек ДӘДЕБАЙ,

Құрылтай төрағасы.

 

Поделиться ссылкой:

Добавить комментарий