Ұлт пен ұлтты жалғаған…

829 Views

Ұлт пен ұлтты жалғаған…

 Аудандық этномәдени бірлестігі, қарашай этнографиялық «Эльбурс» ән-би ансамблінің мүшесі Абдулла Исмаилұлы Байрамуков 1998 жылы дүниеге келген. Ол өз ұлтымен бірге, қазақ халқының ұлттық дәстүрін дәріптеп келеді. Той-мерекелерді жүргізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрлерінен үзінді келтіріп, сахналық қойылымдарда ойнайды. Еркін күрестен аудандық, облыстық, халықаралық байқауларда бақ сынап жүрген жас спортшы «Термуха» шаруа қожалығының жұмысын да қатар атқаруда. Ол басқаратын шаруа қожалығының өнімдері де сапалы. Ірі қараның сүтінен құрт, май, ірімшік секілді қазақтың ұлттық тағамдарын даярлап, сауда ісімен де айналысып отыр. Олардың мерекелік кештерде, той-томалақта киетін ұлттық киімдерін де анасы өз қолымен тігеді. Қарашай ұлтының ғана емес, қазақтың ұлттық киімдерін тігіп, қыз ұзату, тұсаукесер сияқты тойларда ұлттық дәстүрімізді насихаттауда отбасымен бірге өз үлесін қосып келеді. Абдулла ұлты басқа болса да, қазақтың тілі мен дәстүрін бір кісідей меңгерген. Осынау киелі Құлан жерінде дүниеге келіп, қазақтай қонақжай халықтың ортасында өскендіктен болар, қазақтың өнерін, қазақтың салтын ерекше құрмет тұтады.

Қазақ қашан да бауырмал, бейбіт өмірді, ынтымақты сүйетін халық. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт бейбітшілікте өмір сүріп келеді. Басқасын былай қойғанда, өзіміздің ауданымыздың өзінде де бірнеше этномәдени орталықтар бар. Өзге ұлт деп шетке итермей, бауырым деп құшағын жайған дархан халқымыз барлық ұлт өкілдерімен мәмілеге келіп, ұлттар күні мерекелерінде өз ұлтының салт-дәстүрін көрсетуге жағдай жасап отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жастарға ерекше көңіл бөліп, жас кәсіпкерлерді қолдап, жастар саясатын басты орынға қоятындығы, қазақтай көңілі дархан, бауырмал халықтың арасында өскендігі үшін Абдулла өз ризашылығын білдіреді. Ол аудандық этномәдени орталықтың, мәдениет және тілдерді дамыту орталығының бірнеше алғыс хаттарына да ие болды. Әкесі қарашай ұлтының өкілі болса, анасы қазақ қызы. Бәлкім, сондықтан болар, ол екі ұлттың да тілі мен дәстүрін қатар меңгерген.

Салтанат ҚАРАСАЕВА.

Поделиться ссылкой: